Bugin

«Майшыдағы» малшы

Қой қырылған көктем

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қатпар-қатпар Қаратаудың қақ ортасын «Тайқоңыр» тасжолы тіліп өтеді. Сонадайдан менмұндалап сол қапталда «Тақиятөбе» дейтін төбе жатыр. Тақырда туған пақырыңыз бұрын-соңды мұндай табиғатты көрді дейсіз бе?! Жаратқан ием неткен шебер еді?! Әлгі төбені айтамын, құдды кісі басына тақияны адам қолымен кигізіп қойғандай. Сұлбасы сұмдық енді. Әне-міне дегенше, Қаратаудың бас қақпасы Дарбазаға жетіп, мәлім де, беймәлім әлемнің құшағына ендік те кеттік. Көліктің терезесінен айналамызды барлап келеміз. Кенет жыңғылдың түбінен бір топ кекілік құс биікке қарай өрмелей жөнелді. Санап үлгермедік. Тек байқағанымыз, таумен түстес екен.

Совхоздан  қалған  сарқыт

Шамамен, 60-70 шақырым жол жүрдік-ау?! Тасжолдың бойындағы «тоқал тамның» тұсынан тоқтадық. Күн қайнап тұр. Уақытыңыз түскі сағат төрт болыпты. Төңіректі бір шолып өттік. Өлі тыныштық. Қыбыр-қыбыр тірлік біз тоқтаған «тоқал тамның» маңында ғана. Базаршысы келгендей қуанып, аттылы кісі алыстан «ассалаумағалейкүм» дейді. Жүйткіп кеп, жардай жылқыдан қарғып түсті. Қанша дегенмен даланың қазағы ғой. Өзі алпамсадай ірі, қарулы жігіт екені білініп-ақ тұр. Амандық-саулық сұрасып, мәселемізді айттық. Сөзге келместен ойымызды құптады. Айтуынша, аудан орталығындағы бір ауқатты адамның «Майшыдағы» малшысы екен. Осы орайда айта кетейік, облыс әкімінің баспасөз қызметінің фотографы Бағдат Есжанов екеуміз нағыз еңбек адамының бір күнін көрсетсек деген ниетпен шыққанбыз. Сөйтіп, сұраған адамымыз алдымыздан шықты. Малшының есімі – Мейірбек.

 

Көк майса шөптің үстіндегі жалғыз аяқ жолмен «тоқал тамға» қарай беттедік. Үйдің сыртын қара батпақпен сылай салыпты. Ішке кірдік. Есігі жоқ екі бөлме бар. Оны пердемен тұтып қойыпты. Төбесіне төрт бөренді кесесінен тастап, қара қағаз төсеп, пашынмен бастырыпты. Еден жоқ. Қара жерге қалыңдатып киіз жайған. Самауырға шай қойылып, қазан көтерілді.

Содан біз әңгімеге көштік. Малшының сөзінше, «Тайқоңыр» тасжолы Түркістан облысының Созақ ауданына апаратын көрінеді. Жол-жөнекей ірілі-ұсақты бірді-екілі ауыл қоныстанған. Сол елді мекендерде жиі-жиі көкпар ұйымдастырылады екен. Сабазыңыз қолы қалт етсе, сонда тартады. Негізі, көкпар білекті һәм жүректі жігіттердің ойыны ғой. Мәкең бірде көкпарға қатысып, ауыр жарақат алыпты. Екі ат соқтығысқанда, аяғының сүйегін сындырып жіберген. Осыдан біршама уақыт бұрын күрделі ота жасатқан. Ара-тұра сырқырайды дейді. Әңгімемізге шай құйып отырған Тамара апамыз араласты.

– О уақытта жаңадан келін болып түскен кезіміз. Кемпірлер «қай келіннің шамы жақсы жанады екен» деп жарыстыратын. Бізді мақтаса, кәдімгідей қуанатынбыз. Марқұм, Мейірбектің әкесі Рахмет менің жолдасым еді. Екеуміз 20 жылдай совхоздың малын бақтық. 4 ұл, 2 қыз сүйдік. Бүгінгінің келіндері біз көрген бейнетке шыдамайды, - деді ол өткенді еске алып.

