Экономика
Бұқаралық ақпарат құралдары - жақсы бизнес
Жақында ғана Дариға Назарбаеваның президенттен кейінгі «екінші адам» сенат спикері болып тағайындалғаны белгілі. Бұл – оның екінші рет спикер болып тағайындалып отырғаны.
Қалай десек те, Назарбаев әулетінің белді өкілі саясаттан кетуге әзірше құлық танытып отырған жоқ. Оның үстіне, жері кең, байлығы мол мемлекеттің басшылығынан ешкімнің де оңайшылықпен кетпесі анық әрі олардың «кедей» тұруы да мүмкін емес.
Сонымен, саяси сахнаға «қайта оянып қосылған» Дариға Назарбаеваның осы уақытқа дейін жинаған бақ-дәулеті мен «отбасылық құндылықтары» жайлы сөз қозғап көрсек...
Дариға Назарбаеваның байлыққа аяқ басқан уақыты 90-жылдардың басына дөп келеді. Арнайы билік пен Назарбаев әулеті үшін құрылған «Хабар» арнасы көп уақыт өтпей-ақ елдің басты арнасына айналып үлгерді. Жарнама көптеп түсіп, қаржысы да көбейді...
Кезінде марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының берген сұхбаттарында Дариға Назарбаеваның елдегі телеарналар мен радиоларды бірінен кейін бірін "сатып алып" монополияға айналдырып жібергенін талай айтқан еді. Мәселен, 2004 жылы қазан айында "Республика" газетіне берген сұхбатында қазіргі БАҚ-тың кімге тиесілі екендігі ешкімге жасырын еместігі әрі оның Дариғаның қолына қалай өткендігі баяндалады.
- Қазіргі аса ірі әрі көптеген металлургиялық кәсіпорындар мен бүкіл еліміздің мақтанышы әрі игілігі деп саналатын кен орындары бүгінгі қожайындарының қолына қалай түссе, бұлар да дәл сол түскен (Дариға Назарбаеваның қолына. - ред.). Заңды айналып өту немесе белінен басу арқылы "КТК" телеарнасы мен "Караван" газетінің иесі Борис Гиллер мен оның командасы бұларға өз бизнесін сатуға және елден кетуге мәжбүр болғанын бәріміз білеміз. Радиостансалардың бірінің иесі Серік Медетбековтің де елімізден бас сауғалап қашуға мәжбүр болғанын біраз адам біледі. Ол қазір Канадада жүр. Жоғарыда аталған холдинг "Алма-Тв" кабельді жүйесінің иелерін (америкалықтар) елімізден қуып шықты. Айта берсек, мұндай мысалдар көп-ақ, - дейді Алтынбек Сәрсенбайұлы.
Экслюзив басылымының деректеріне сүйенсек, А.Сәрсенбайұлы айтып кеткендей, қазіргі таңда Дариға Назарбаева елдің ең үлкен «медиабасшысы», «медиа байлықтың иесі» болып отыр.
Ферғана.ру басылымы жинақтаған Нұрсұлтанқызының қарамағына қарайтын нысандарды есептесек, көз сүрінеді. Барлығы 24 медианысан спикердің қолында көрінеді. Сонымен, олар қандай нысандар:
Осындай медиалық қолдаудың арқасында Дариға Назарбаевтың саяси беделі де өсіп, имиджі де қалыптасып шыға келді. Ал қазіргі уақытта медиалық нарықты толықтай бақылауына алып, монополизацияға айналдырғаннан кейін, енді стратегиялық сала – байланыс саласын жаулауға шынайы бет бұра бастаған көрінеді.
Шын мәнінде, "Қазақтелеком" ұлттық байланыс операторының артқы жағында Дариға Назарбаеваның өзі тұр. Бұған аталмыш компанияның миноритарлы акционері болып отырған Александр Клебанов дәлел бола алады. Біріккен Араб Әмірлігінде тіркелген Sobrio Limited компаниясы арқылы 2016 жылы "Қазақтелеком" компаниясының 27,47% акциясына ие болды. Қазіргі уақытта ұлттық компанияның қарапайым акцияларының 24,96 пайызын, бүкіл акцияның 22,02 пайызын иеленіп отыр.
Ал шын мәнінде, бұл акционер Дариға Назарбаеваның «адамы», қолбаласы саналады. Нұрсұлтанқызы соның қолы арқылы ұлттық компанияны басқаруға алып отыр.
Ал қазіргі уақытта бұл ұлттық компания байланыс нарығын жаулап, монополияға көшкені белгілі. «Теле 2», «Kcell», «Beeline» байланыс операторларының бірінен кейін біріне «тиісіп», нарықты қысып жатыр.
Мәселен, «Қазақтелеком» ұлттық байланыс операторы былтыр ғана "Kcell" АҚ-тың иелігіне ауыз салды. Бұл жайында KZ-Expert басылымы былай деп жазады:
- 2018 жылы 11 шілде күні ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылық құқықтарын қорғау комитеті "Kcell" АҚ акцияларының 75 пайызын сатып алу туралы "Қазақтелеком" АҚ-ның өтінішхатын қарастыруды аяқтап, оны қанағаттандыруға шешім қабылдады.
Жарты жылға созылған дау ақыр соңында "Kcell" АҚ-тың жеңілуімен аяқталды...
Бірақ Дариға Назарбаеваның ең басты активі – бұл Сенат. Сенаттың төрағасы бола отырып, байлығын да, байланысын да күшейтері анық.