Bugin
Ақша алақанда
Жұбайым екеуміз жабылып жұмыс іздедік. Бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз қалмады. «Бос орындар жәрмеңкесінің» қаншасына қатыстық. Түк нәтиже болмады. Одан қалды, апта сайын «Кому? Что?» газетін парақтаймыз. Жұбайымның мамандығы – мұғалім. Сөйтіп жүріп біраз уақытты өткізіп алдық. Қарыз қысып, жағаға жармасты. Несін айтайық, ақшадан қысылып кеттік. Ара-тұра қолдан келген майда-шүйде шаруаларды істейміз. Күнделікті тапқан бес-он тиыннан береке бола ма? «Қиналып жүріп арық қазсаң, жүгіріп жүріп су ішесің» деп өз-өзімізді жұбатып қоямыз. Не болса да, тұрақты жұмысқа орналасудың қамына кірістік.
Бір күні интернеттен Enbek.kz дейтін портал тауып алдық. Жарықтық, жұбайым маған: «Интернетте бос жұмыс орындары тұр екен ғой. Неменеге әр мекеменің есігін тоздырып жүрміз. Көрсетілген мекен-жайға түйіндеме жібере салсақ, болмай ма? Өздері мамандығым сәйкес келсе, шақыратын шығар...» деді, құдды қазір бір директор қоңырау шалып, «қазір жұмысқа кел» дейтіндей. Айналдырған жарты сағатта порталға тіркеліп, бірнеше мектеп пен балабақшаға түйіндеме жолдадық. Бір шаруаны бітіргендей боп, қатқан нанды қызыл шайға батырып алдырып отырмыз. Үстелдің бір шетінде несие қағаздары. Бір шолып өттім. Несиенің кезекті төлем күні де жақындапты. Тағы да біреуден қарыз сұрап, жабу керек. Жағдай осы енді...
Алыс ағайыным бар-тын. Бір басына жететін беделі бар. Тамыр-таныстары да тәуір қызметте істейді. Өткенде өтініш айтып кеткенбіз. «Осындайда-осындай, келініңізге жұмыс іздеп жүрміз» деп. Айттық. «Жұмыс болса, болды, болмаса, тәуекел» дегенбіз. «Жазған құлда шаршау жоқ». Бүгінде біреудің мәселесін біреу тыңдай ма? Ол кісінің қолынан келмесе, өкпелейтін де ретіміз жоқ екенін білгілі дүние ғой.
Кенет телефон безілдеп сала берді. Ағамыз екен. Тұтқаны көтергенім сол еді, сөзге келместен:
– Інім, маған жолығып кетші, - деді де, қоя салды.
Өмірімде бұлай қуанбаған шығармын. Өйткені о кісі маған қатысты маңызды мәселе болғанда ғана қоңырау шалатын. Жұбайыма «Ағам хабарласты. Саған жұмыстың реті шығып тұрған сияқты» дедім де, асығыс-үсігіс киініп, үйден шығып кеттім. Ағама асығып барамын. Әншейінде бір-бірімен жарысып жүрген қоғамдық көлік те өгіз аяңмен келеді. Межелі жерге жарты сағатта жеттім-ау! Ағама жолықтым. Ол менің өтінішім орындалатынын айтты. Бірақ «құрғақ қасық ауыз жыртады» деген мәтелі есіме салды. Арғы жағы түсінікті ғой. Бір директордың нөмірін берді де:
– Інім, шаруа былай. «Ставка» – 500 мың теңге. Мына нөмірге хабарлас. Менің інім екеніңді айт. Қалғанын өзі түсіндіреді, - деді де, құлағым:
– Кабинетінде ақша туралы әңгіме қозғама, - деп қатаң ескертті.
Келістік! Шаруа шешілді! Екеуміз екі жаққа кеттік. Бірақ «табақтай 500 мың теңгені қайдан табамын?» деп ойланыңқырап қалдым. Тәуекел! Әдеттегідей тағы да «қиналып жүріп арық қазсаң, жүгіріп жүріп су ішесің» деп өз-өзімізді жұбаттым. Екі ұдайлы күймен үйге келдік. Бәйбішем есіктен кірер-кірместен «жұмысқа тұрам ба?» деді.
– Иә...
– Рас па?
– Рас... Бірақ 500 мың теңге сұрап тұр,- дедім.
Айтқаным сол-ақ еді, жаңа ғана күндей күлімдеп тұрған келіншегім бұлттай түйіліп шыға келді. Қысқасы, 500 мыңды іздеуге кірістік. Әрі ойланып, бері ойланып несие аламыз деп шешім шығардық.
Келесі күні кредит алдық. Жарықтық, банк те «ақкөңіл» екен. Біз – сұрадық. Ол – берді. Тек кейін оның бәрін өтейтінің өкінішті. Ақша алақанда. Директорға хабарластық. Шаруамыздың ұзын-ырғасын баяндадық. «Маған жолығып кет» деп қысқа қайырды. Алып-ұшып бардық. Таксимен...
– Enbek.kz дейтін порталға бос орынды ұсынамыз. Жұбайың түйіндемесін жіберсін. Қалғанын көрерміз, - деп жылы шыраймын шығарып салды.
Біз «Әй, сол «көрерміздің» астырында біраз шаруа бар ғой» деп топшыладық. Көп ұзамай жоспар бойынша Enbek.kz дейтін порталға айтылған жұмыс жарияланды. Түйіндеме жібердік.
Кешкілік бейтаныс нөмір қоңырау шалды. Сөйтсем, әлгі директор:
– Інім, мен директормын. Бірақ, менің де директорым бар. Оларға ескерттім. Сенің «орамалыңды» онымен бөлісемін. Тездет, - деді де тұтқаны тастай салды.
«Құдай-ау, біз бұ кісіні әжептәуір директор деп жүрсек, бұның да директоры бар екен-ау!» дейміз.
«Бір істі қолға алдық қой. Соңына дейін жеткізейік» деп «орамалымызды» екіге бөліп жатқаным сол еді, істеп жүрген тірлігімнен ұялып, ұйқымнан шошып ояндым...
Абырой болғанда мұның бәрі түсім екен.