Апамыздың сөзінше, мұндағы малшылардың барлығы бір үйдің баласындай аралас-құралас өмір сүріпті. Қазір бақташылар отырған қоныстың барлығы – сол совхоз дәуірінен қалған жерлер. Соның бірі – «Майшының» маңындағы алма бағы. Кеңес өкіметі ыдыраған соң алма бағының да ажары кетіп, жемісі аң-құсқа жем боп жатыр. Және сол тұста осы төңіректе «Ақбұлақ» деп аталатын балалардың тынығу лагері жұмыс істепті. Қазіргі орны үйілген төбе ғана. Совхоздан қалған сарқыт – осы.

Сағат алтының шамасында бақташымыз малды күтіп аламыз деді. Ізіне ілестік. Алыстан маң-маң басып түйелер келеді. Қорадағы ботасы боздап қоя берді. Жабылып жүріп қораға зорға қамадық. Айнала көк шаң болды. Бұдан кейін Тамара апамыз оншақты түйені сауып алды. Мәкең түйелерді санап шықты. Қас қылғанда, төрт бас түйе жоқ. Ұнжырғасы түскен күйі ол «Жігіттер, «жоқ» іздеуге кеттім. Ересіңдер ме?» деді. Себебін іштей ұқтық. «Мәу» дей алмадық. Бір-бір жылқыны тақымдап біз де кеттік. Бақташының бақыты – төрт түлігінің түгендігі. Жол-жөнекей ананы-мынаны сұрап келеміз. Негізі, «Майшы» жайлауы «Жалғыз ағаш», «Сауысқандық» және «Қылышқара» шоқысының тоғысқан жері екен. Бұл маңның арғы-бергі тарихы туралы ақпарат аз.

– Әкем совхоздың малын баққан кісі. Үнемі қасынан қалмайтын едім. Мектеп бітірген соң оқуға тапсырған жоқпын. Жарықтық, жылқы жануарына қатты құмар болдым. Көп ойланбастан, осы өмірді өзім таңдадым. Өйткені, жаныма жақын. Қаланың құж-құж тірлігінен даланың саф ауасы артық, - дейді.

Үйден ұзап кетіппіз. Биіктеу төбеге тоқтадық. Мәкең сонау көз ұшында жүрген түйелерін танығанда, қайран қалдық! Алдымызға салып, айдап әкелдік. Ал Думан (Мейірбектің інісі. – ред.) бұл уақытта сиырды санап қайтыпты. Мүйізді ірі қара осы маңдағы «Ақсүмбе» деген жерге тұрақтапты. «Сиыр түгел» дегесін, Мейірбегің мейірленіп сала берді.

 Қой  қырылған  көктем

Шыны керек, малшы мен аңшының әңгімесі аңыз секілді ғой. Кешкілік ауқаттанып алғасын тағы да Мейірбектің әңгімесіне ұйыдық. Биылғы жаз малға жайлы бола қоймаған. Шөп пен су тым аз. Сондықтан бір-екі күннен соң қыстауға кетпек. Ертерек. Ал жылда жайлауға сәуірде келіп, тамыздың соңында немесе қыркүйектің алғашқы аптасында көшеді екен. Қыстауға жету екі күндік жол көрінеді.

2011 жыл 10 мамыр. Бұл күн малшының мәңгі есінде. Оқиға былай болған. Сол күні отардан бақандай 150 бас қой бөлініп кетеді. Шарқ ұрып іздейді. Таппайды. «Бір емес, екі емес, бақандай 150 бас қой! Ақыры бір сайдың ішінен баудай қырылып жатқан 60 қойды көргенде сұлық түстім» дейді малшы. 70-ін қасқыр әбден талаған. Сөйтсе, түз тағысы уақ малдың тамағынан орып тастай беріпті. Қайтпек керек? Союға жарамдысын алып, жақын маңдағы ауылдағы жоқ-жітікке таратыпты.

2014 жыл. Көктем. Осы маңдағы малшы біткеннің бәрі жайлауға көшіп, қоныстанған. Уақ малдың бәрін қырқып тастаған. Содан кешкілік күн күркіреп, долы дауыл тұрады. Түнімен бұршақ аралас жаңбыр тоқтамастан жауып, таңға жақын басылыпты. Таңертең барса, қорада 50 бас қой сеспей қатыпты. Амал жоқ. «Мал – бір жұттық» деген осы.

