Авторлық ертегі

Неге оралмадың, Әке?

Әңгіме

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

- Әкем қашып кетпеді ме екен?

Демалып жатқан мидың дем алмайтын бөлігінен жанартаудай бұлқынған ой ұйықтап жатқан жерінен ток соққандай атып тұрғызды. Ұйқылы-ояу күйде әкесі жатқан жаққа көз салды, дем алғаны ғана білініп ұйықтап жатыр. – Уһ,- деп бір күрсініп алып, қайта орнына жатып еді, торда қамалған құстай жамыраған ойлардың құрсауында қалып қойды. Ұйқының қайда кеткені белгісіз? Өз ісінің дұрыс немесе қате екеніне күмәнданған емес, бірақ осылай істеу қажет екендігін сезінеді. 

Артынан іздеп келген НКВД қызметкерінен жалынып-жалпайып:

-Жуындырып, үсті-басын тазалап, ертең Егіндібұлаққа жеткізіп саламын, - деп  бір күнге сұрап алып қалған. 

Жылап-сықтап жүріп әрең дегенде қолхат жазып беріп келіскен. Осындай сәтті пайдаланып қашып кетер ме екен деген ой да санасының бір түкпіріне мекендеп алыпты. Бұл әкесіне сенбегендігі емес, жауапкершілік пен Отанға адалдық. Әкесінің кінәсіздігін біледі. Колхоз председателін де кінәламақ емес. Олар да шарасыздықтан, адам қолы әсіресе ер адам жетіспегендіктен, Балқашқа кету керек болған әкесін алып қалған. Кеше үйге келіп кешірім сұрап, қоштасып шыққан. Ал бәріне кінәлі аты өшкір – сұм соғыс.

Әке... Ислам дінімен бірге енген дәстүр болса да тақ санды қасиет санау қазақтың қанына сіңген. Қарап отырса жаныңа жақын адамдардың жалпы атауы үш әріптен тұрады екен. Әке, ана, ата, әже, дос. Қасиетті атаулардың қасиеттілігін білдіріп тұрғандай! Әкесі аздаған сауаты бар адам. Молданың алдын көрген. Арғы-бергіні, шежірені жетік меңгерген. Газет-журналдарды құр жібермей оқитын. Білімдар болса да көп ашылып сөйлемейтін, реті келген жерде бір-ақ ауыз сөзбен түйіндей салатын. Түсінген адам әрі қарай сөйлеудің қажеті жоқ екенін ұғатын. Бірақ шешендігін, білімділігін момындығы мен тұйықтығы көрсетпей тастайтын. Әкесі екеуінің арасы қаншалықты жақын болса, соншалықты алыс. Мүмкін қасында көп бола алмағандықтан шығар?! Әкесін қаншалық жақсы көрсе де, жаңа заманның кейбір талаптарын, іс-әрекеттерін қабылдай алмайтындығын байқап қалатын. Әлі есінде Қарқаралыдағы оқуындағы демалысынан келгенде адамның маймылдан жаратылғандығы туралы әкесімен дауласып қалған. Сонда;

- Ендеше неге қазіргі маймылдар адамға айналып кетпей жүр? - дегенде жауап таба алмаған.

- Мүмкін айналып жатқан шығар, - деп көріп еді, әкесі қолындағы газетті көрсетіп:

- Онда ол туралы сүйіншісін сұрап тұрып жазар еді.

Бұл үнсіз қалған. Сәл үнсіздіктен кейін:

- Егер ол туралы жаза қалса сүйіншіңді менен аласың, - деп әзілдеген.

Неге екені белгісіз ашаршылықта ажырап қалып қайта табысқаннан кейін, әр түрлі мәселелер жөнінде дауласуды да, шариғат, әдеп, шежіре туралы ара-тұра айтып қалатын әңгімелерін де айтуды да қойған. Бір жағынан бұл оқуда жүріп тек жазғы демалыста ғана келетін. «Халық жаулары» мен «жапон тыңшылары» ұсталып жатқан тұста тіпті тұйықтала түсті. Әсіресе, Ахаң ұсталыпты дегенді естігенде, кімді балағаттағаны белгісіз.

- Оңбағандар, - деп ашу шақырған. 

