Денсаулық
Менің өмірімнен
Жазым болса, аяқ астынан. Сап-сау жүрген қайран басым, мен бір күні жөткірінсем қан түкіретін болдым. Алғашында тісім қанады ма, әлде бір қан түстес бірдеңе жеген шығармын деп жүрдім. Сосын тамағымда бір бүртік сияқты бір нәрсе пайда болғанын сезіндім. Тамақтансам, жұтынсам жаңағы бүртік әбден кедергі жасайды.
Сонымен аудандық ауруханаға, емханаға бардым. Ауызымды ашып, ары-бері тексерген құлақ, өңеш, мұрын тексеретін дәрігер, бір дәрі жазып берді. "Үш күн ішіңіз, сосын келіңіз" деді. Нәтиже жоқ. Тамақ сол қалпында. "Енді үш жылдық алоэ өсімдігінің шырынын, сықпа суын бес күн ішіңіз"- деді дәрігер. Бес күн іштім, нәтиже жоқ. Дәрігердің амалы таусылып, мені қалаға онкологиялық ауруханаға жолдама беріп, сонда жұмсады.
Онда да, ары-бері тексеріп, "көмекейде ісік бар" деп диагноз қойып, ауруханаға жатқызып, ота жасайтын болды. Бірақ ол үшін мен облыстық ауруханадан квота алуым керек екен. Алдым. Сосын бүкіл анализ, тексеруден өтіп, ота жасайтын күн белгіленіп, соны күтіп жаттым.
Ота жасалар алдында емдеуші дәрігер белгіленіп, ол да менің аузымды ашып, тексеріп, өзім сөйлей алмай жатсам, былай деп сұрайды ғой. Емдеуші дәрігер жас келіншек:
- Жағдайың бар ма? Маған 15 мың теңге беруің керек. Солай, - дейді.
Өзің "халім не болады?" деп жатқанда, лажсыз көнеді екенсің. Менімен бірге бір Тараздың жігіті жатты. Сол айтады: "Мына Атырау, Ақтаудың адамдары мұнайлы өлкеден болған соң ба, ақшалары көп қой деймін, хирургке 150-200 мың теңгеден беріп, одан былай ресторан, кафеге отырғызып, коньяк, виноларын әкеліп, бағаны мүлдем көтеріп жіберді. Бізде Тараз жақта айлық 60-70 мың теңге. Біз немізді береміз?" деп мұңын шағады.
Шынында Ақтау, Атыраудан, Семейден келіп жатқандар көп. Тағы бір ұлты бөлек бір әйел профессор ма, академик пе, ауруының жөнін сұрап келгендермен, әсіресе, қазақтармен өте дөрекі сөйлеседі. Бірде ол адам жайлы теледидардан да көрсетті. Шамасы, кім ақша көп берсе, солармен ғана жылы сөйлесетін шығар. Ондай адамдарды егер менің құзырым болса, атақ, лауазымынан түгел айырып, қанша білгір болса да, келген жағына қайта айдап жіберер едім. Амалым не, ондай құзырым жоқ.
Ал енді, сол өлем бе, тірі қалам ба деп жатқан науқастардың жатқан жеріне қарама-қарсы жақ бетте, Орталық стадион орналасқан. Сол стадион алдында, түнімен бай-бағланның балалары жап-жаңа көліктерімен жарыс ұйымдастырады. Арр-дырр-дырр еткен көлік үнінен дұрыс ұйықтап көріңіз. "Қой!" деп тоқтатып, қуып жатқан полиция көрмедік. Митингке шыққандарды қуғанша, соларды қумай ма, бес қаруын сайланып! Менің құзырым болса, мен мұндайларды тік тұрғызып қойып атар едім. Амалым не, құзырыс жоқ. Ал құзыры барларәдейі істейтіндей көрінеді маған. Өйткені, өздері де сол топтан ба деп ойдап қоям.
Жемқорлық жайлаған ел, қоғам. Белгілі бір фильмде, орысша "Эту страну погубит коррупция!» деуші ме еді? Солай болмаса екен, әйтеуір....