Айғыр  айдаған  үйір

Мейірбекпен түнімен бақташылық жөнінде тілдестік. Әр әңгімесі кино секілді. Көктем мен қыста қатты қиналатынын айтты. Інісі оқуда. Жалғыз өзі ғана. «Көктемде малды қырқамыз, бірі төлдейді, бірі ауырады, анау-мынау шаруалардың барлығы қозып кетеді. Оның үстіне көктемде көкке аузы тиген малды ұстап тұру оңай емес. Күнделікті әрқайсысын түгелдеп отыру қажет» дейді сабазың. Төл демекші, маң-маң басқан түйе жануары өзі ірі болса да, адам аяғы алыс жерге барып боталайтын көрінеді. Қай жерге, қанша шақырым жол жүретіні бір Аллаға ғана аян. Жаратылыс ғой. Оны іздеп табуыңыз тағы да жұмыс. Енді қызықты қараңыз, жаңа туған түйе төлінің жанына жылқы жануарын ентіктіріп апаруға болмайды екен. Ботасы өліп қалады. Мейірбек осында жүрген ботаның барлығын арбамен тасығанын жеткізді.

Қаңтар айы бақташылар үшін өте қолайсыз уақыт. Қасқырлар төрт түлікке тыным бермейтін шақ. Табиғаттың жаратылысы сол, қасқырлар қаңтар ауығанда күйлейді. Ал адам баласы бұл кезде малын қорада ұстайды. Қыстыгүні түз тағысы қораға түсуді үдетеді. Түнімен ұйқы жоқ. Ал суаттан су ішуге барған талай мал құлап кетіп мертігеді. Оның ем-домы да малшының мойнында. Жем-шөп салып отыруы тағы бар. Қысқасы, малшының басынан өтетін небір хикаялар айтылды. Түн белуарынан асқанда көз ілінді.

Таңғы сағат бес жарымда қайта тұрдық. Күн көкке көтерілгенше қорадағы тірлікті тауысып, таңғы шайға отырдық. Сәлден соң далада дүбір басталды. Құдды жер сілкінгендей. Шошынғанымыз рас. Сөйтсек, үйір-үйір жылқы осы уақытта үй маңындағы бұлаққа құлайды екен. Жылқы демекші, қайбір жылы Мейірбектің бір үйір жылқысын айғыр айдап кетіпті. Қайдан табылды дейсіз ғой? «Малым – жанымның садақасы» деп, бақташымыз «жоқ» іздеп жолға шығады. Айшылық алыс жерлерді артқа тастап, ақыры бір үйір жылқысын Жезқазғаннан тауыпты. Енді қараңызшы, Қаратау қайда, Жезқазған қайда? Осындайда «мал баққанға бітеді» деген тәмсілге сөзсіз иланасың.

Қаратауды  паналаған  қашқын

Қарт Қаратаудың қойнауы кімге пана болмаған. Бұған дейін осы төңіректегі өткен неше түрлі оқиғаларды естідік. Мейірбек соның бірін айтып берді. Аңыз дейін десек, көзбен көріп, тілдескендер әлі күнге ортамызда жүр.

Кеңес өкіметі кезінде Мурат ака есімді өзбек жалғыз жортып жүріп, осы тауға тұрақтапты. Өзімен бірге тек мылтығы мен есегі болған дейді. Тереңдетіп жер қазып, қысы-жазы сонда өмір сүрген. Бір күні бақташылар таудағы жұмбақ адамды байқап, ас-суын беріп, өмірбаянын тыңдайды ғой. Сөйтсе, Мурат акаң Өзбекстаннан Қазақстанға өтіп кеткен қашқын екен. Қауіпті қылмыскер. Іздеуде жүрген адамның көпшілік жерге бармайтыны белгілі. Сондықтан қарт Қаратауға орнығыпты. Қашқын күзде сол маңдағы шаруаларға жәрдемдесіп, еңбегіне керек-жарағын алып тұрыпты. Ал қыстыгүні қасқыр ғана жортатын Қаратауда әлгі кісінің қалай өмір кешкені жұмбақ күйінде қалды.

Мейірбектің айтуынша, тоқсаныншы жылдардың бел ортасында Мурат ака жарық дүниемен қош айтысыпты.

***

ТҮЙІН. Шыны керек, бақташының қасында бір күн жүріп сілеміз қатып, шаршадық. Міне, олардың өмірі осылай өріліп жатыр. Ұққанымыз, бұған жан мен тәннің төзімділігі қажет.