Саясат
Диплом бар, жұмыс жоқ
Жаһандану заманында әр ата-ана баласына жоғары білім беруге тырысып бағады. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда бітіруші түлектер мектептен қанат қағып ұшпай жатып, қалаған оқу орнын таңдап үлгереді.
Бұл - қуанарлық жаңалық. Себебі еліміздің болашағы - білімді жастар деп білсек, келешегімізді келелі жастардың қолына аманаттап кетуге шүбә келтіре алмаймыз. Сөзімді дәлелдей кетсем, биылғы жылы педагогика және техника ғылымдарына мемлекеттік гранттар көп бөлінді. Себебі сапалы кадрларды даярлатын мұғалімдер мен оқытушылар және өндіріс саласын дөңгелететін күш жетіспейді елімізге.
ҚР Білім Минитрлігінің ақпаратына сенсек, 2019 жылы педагогикалық ғылымдарға - 8276 оқу гранты, өнер саласына - 1615, әлеуметтік ғылымдарға (журналистика, ақпарат) - 960, болашақ бизнесмендерге - 1223 орын, жаратылыстану ғылымдарына - 4088, ақпараттық-коммуникациялық технологияға - 5977, техникалық ғылымдарына ең көп оқу гранттар мөлшері үлестірілді - 15011, ауылшаруашылық ғылымдарға - 1600, ветеринарияға - 835, халыққа қызмет көрсету саласына - 2200, даярлық (ҚР азаматы болып табылмайтын қазақ ұлтының өкілдеріне арналған бөлім) - 2450,еліміздегі сапалы оқу бағдарламаларының бірі - «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша - 5109 және басқа да мамандықтарға - 1641 оқу гранты бөлініп, мемлекет тарапынан қолдау тапты.
Қорытындылай келе, мемлекет тарапынан 2019 жылы жалпы саны 51020 оқу гранты бөлінді. Ал биылғы мектеп бітірушілер саны 96 380 құрап отыр. Оқу гранттарынан бөлек әр оқу орнының ақылы бөлімін еске ала беріңіз.
Әр шаңырақта ата-ана махаббатына бөленіп өскен бойжеткен мен бозбалалардың студент жүгін арқалап, өмір қамалына кірпіш боп қалануға тырысқан қадамдарына нұр жаусын!
Мәселенің екінші жағын қарастырайық. 2019 жылғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек еліміздегі жұмыссыздар саны 442,5 мың адам. Ал өз мамандығының жемісін көрмеген талай мамандар өзге салаға икемделіп кеткен. Жасыратыны жоқ,соңғы жылдары «жоғары білімді сатушылар», «жоғары білімді аула сыпырушысы», «жоғары білімді еден жуушылар» көбейіп кетті. Жұмыссыздықтан құтылу амалы ретінде мыңдаған қаракөз қыздарымыз тұрмыстың түтінін тұтатып, отаудан жылу тапты.
Енді мына сауалға жауап беріңіз: диплом маңызды ма, әлде жылдап жинаған тәжірибе қымбат па?!
Түлектердің жиі қолданатын тіркесі «диплом бар, жұмыс жоқ, жұмыс берілмейді, себебі тәжірибе жоқ». Жаһандану заманында диплом алу зор жетістік емес, диплом негізінде қызметке орналасып, кәсібіңді дөңгелету қиынның қиыны. Жоғарыға ұмтылған талапкерлер, тіршілікте бір тірлік таппай төменге құлдырап кетпесе екен. Қазіргі бакалавр, магистр дәрежесін алған белгілі бір мекеме қызметкері мен екі күндік «кірпік,тырнақ жалғау» курстарын меңгеріп алған адамның жалақысын салыстыруға келмейтін заман және мұнда екінші аталған жұмысшы көбірек табыс табатыны айқын.
Мұндай курстарға қызығушылық танытатын жастар да жоқ емес. Дегенмен ата-ананың алаңы - сол баяғы диплом.
Қорыта келгенде, диплом да керек, тәжірибе де керек, курс та керек таңдаған адамға. Бастысы таңдаудан жаңылыспай, жолдан адаспай, әр ата-ана баласының жарқын болашағын айқын елестетіп, әр түлек мамандығын сүйіп таңдаса нұр үстіне нұр бола еді.