Weekend
Ер Ержан
Жақында сом білекті, батыр жүректі жігіт іздедік. Оның білімі мен білігіне, ақылы мен парасатына, еліне көмегі мен бойындағы өнеріне мән бердік. Облыстың оңтүстігі мен солтүстігіне түгел сұрау салдық. Таппадық. «Ұлылардың ұлдары ұсақталып кеткен бе?» деген ой көкейге көмкерілді де қалды. Қысқасы, Қызылорданың қай бұрышынан атойлап «Мен бармын!» айтатын азаматты күттік. Ақыры іздеген батырымыз Шиелі ауданы Алғабас ауылынан жолықты. Есімі – Ержан, тегі – Шайрақ.
Әуелі Ержанға қоңырау шалдық. Тілші екенімізді түсіндірдік. Шаруамызды айттық. Екі сөзге келместен ауылына шақырды. Сонымен «іздегенге сұраған» дегендей, түс ауа Шиеліге қарай жолға шықтық. Аудан орталығына да жеттік. Жаңа көпірдің үстімен жүйткіп келеміз. Алдымызда – Алғабас. Іргелі ауыл екен...
Кісінің кісілігі сәлемінен белгілі емес пе? Кейіпкерім мен ойлағаннан да асып түсті. Құрақ ұшып, құшақ жая қарсы алды. Жатсынған жоқ. Ә дегеннен шаруаға көштік. Жалпы, жылқы мен қазақ егіз ұғым ғой. Бүгінде бұдан ажырап бара жатқанымыз жасырын емес. Соның айғағы болар, ат жалын тартып мінер жігіттердің азайғаны да рас. Ал Ержанның бойынан жылқы десе жаны кіріп, жігерленетінін байқадық. Сөзіне сенсек, Алғабаста Орынбай есімді ақсақал тұратын көрінеді. Тұтас республикаға танымал жүйрік «Ызғар» атты арғымақты дайындаған атбегі. Әу баста сол ақсақалдың етегіне жармасып, атбегіліктің қыр-сырына қаныққан. «Бала күнімде Ызғардың шабандозы болдым» дейді сабазың.
– Менің ататегімде атсейістікпен айналысқандар жоқ. Дегенмен бұрыннан жылқыға құмар едім. Мектеп бітеремін дегенше Орынбай көкенің қасында жүрдім. Есейе келе ұлттық спортты дамытуға ден қойдым,- деді Ержан.
Естуімізше, ертеректе Алғабаста атбегілікті серік еткендер көп болған. Қазір ауылда жоқтың қасы. Бәйге десе арқаланатын қазақтың бұдан не себепті жерінгені түсініксіз. Әңгіме ауанымен ат қораға да ендік. Тұлпарлар тыпыршып тыным табар емес. Жылқы жарықтық текті жануар ғой. Сырттан келген кісі болған соң жатсынды ма, кісінеп қоя берді. Тұяғымен жер тарпып, мінезін көрсетіп бақты. Таңғалмасқа шара жоқ. Қай-қайсысы да алдына қара түсірмеген кіл жүйрік. Әсіресе, «Гауһартас» есімді тұлпары үш жыл қатарынан республикалық аламанда бас бәйгені бермеген. Қылығы да қызық. Әбден додаға түсіп, көзі ағарған тұлпарыңыз күмбірлеген күйдің үнін естісе, делебесі қозып, дедектейтін көрінеді. Ал «Сыр сұлуы», «Үміткер», «Еркетай», «Тойбастар» – қамшы салдырмаған сәйгүліктер. Байқағанымыз, арғымақтарға тек қазақша есім қойған. Ол да әсер ететінге ұқсайды. Ең бастысы, бәйгеге баратын жануардың ащы терін алып, бабына мән берілуі керек дейді атбегі. Сонда ғана тұлпарыңыз мәреге сүрінбей жетеді. Ат баптау да – өзіндік өнер. Оның бүге-шігесіне дейін зерттеу қажет. Әңгіме барысында Ержан басты жаңалығымен бөлісті. Бұған дейін бірнеше мәрте өткізілген жүлде қоры 10 млн теңгені құрайтын республикалық «Алтын тұлпар» аламан бәйгесіне «Еркетай» атты жүйрігін алып бармақ. Өкініштісі, айтулы додаға бұрын-соңды біздің облыстан бірде-бір арғымақ қатыспаған. Бұйырса, бас бәйгені қанжығаға байлауға үмітті.
