Авторлық ертегі

Қазақ тобыр ұлт па немесе біз кімге сенеміз?

Англия үшін құрбан болатын қадірлі адамды табу қиын емес. Бірақ сол адамның өзін Англиядан ешкім қорғай алмайды (У.Черчилль)

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресейде мемлекет пен Отан - мүлдем екі түрлі дүние. Отаныңа деген махаббатыңды  мемлекет ешқашан кешірмейді (М.Задорнов). 

Менің бұрынғы жұмыс істеген жерімде корейлердің әлдебір орталығы ашылғалы жатқан. Айта кетейін, мемлекеттік мекемеде. Бір күні сол корей орталығына жауапты кореймен әңгіме айтып тұрғанбыз. Ол орталыққа әлі интернет орнатыла қоймаған кезі. Сөйтіп тұрғанымызда ғимаратқа жауапты, өзінің әжептәуір тағы ғылым кандидаты деген атағы бар қазақ жанымыздан асығыс амандасып өте бергенінде, қасымдағы корей интернеттің жайын сұрап үлгерді. Қазақ басшымыз сонда: «Қондырамыз, қондырамыз. Кішкене шыдай тұрыңыз!» деп жүре жауап беріп жатып, «енді... Қазақты білесіз ғой» дей бере, неге екенін білмеймін, күлген болды. Корей де «әрине, білем ғой» деп әбден күлді. Корейді білмедім, бірақ корейдің қазақты «білетінін» көргеннен кейінгі әлгі «ғалым» қандасымның күлкісі – өзге ұлт өкіліне қазақты «танытқанына» әрі оның қазақтың осындай екенін мойындағынына, басқаға қазақтың осындай екенін мойындатқанына өз-өзіне риза болған күлкі болып көрінді.

Шынымен, біздің білетініміз қандай қазақ?

Біздің, қазақ халқының қандай ұлт екені қоғамда бүгінгі күні айтылып жүр ме? Жо-жоқ, мен жылдық, тоқсандық немесе «біреулер» үшін жасалатын есепті айтып отырғам жоқ. Шын мәніндегі ұлттық мінезіміз, қарымымыз туралы зерттелген, айтылған сөз һәм өз-өзімізге мезгіл аралатып беретін шынайы есеп жөнінде. Әйтпесе, күн сайын шығатын газет-журналдарымыз, теле-радио арналарымыз бір тынған емес. Әлде қазақ өз кемшілігін Тұрсынбектің әзілдерінен ғана еститін күйге түскені ме? Әрине, Тұрсынбектің әзілдері тек күлуге жақсы. Тек күлуге. Ал шынына келгенде бізде не болып жатыр?!

Жапон мемлекеті 20-ғасырдың басында өз мемлекеттілігін нығайтар кезде әрбір жапонға, мейлі ол мұғалім, дәрігер, шенеунік немесе аула сыпырушы болсын, жапондардың кемшілігін жазуға тапсырма беріпті. Сол «кемшіліктерді» халықтан жинап, жапон ұлтының кемшіліктері тізілген кітапша шығарып, елдің әрбір азаматына сол кітапшаны оқуға міндеттепті. Бізде өз кемшілігіміз жайлы ештеңе айтылмайды. Айтылады-ау. Бірақ сол кемшілігімізді өзіміз түйсінбейтін тәріздіміз. Алдымен бүгінгі қазақ деген кім? Осының басын ашып алсақ.

Мұқым қазақ аузынан тастамайтын Сабыр Адайдың «Әр қазақ менің – жалғызым» деген ұранға айналған сөзі бар. Осы сөзді естігенде немесе айтқанда көбіміздің ойымызға тұрмысы ең нашар, күнін көре алмай жүрген қазақ елестеп (абстрактілі түрде), оны аяймыз немесе аяған боламыз. Бірақ мемлекеттің үлкен тетіктерін ұстап отырған қазақтар да қазақ екенін ойлай бермейміз. Қазақ деген тұтастықтың ішіне олар да кіреді. Ең нашар қазақтың бойындағы кемшіліктер олардың да бойында бар.