Оны қайта өзінен басқа ешкім көрген жоқ. Әйтпесе жоғары жаққа жеткізіп барса не болатыны белгісіз?! Бірақ қорқатын түк те жоқ, қызыл әскердің әділдігіне, әкесінің адалдығына сенеді. Тек түсінбегені әкесі кімге ашуланды екен? Халық жауына ма? Ол кісінің өлеңдерімен мақалаларын тамсанып оқып жүретін, жау болып шыққанына басында өзі де таңғалып, коммунистік идеяға сенетіндіктен күмәнсіз солай қабылдаған. Әкесінің халық жауларының бірі болып шықпағанына, өзінің кедей отбасынан шыққанына қуанатын. Енді міне ат арып, тулақ болған, ер азып аруаққа айналған, әйел, бала-шаға тозып үкімет айдаған қаңбаққа ұқсап еңбекке жегілген, бәрі де соғыс үшін деп жанталасқан  аласапыран тұста кінәлі болып қалғаны.

Қазақстанда төте жазудың орнына латын әліпбиі енгізілген тұста әкесіне ұстаздық еткені бар. Керісінше әкесі жазу-сызуды үйреткен алғашқы ұстазы еді. Сол уақыттарда;

- Ұстаздан шәкірт озды, - деп маңдайынан сүйіп, бауырына қысқан. 

Өткен күндерде әкесіне еркелеген сәттерінің аз екендігі есіне түсті. Есесіне, қыз балаға оқып не керек деген туған-туыстарын тиып тастағанына, кешегі қарақшының ұрпағы, бүгінгі атқа мінер  шолақ белсенді өзіне құда түсіп келгенде: жаңа заманның заңын білмейсің бе? Кімге күйеуге тиерін қызым өзі шешеді деп қуып шыққанына риза. Сол шолақ белсенді халық жауы боп айдалып кеткенде тағы қуанған.

Әредік әкем мені түсінбейді-ау деген ой келеді санасына. Сонда жоғарыдағы оқиғаларды ескеріп райынан қайтатын. Елде болып жатқан әртүрлі жаңалықтар, коммунизмнің жарқын болашағы туралы әңгімелерін айтқанда ықылассыз тыңдайтынын байқайтын да тағы сол ойға берілетін. Қарсы ма?- деп ойлайтын. Кейде өзі де өкіметтің кейбір істеріне қарсы болып, күмәндана қарайтын. Сыртқа шығарған емес. Әрбір істің ақтауы болғаннан кейін үнсіз қалатын. Бірақ сол кезеңдерде жазықсыз адамдардың айыпты боп кеткені жанына батады. Әсіресе Ақайдың Қасені осы өңірдегі оқу-білімнің аса үлкен жанашыры, адал да, жомарт адам еді. Өз қаржысына мектеп ашып, жақсы оқығандарын Петерборға, Мәскеуге жіберетін. Халықтың қамын ойлайтын адам-тын. Кәмпескеге ілінді де, айдалып кетті. Көңілінде қалып қойса да, қазір оны ойлайтын шама қайда?

Әкесі жатқан жаққа көз тігіп, ойланып жатып ұйықтап кетіпті.

***

Қызының өзін бақылап жатқанын, күдіктенетінін сезіп жатыр. Іші алай-түлей өртеніп,удай ашиды. Туған қызың өзіңе сенбесе заманыңның қай оңғаны бұл? Ендігі тағдыры қалай болады? Туған топырақты соңғы рет көріп тұрғаны осы болуы да мүмкін? Таудан соққан самал жел базарлық қып ала келген жусан аралас бүлдірген иісін құшырлана иіскеді. Өткен өмірі үзік-үзік кинолентадай көз алдынан өтуде. Жан-жағын жалмаған жалмауыздай  құртып тынады-ау бұлар қазақты. Молдалардың айта беретін Иәжуж-Мәжужі ме дерсің?! Кәмпескемен бір, аштықпен екі, оқыған-тоқығандарды қудалап үш, енді міне соғыс деп төртінші рет қырылу үстіндеміз. Кеңес өкіметі дейді ғой? Кіммен кеңесіпті солар? Қанында еркіндік әуені ойнаған қазақты қойдай тоғытып тұншықтырып жіберді-ау. Сонау жылдар байларды кәмпескелейді, мал-мүлкін тартып алады екен дейтін әңгіме шықпай тұрып Ақайдың Қасені бұны шақырып алып, екеуі көп әңгімелесіп еді. Халықтың мұң-зары, қазақтың жеке ел болуы жайында. Сонда:

- Заманың түлкі болса тазы боп шал деген. Білім кімде болса, сол мықты. Білекке сенген заман артта қалып, білімге, ақыл-айлаға сенетін заман туған жоқ па?! Осыны айтқан Абылай хан да әулие екен ғой. Сол сөз қанша уақыт өтсе де қазақтың санасына жетпегені өкінішті! Кімнің ғылым-білімі артық сол озып, қалған ел соған құл қазір. Бізде талаптанғанымызбен біреулерге ұнамайды-ау ісіміз. Қазақ дарынды халық қой. Нығмет, Жақыптар Мәскеу мен Петербордың мықты ғалымдарын талантымен таңдандырып еді. Бүкіл қазаққа білім жеткізе алатын болсақ, бүкіл әлемді таңғалдырмасымызға кім кепіл! Ақыл бар жерде нәпсі бар, рух бар жерде тән бар. Өмір ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың тартысы. Қазір алдыңғысының күні тұтылып, артқысының күні туып тұр. Сақ болған дұрыс. Қазақтың да жарқырайтын күні келер. Көрерміз, көрмеспіз бірақ солай болатынына сенем,- деген еді. 

Бұл айтқаны Ахаңның сәлемі екендігін жеткізген. Ахаң:

- Елге сәлем айт. Аман болсақ, ел еңсесін көтеруге тырысамыз. Азат болмай, озат болмаспыз. Алып ағашты білдіртпей құлатар құрт құсап еңбек етеміз. Өз бәйтерегімізді орнатар күн келеді. Тек іштен шыққан жау жаман. Қазақты құртып отырған осы. Сақ болсын, - депті. 

Содан бері бұл да сақтыққа көшкен. Қазір осы екі арыстың екеуі де жоқ. Ал солардың ақылының арқасында бұл аман қалған.

Ахаңды алғаш көрген сәті есіне түсті. Бұл Ағыста оқып жүрген кезінде сондағы мектепті тексеруге келген. Онда әлі отызға іліге қоймаған жас жігіт екен. Сонда оқушыларды жинап білім алудың маңыздылығы, оның жай-күйі жайында көп ақылын айтқан. Жақсы оқитын оқушылармен жеке-жеке сөйлескен. Бұны да шақырған. Әртүрлі сұрақтар қойып, қай салаға қызығатынын, қай пәнді ұнататынын сұраған. Есеп шығарғанды жақсы көретіндігін білген соң, қаржыға қатысты мамандықтар таңдауға, оның маңыздылығына тоқтала отырып кеңес берген. Кейін бұл әкесінің ауырып қалуына байланысты елге қайтып, оқуға орала алмаған. Одан соң үйленіп, тұңғышы дүниеге келді, сөйтіп біржолата қалып қойған. Енді өзі оқи алмағанын баласына беруді мақсат тұтқан. Нәтижесі міне!