Қазақтың арғы-бергі тарихында сал-серілердің ізі жатыр. Серілердің жүйрік ат мініп, құмай тазы ертіп, домбырамен күй шертіп, ақындығынмен елді аралағаны бүгінде аңыз-әпсана секілді. ХХІ ғасырда олардың сипаты өзгерді. Сері десек, кері түсінетін күйге жеттік. Алайда кешегі Ақан мен Біржанның болмысын бойына жинаған бүгінгілер некен-саяқ. Солардың бірі – осы Ержан десек, қателеспейміз. Қайбір жылы облыстық «Сыр серілері» тележобасына қатысып, бас жүлдені иеленді. Соқталдай 25 жігіттің ішінен суырылып шыққан батырыңыз, міне – осы. Теңге де ілді, көкпар да тартты, пішен де орды, отын да шапты, әнді де айтты, мылтық та атты. Ара-тұра өлең жазады екен. Домбырамен ән айтатыны тағы бар.
Емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып тұрған сәтіміз еді. Арсалаңдап қазақтың құмай тазысы да жетіп келді.
– Тазы асырағанды жақсы көремін. Аңға алып шығамын. Тәжірибелері толысқан. Жүгіргенде жылдамдығына көз ілеспейді. Қашқан қоян мен түлкіні қалт жібермейді. Олжасыз оралған емеспіз. Ат баптап жүріп, үнемі қасымнан тастаған емеспін. «Ит – адамның досы» деп бекер айтылмаса керек. Қазір таза қанды 6 тазы бар. Өмірімде адам баласына ит сатқан емеспін. Сатпаймын да. Тек сыйлыққа беремін,- дейді Ержан қасындағы құмайын нұсқап.
Бүгінде ауыл жастары ат баптау ісін ұмыта бастаған. «Үйренем дегендерге есік ашық» дейді «Сыр серісі». Әлде де әңгімеге тарттық. Ауылда нендей жұмыстардың істеліп жатқанын сұрадық. Барлығына да «шүкіршілік» деп қысқа қайырды. Дегенмен Ержанның ауыл жастарының көшбасшысы екенін айтпай кетсек жөн болмас. Қайбір жылы жастар жағы бірігіп спорт кешенін салып берген. Онда ауыл балалары тұрақты түрде спортпен айналысады. Бірнеше үйірмелер жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, науқас балаларды жылқыға мінгізіп, көңілдерін көтеретін көрінеді. Ел солай дейді. Суыртпақтап сұрап едік, ашылып айтпады. Бәлкім, істеген жақсылығын жарнамалағысы келмеген шығар.
Қоштасар алдында ұлтқа қатысты пікір білдірді.
– Қазіргі жігіттер ұсақталып барады. Оның үстіне кейбір азаматтар арзан атаққа мастанып, микрофоннан басқа ештеңе көтермейтін болды. Жігерсіздігіміздің арқасында қаракөздеріміз шетел асуда. Табыстан бұрын намысты жоғары қою қажет. Және біздің ұлттық спортымызға көптеп көңіл бөлінсе... Насихаттасақ құба-құп болар еді,- дейді Ержан Шайрақ.
Талай асау айғырдың арынын басқан қазақтың бір баласы замандастарына осылай ренішін жеткізді.
Түйін. Ұлттың ұлт болып қалуы үшін табиғи болмысы бұзылмай тұруы шарт. Дәстүрі мен салты, әні мен сәні жойылған ұлттың ұрпағы ұзаққа бармайтыны белгілі. Көсемсіп отырған жоқпыз. Оған тарихи деректер дәлел.
Айтпақшы, Ержан мырзалығын танытып, қазақтың құмай тазысын сыйға тартты.