Жақында бір жас жігіт әңгіме арасында оқуын парамен қалай жапқанын айтып тұр. Өзінің сөзінше, «сөйлесе» алып, пара бере алу да - өнер екен. Бірге оқитын группалас қызы бар екен. Ол бұдан да «өнерлі» көрінеді. Жұмыста бастығын қырын қарап жүрсе де «сыйлап» жіберу керек екен. Мен сөйлескен жігіт «арамдығы» қара матаны ақ жіппен тіккендей көрініп тұратын ауылдың қарапайым баласы, әлгіндегі сөздерді ақеділ шын ниетімен айтып отырғанына еш күмән келтірмеңіз. Асқар Сүлейменовтің «бір орында ұзақ тұрған өтірік шындыққа айналады» деген сөзі бар. Парақорлық – бүгінгі біздің қоғамдағы шындық. Бұның етімізге сіңгені сонша әдетте халықтың таза, адал бөлігі тұрады деп есептейтін ауылдың өзінде күнделікті өмірде еш арланбай, намыстанбай бола беретін «шындыққа» айналғанына жоғарыдағы мысал дәлел. Ал біз өзімізді адал, таза халықпыз деп есептейміз.

Біз өзімізге адамға шын мәнісінде керек, ішкі мазмұны бар адамға тән ең жақсы қасиеттерді теліп жатамыз: бір сөзді, уәдеге берік, қонақжай, таза, аңғал (аңғалдық та адамның тазалығынын білдіреді), данышпан т.т.с. Бұл қасиеттер кезінде біздің халқымыздың бойында, мейманасы тасып, дәурені болып тұрған өткен замандар да, бәлкім, болған шығар, бірақ бүгінгі күні, біз өмір сүріп отырған заманда бұл қасиеттерді бойымыздан табу қиын. Халқымыздың әлгі тәуір қасиеттері бойында әлі бардай сезінетіні – сол баяғы өткен дәуірлердегі нағыз қазақтың бүгінгі қазақтың нәтінде қалған рухи елесі. Біз өз бабаларымызға тартпай, бұзылыңқырап, басқа соқпаққа түсіп барамыз. Осыны мойындауымыз керек. Бәрі мойындаудан басталады.

Тобыр көтерілісі

«Орташа адам» ұғымы бар. Ол ешкімнен артық емес, ешкімнен кем емес. Бәрі сияқты. Бірақ ол өзінен басқа ешкіммен есептеспейді. Өзі қандай болса, соған разы. Тағы еш қысылмастан өз көзқарасын, талғамын, өзінде не бар – соның бәрін жұртқа таңады. Бәрі сол сияқты жүріп-тұру керек. Егер олай жүріп-тұрмайтын адам көрсе, ол оны өлердей жек көреді. Және өз табиғатына адал. Өзінің қабілетіне, мүмкіндігіне таң қалатын мұндай адамдардың кез келген сұраққа оңай құтыла салатын қанаттанарлық жауабы алдыбұрын дайын. Бұл – тобырлық ойлау жүйесі. Біздің қоғамды меңдеткен дерттің өзегі осында жатыр. Тобыр.

Соңғы бірнеше ғасырда, әсіресе, өткен ғасырда өз жұртының алдында өзін жауапты сезінетін, керек кезде «...хан баласында қара қазақтың хақысы бар, тірі тұрсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын» (Ә.Бөкейханов) дей алатын халықтың шын мәніндегі егесі саналатын бөлігінен айырылып қалдық. Айырды. Ақырында, қай жағынан да қабілет-қарымы төмен, ойсыз, жалқау, бастысы жеке тұлғалық қасиеттен ада, «ойлай алмайтын» бөлігі қалып, бүгінгі күнге келдік. Ертегідегі Ерназар байдың ақтық үміті болған Ер Төстіктей, қазақтың көзінің қарашығындай көретін хас интелегенциясының символы, рухани темірқазығы іспеттес Асқар Сүлейменовтің сөзімен нақтыласақ: «Екі ғасырдың жүзі молынан өтті – біз ұранның, бұйрық боп жеткен ұранның этносы боп алдық; «алып келдің», «барып келдің» ұрпағы боп алдық; болыс болған Күлембай сияқты сонымызды және мақтан тұтар боп алдық. Туасы, өзі жұмсап үйренбеген өзінің жұмсалғанын өнер деп ұғады».  Бір сөзбен айтқанда, құл. Тағы да ғасырдың ширегі айналды. Бірақ бәрі баяғыша: барлық жерде осы – құлдық ойлау жүйесі, тобырлық инстинктің «дегені» болып тұр.