Әйелі ақылды біртоға жан еді. Аштық болған жылдары бабаларының соңынан кете барды. Араларында асып-тасқан махаббат емес, сыйластық пен сүйіспеншілік болды. Артында қалған балаларын медет қып бұл қала берді. Сол қиын кезеңдерде тамақ табу үшін баласын киіз  үйге қамап, сыртынан жақсылап байлап (ол уақытта балалардың жоғалып кету жағдайлары жиі кездескен), жолға шыққан. Көрші ауылдан ештеңе таппай, қалжырап келе жатқанда, арбамен жүрген адамдар тобы кездескен. Елге азық-түлік тасып жүрген адамдар екен. Бәрін таратып болып, Қарқаралыға қайта қайтып бара жатқан беттерінде кездесіпті. Қарқаралыдан тағы бір арбаның шығуы керектігін айтып бірге жүруін өтінген. Жолда екінші арбада кездескен, оларда азық-түлік таусылып қайтып барады екен,амалсыз бірге жүруге тура келген. Қалаға жеткенде күздің қара суығы әбден өтіп кеткен әйелі мұрттай ұшты да содан қайтып оңалмады. Аштыққа ауру қосылып, оған уайым қосылып, соңынан фәниден бақиға аттанып кете берді. Бұл арбашыларға балаларын аманаттап, бір Құдайға тапсырып, әйелінің қасында қалған. Артынан қыс түсіп, жол болмай келесі көктемде бірақ оралды еліне. Келсе киіз үй ашық, балалар жоқ. Өлдіге санап көз жасына ерік беріп отырғанда, бір танысы келіп, қызының амандығын жеткізіп, Қарабала деген жамағайын інісінің үйінде екенін айтып, сүйінші сұраған. Тамағының жартысын беріп, қайдан күш-қуаттың пайда болғаны белгісіз зымырап отырып сол үйге келіп, жылап-сықтап көрісіп еді. Ел тұлғасына қарап Қарабала атап кеткен, аштықта аңшылық жасап, елді аман алып қалған інісіне қайта-қайта алғысын айтып, ботадай боздап қызынан кешірім сұрай берген. Өкініштен өзегің өртеніп, қуаныштан жүрегің жарыла жаздайтын, есіңнен айырылып қалғандай екіұдай күй кеше береді екен-ау адам?! Тасқа басылған таңбадай санасында осы бір сәт қатталып, көкейінен кеткен емес. 

Ахаң ұсталып, атылып кеткен тұста, бұның да жүрегіне қанжар қадалған. Арманда кеткен арысты жоқтап. Солардың қатарында мен неге жүрмедім деген ой билеген санасын. Тығылып қалған қорқақтай сезінген өзін. Кейін ойлап қараса, елін ойлаған ерлердің, арын ойлаған азаматтардың артында қалған жұртына салмақ салмай ауыр жүкті өз мойындарымен көтерген ержүректілік екен ғой!

Бағана қызы:

- Өкіметтен кешірім сұраңыз. Жоғары жаққа хат жазыңыз, – деген. 

Оған бұл:

- Кінәлі болмасам несіне кешірім сұраймын, - деп жауап берген. 

Расымен несіне кешірім сұрауы керек. Шынында болған жағдай былай еді: Соғысқа қатысатын жастан асып кеткендіктен, еңбек әскеріне алынған-ды. Балқаштағы зауытқа жіберген. Аз күн демалыс алып туған жерге оралғанда, кемпір-шал мен әйелдердің, жас балалардың азып-тозған түрін көріп шыдай алмай араласып кеткен. Қол жетіспегендіктен артық уақытқа қалып қойған. Артынан НКВД іздеп келді ақыры. Неге кінәлі болғанын түсіне алмай дал. Себебін айтып көріп еді, тыңдайтын құлақ болмаған соң қойған. Не болса да бара көреді.

****

- Әкем қашып кетпеді ме екен?

Тағы да шошып оянғандай атып тұрды. Әкесі ұйықтап жатыр. Оятып алып, жолазығын қамдап Егіндібұлаққа жеткізіп тастады. Жол бойы тағы да кешірім сұрау жайын айтып жалынған.

- Көреміз, - деп келіскен сыңай танытқан әкесі. 

Содан қайтып оралмады. Не хат, не хабар жоқ. Сағыныш уы сарғайтып, үміттің оты жанып барып сөніп жылдар өте берген. Қолда барда алтынның қадірін білмегеніне өкінген. Бағалай алмағанына бармағын тістеген. Жоғалтқанына жылаған. Ең болмаса жылы сөзімен бетінен сүйіп қоштаспапты да. Кімді кінәларсың, заңды ма, заманды ма, адамды ма? Тағдырдан жалынып, жалбарынып, жылап азғана сәтке сұрап алсам тілдесемісің, Әке? Бауыр етің балаң боп сені түсіне алмағанымды, бағым деп бағаламай, қартайғанда қамқорлық көрсете алмағанымды кешіремісің, Әке? Туған үйіңе ат басын бұрып, туған жерге туыңды тігіп, балаңды бауырыңа қысып қайта ораламысың, Әке?