Hi-Tech
Пайдалы кеңес!
Мирлан Атамқұлов Алматыдағы сауда орталықтарының бірінде гаджет жөндейді. Оның айтуынша, орталыққа жүгінген әр үшінші клиенттің телефоны автокөлікте қуаттағаннан бұзылады.
Қазіргі телефондардың көбін 1 Ампер токпен қуаттау керек. Ал автокөліктің қуаттағышы – 2.4-2.7 Ампер. Соның кесірінен телефон тез қуатталып, батареясы жылдам бітеді.
- Автокөлік қуаттағышын пайдаланса, телефонның қуат бақылаушысы жанып кетуі де мүмкін, – дейді байланыс инженері.
Маман қуаттағышты гаджетпен байланыстырудың да қарапайым ережелерін сақтау керегін айтты.
- Қуаттағышты бірінші токқа, сосын гаджетке қосу керек. Егер ток тұйықталып қалса, әуелі телефон немесе ноутбук күйгеннен гөрі қуаттағыштың бүлінгені артығырақ. Сондықтан қуаттағышты бірінші токқа қосқанда түтін шықпаса, телефонды қоса беруге болады, – дейді ол.
Оның айтуынша, гаджетті 100%-ға дейін қуаттамау керек. Ол батареяның сыйымдылығын азайтады. Гаджеттің қуатын толық тауысу да зиян.
Байланыс инженері қолданылмай тұрған гаджеттің батареясын бөлек, салқын жерде сақтауға кеңес берді. Егер батарея гаджеттің ішінде ұзақ уақыт қалып қойса, ол тотығып кетуі мүмкін. Біз көбіне теледидар пультінің ішіндегі батареяның тотығып кетуін көреміз.
Қуаттағышты мүлде токтан ажыратпайтындар да кездеседі. Қажет кезде оған телефонын қосады. Маманның айтуынша, мұндай жағдайда қуаттағыштың ішіндегі конденсатор уақыт өте келе шаршайды немесе істен шығады. Ток кернеуінің ауытқуы конденсатордың жарылып кетуіне дейін апаруы да мүмкін.