Біздің қоғамдағы басты-басты аурулардың «диагнозы» да тобырды, тобыр психикасын зерттегенде шығады. Ең қызық әрі ең қауіпті тобырдың қасиеті - онда жауапкершілік болмайды. Жан-жағындағы адамдар қалай өмір сүріп жатса, қалай ойласа, олар да солай ойлайды. Басқаша өмір сүруге, басқаша ойлауға қорқады. Олай ойлау бар деп те есептемейді. Енді қызықты қараңыз. Біздің елде дұрыстап қарасаң, ешкімде анау айтқандай жауапкершілік жоқ. Ешкім өзін біреу үшін немесе бірдеңе үшін жауаптымын деп ойламайды да. Ең кіші мемлекеттік болсын, басқа болсын қызметтен бастап үлкен мінбелердегі шенеуніктерге дейін өз қызметінің алдында, қызмет етіп отырған халқының алдында ешқандай жауапкершілікті сезінбейді. Ешқандай. Тек отырған жылы орнынан айырылып қалмау алдындындағы жауапкерлік бар. Себебі жан-жағына қарайды. Бәрі солай өмір сүріп, солай жұмыс істеп жатыр. Тобыр адамы үшін басқаша қалай болуы мүмкін? Ешқалай. Осылай болған. Осылай бола береді. Тобыр үшін шындық – осы. Тек оған сол шындықпен өмір сүре беру ғана қалмақ. Біздегі бүкіл «мәселенің» себебі осында жатыр.

Жоғарыда атап өттік, тобыр өз табиғатына өте адал. Егер ол, өзі ойлай алатын, өзіне ұқсамайтын адам көрсе, оны өлердей жек көреді және соған сәйкес әрекет етеді. Қазақ қоғамында ара-арасында «қылаң» беріп, көрініп қалатын «өзге» адамдар әрдайым қыспақ көріп, жұтылып кетіп жататыны да – тобыр әрекетінің нәтижесі. Себебі, «өзге» адамды көрген тобыр, өзіне тікелей қатысы болмаса да, оны іздеп тауып, барынша зиянын тигізуге тырысады. Және бұның бәрін бейсаналы түрде істейді. Қазір қайда қарасаңыз да, қайда барсаңыз да – барлық жерде солар. Бәрі солардың қолында. Солардың «ақ дегені - алғыс, қара дегені – қарғыс» болып тұр. Тобыр бар жерде тұлғаға орын жоқ. Тобыр көтерілісі дегеніміз – осы.

Бұл үшін тобырды кінәламау керек. Аяу керек. Ол да қазақ қой.

Әлеуметтік тәжірибе

Шетелдік ғалымдардың біздің «әңгімемізге» қатысты жасаған әлеуметтік тәжірибелері бар. Соның бірін мысалға келтіріп өткенді жөн көріп отырмын. Тәжірибенің ұзын-ырғасы былай. Алдын ала дайындалған бірнеше адам дәрігердің қабылдауында кезекте отырады. Ештеңеден хабары жоқ тәжірибе «нысаны», яғни сырттан келген басқа адам да кезек алып, сонда отырады. Бір кезде қоңырау тәрізді бір дыбыс естіледі. Дыбыс естілуі сол екен, әлгі дайындалған адамдардың бәрі, бейне бір роботтар тәрізді, орнынан тұрады. «Тәжірибе нысаны» бұған мән бермейді, түсінбей бір қарайды да отыра береді. 5-6 секундтан кейін бәрі үн-түнсіз, тіл қатпай қайттан орындарына отырады. Бірнеше минуттан кейін әлгі дыбыс қайттан естіліп, бәрінің әрекеті қайталанады. Ал «тәжірибе нысаны» бұл жолы жан-жағына жалтақтап, шын саса бастайды. Бұның арасында дайындалған «пациеттер» біртіндеп дәрігерге кезекпен кіре береді. Дыбыс үшінші рет естілгенде, тәжірибе «құрбаны» да қасындағылармен бірге тұрады. Есі мейлінше бүтін адамның еш негізсіз көпке, «тобырға» еріп кетуіне бар болғаны басқалардың бірлесіп жасаған үш әрекеті-ақ жететініне куә боласыз. Бұл – бұл ғой. Ең сорақысы енді болады. Қоңырау әлденеше рет соғылады; бәрі де сәйкесінше отырып-тұрады; дәрігердің қабылдауына біртіндеп бәрі кіре береді. Ең соңында біздің «тәжірибе нысанымыз» жалғыз өзі қалады. Қасында ешкім жоқ. Тек өзі... Сүйтіп тұрғанда қоңырау тағы да соғылады. Тәжірибенің ең шешуші, ең ақырғы сәті. Қалай болады деп іштен тынасыз. Орнынан тұрмайтындай болады. Сіз сенбессіз, оқырман, бірақ ол орнынан тұрады.

