Саясат
Президент тапсырмасының жалғасы
Ұлттық банк бұл қадам – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтардың 300 мың теңге көлеміндегі тұтынушылық кредит бойынша борышын кешіру бастамасының жалғасы екенін ескертеді.
«Бұл құжат шынында «Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» ел Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы жарлығын іске асыру мақсатында әзірленді. Жоба аясында қарыз алушының борыштық жүктемесін азайту мақсатында борыштық жүктеме коэффициентін есептеу тәсілін қайта қарау ұсынылады. Сонымен бірге қарыз алушының төлем қабілеттілігін бір немесе бірнеше өлшемшарт негізінде тексеруді жүзеге асыру қарастырылған. Бұдан басқа атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қатысты борыштық жүктеме коэффициентін олардың тек қана ресми табыстары туралы мәліметтер негізінде есептеу көзделеді», – деп түсіндіреді Ұлттық банктің қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлiмбаев.
Құжатқа сәйкес банктен не басқа несие беруші ұйымнан қарыз алғысы келетін адамның табысы елімізде жыл сайын бекітілетін ең төменгі күнкөрiс шегінен кем болмауға тиіс. Егер ол отбасылы болса, онда кәмелетке толмаған әрбір мүшесіне келетін табыс көлемі ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң жартысынан төмен болмауы шарт. Егер азаматтың не отбасының табысы осы сомалардан аз болса, онда банкке қарыз алушыға қарыз беруге тыйым салынады. Осылайша аз қамтылған және өз борышын өтей алмай, ары қарай қордалау тәуекелі бар қазақстандықтардың кредит алуына тосқауыл қойылмақ. Бұл шектеуді азаматтар өзге жолдармен айналып өтпеуі үшін басқа да шаралар енгізілгелі отыр. Нақтылап айтқанда, әлгіндей адамдарға кредиттік желі ашуға; қолданыстағы банктік қарыз келісімшарты шеңберінде қосымша қарыз беруге тыйым салынады.
Бұдан бөлек банктер және басқасы қарызды өтеу кестесіне сәйкес мерзімді төлемдер мөлшерінің ұлғаюына алып келетін қарыз алушының ашық кредиттік желісінің немесе заемның талаптарын өзгерту туралы да оң шешімдер қабылдай алмайды.
«Қаржы ұйымдарының банк операцияларының жекелеген түрлерін және басқа да операцияларды жүргізуіне шектеулер енгізу туралы» деп аталатын өзгерістер жобасында несие сұрап келген адамнан банктің қандай құжаттар талап ететіні де ашып көрсетіледі. Атап айтқанда, қарыз алушының табысын анықтау үшін қаржылық ұйымның кредиттік бөлімі келесі өлшемшарт-критерийлерді назарға алмақ:
1) оның 3 айдан бастап 12 айға дейінгі кезеңдегі ресми кірісі. Бұл жерде ресми кіріс дегеніміз – міндетті зейнетақы жарналары туралы есеп немесе ресми кірістер туралы есеп, БЖЗҚ жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме немесе жұмыс орнынан кірістері туралы анықтама немесе еңбекақы түсетін шоттан банк берген үзінді-көшірме, сондай-ақ оқу орнынан алатын стипендия мөлшері туралы анықтама негізінде есептелген орташа айлық кіріс.
2) 3-12 айға дейінгі кезеңде дебеттік карта бойынша шығыстардың орташа айлық сомасы.
3) 3-12 айдағы дебеттік картаны толтырудың орташа айлық сомасы.
4) қарызды ресімдеуге өтініш берген күні өтініш иесінің депозитіндегі, ағымдағы шотындағы қаржысы сомасы.
5) 3-12 айдағы депозиттерді, ағымдағы шоттарды толықтырудың орташа айлық сомасы.
6) 3-12 айдағы депозиттерден, ағымдағы шоттардан алып қойылған қаражаттың орташа айлық сомасы.
7) бұрын жабылған қарыздар бойынша ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы.
8) 3-12 айдағы коммуналдық қызметтер бойынша шығыстардың орташа айлық сомасы.
9) соңғы 12 ай ішінде шетелге билет сатып алу фактісін растайтын құжаттың болуы.
10) 3-12 айда интернет-дүкеннен сатып алудың орташа айлық сомасы.
11) меншігінде орташа нарықтық құны кредит құнынан асатын автокөлігінің немесе жылжымайтын мүлкінің болуы шарт. Бұларға қосымша басқа да өлшемшарттар белгіленуде. Банк бұл құжаттардың бірқатарын өз бетінше кредиттік бюродан алғызады. Қалғанын несие алуға құлшынған жанның өзі жинауы керек.