Енді бұл тәжірибені бізше «тәпсірлесек». Санасы сергек адамды тобырдың қаншалықты оңай жұтатынын көрдік. Ең қорқыныштысы да – осы. Өмірге енді араласып келе жатқан, аздаған оқыған-тоқығаны бар сергек ойлай алатын жас жеткіншек болады. Өз халқының осал тұстарын, кем-кетігін іштей сезінеді. Өз әлінше соны түзегісі, өз әлінше халқына қызмет істегісі келеді. Және мұндай «ниетімен» әйтеуір бір «ұшпаққа» шығатынына сенеді. Ал жұмысқа орналаса сала оны таңнан кешке дейін бір тынбайтын өте «белсенді» бастығы қарсы алады. Бастық өз мекемесінің Қазақстанның «жарқын өмірін» қалай жасап жатқанын, оның да өзі сияқты өмірді одан сайын «жарқын» ету керектігін түсіндіреді. Әрине, барлық жұмыс – тобырлар ережесі, солардың ойлау жүйесі арқылы жасалатын жұмыстар. Өзін дұрыс ойлай алатын адам санайтын жас жеткіншекке бұған, сәйкесінше өзінің реакциясын білдіреді (қоңырау дыбысы бірінші рет соғылғанында оларға ермегеніндегідей). «Жарқын өмір» жасаушылар жұмыс дегеннің осылай болатыны, бәрінің осылай жұмыс істейтіні жөнінде дәріс оқиды. Жүре келе жас жеткіншек өзі өмір сүріп отырған жүйенің әрбір талшығына дейін түйсінеді. Бәлкім, басында қарсыласар, мүмкін, бір-екі ай ұйқысы тыныш болмас. Бірақ барлық жүйе осылай екеніне көзі жетеді. Кейін «жұрттың бәрі осылай жүр ғой» деп, тек табыс тауып жүргеніне разы боп, көндігеді. Бәрі сияқты жұмыс істейтін болады. Шындық сол – «бәрі осылай жүр ғой». Тәжірибеде ең соңында тек өзі қалса да, қоңырау соғылғанда орнынан тұрғанындай, кейін оның алдына кезіндегі өзі сияқты «дұрыс ойлайтын» басқа жас жеткіншек келгенде, басқаша болатынына үміттенбей-ақ қойыңыз. Ал сіз жастарға сенем дейсіз... Әлде сенетініңіз: апта сайын флеш-моб өткізетін және сонысын өнер санайтын туғаннан тобыр болуға бейім жастар ма?..

Мүмкін, адалдыққа, әлденені өзгерте алатынына сенетіндігінен, басын көрінгеннің алдында ие бергісі келмегендігінен жастар қоғамның басты қозғаушы күштерінің бірі шығар. Бірақ солай екен деп, бар сенімді соларға артып қойып отыра берген де жөн болмас. Оларға да сенім керек. Сенім – бұл жеке тағдыр болсын, ұлт болсын, тіпті адамзат баласын алға алға жетелеп тұратын алыстап менмұндалаған бір сәуле. Бізде, тобырлық сананың үстемдігінің кесірінен халық, осы - сенімнен айырылып бара жатыр. Өз мемлекетіне сенбейді. Ең қорқыныштысы – бұндай дәрежеге жеткен халық мемлекет үшін де бірдеңеге бара қоюы неғайбыл...

Әрине, мемлекет тарапынан көтеріліп жатқан жақсы бастамалар жоқ емес. Бірақ тағы да, сол тобыр әрекеті нәтижесінен ол бастамалар – ұраншылдық пен даңғазашылдыққа айналып бара жатыр. Бұл да халықтың сеніміне селкеу түсірер фактор болып отыр.

Анық бірнәрсе бар: мақтан үшін не басқа үшін емес, ащы да болсын, тек өзіміз үшін айтылатын біздегі көңіл құлазытарлық жағдаяттарға кінәлі – біреу. Ол тек өзіміз: басқа ешкім емес. Және бұдан құтылатын да, құтқаратын да – тағы өзіміз. Әр адам. Әр қазақ. Әрине, егер шын қаласақ.

Әңгімемізді бұлай көңілсіз нотада аяқтағанымыз жөн болмас. Көңілді аяқтайық. Қалай еді?! «...Бәрі жасалады, бәрі орнына келеді. Кішкене шыдай тұрыңыз. Енді.. қазақты білесіз ғой».