Саясат
Қыркүйек жақындаған сайын білім мен ілімге қатысты сапа яки сана турасына әр жерде гу-гу әңгімені қыза түседі
Шындығында, білім реформасы, ондағы өзгеріс туралы мәселеден шет қалып, меңіреу халде отыру әсте мүмкін емес. Жотаның әр тарамы әрқалай болатыны секілді, білім туралы заңның ішіндегі өзгертулердің әрқайсысы өз алдына жеке тақырып. Соның ішінде мектеп мұғалімдерін ағылшын тілін білуге міндеттеу, үш тілділік бағдарламасына қатысты айтылатын сынның қарасы қалың.
Осыдан төрт жыл бұрын химия, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытамыз деп біраз мұғалім уақыт арнайы курстан өткен еді. 2019 жылдан 10-11-сыныптарда кейбір пәндер ағылшын тілінде оқытылады деген жарқын ұранмен басталған реформаға қарапайым халық түгіл, ұстаздардың өзі сене қоймаған. Басқа-басқа, мұғалімдер өздерінің, жанында жүрген әріптестерінің қабілетін, мүмкіндігін біледі ғой. Бірақ бұйрық қатты, жан тәтті. Әсіресе, бұл жаңашылдықтың орта жастағы ұстаздарға үлкен салмақ болғаны рас. Не мамандық ауыстыра алмайды, не жүйеге қарсы тұрар қауқары жоқ.
Сосын, амалы қайсы, көппен бірге тіл курстарына барып, ағылшынды меңгеріп кетпесе де қараны көбейтуге, бөлінген ақшаны ақтауға көмегін тигізген болатын. Енді осыншама ақшаны желге шашқан реформаға нүкте қойылмақ. Осы ретте информатика пәнінен 16 жылдан бері сабақ беріп келе жатқан Мейірхан Темірбек есімді мұғаліммен аз-кем тілдескен едік.
Жаңалыққа әу баста қарсы болған ол уақытында ойын ашық білдірді. Оның айтуынша, баланың санасына ғылымды өзге тілде сіңіру тиімсіз.
– Жалпы, мектептегі үштілділік мәселесін мен басынан қолдаған жоқпын. Әлемдік деңгейде ағылшын тіліне сұраныс болғанымен, бізде оған ішкі қажеттілік әзірге аса көп емес. Тіл білгенді кім жек көрсін, алайда мектепті енді ғана аттаған балаға ағылшын тілін тықпалау ойға сыйымсыз. Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытпақ тұрмақ, кей жерлерде ағылшын тілі пәнінің мамандары тапшы. Оқу курсындағы мерзім ішінде ағылшынша сабақ оқытып кете алу деген ақылға қонбайды. Ғылым қазақ тілінде сөйлеу керек. Ал енді бағдарлама аясында қаншама мұғалім өз жұмыс орнын сақтай отырып, қосымша стипендиясын алып, ағылшын тілі курсынан өтті. Бірақ, олар толығымен игере алмай жатыр, - дейді информатика пәні мұғалімі, «Мұғалім мәртебесі» ҚБ төрағасы Мейірхан Темірбек.
Сондықтан бұған мұғалім де, бала да, ата-ана да дайын емес. Мемлекет басшысының тамыз конференциясында кейбір пәндерді ағылшынша оқытуды ата-аналар еркіне қалдырып отырғаны да - сол. Өйткені қазір пәндерді өз ана тілімізде меңгертудің өзі оңай емес.
- Болашақ ұрпағымыздың жанжақты білікті, бірнеше тілді меңгерген сауатты тұлға болып қалыптасқанын билік өкілдері ғана емес, біз де қалаймыз. Ол үшін ағылшын тілі пәндерінің санын көбейту арқылы мақсатқа қол жеткізген дұрыс. Өзі онсыз да ауыр пәндерді өзге тілде ұқтырам деу бос әурешілік, – дейді ұстаз.
Тамыз конференциясында ағылшын тіліндегі ғылыми пәндерді мектептер дайын болмаса, бастамаймыз деді. Біздің біршама пікір-тілектеріміз орындалып жатыр. 5 күндік жұмыс күндеріне қатысты ұсынысым жерде қалмады. Атышулы аттестация мәселесіне келсек, мұғалім мектеп басшыларының қатысуынсыз, электронды нұсқа арқылы кез келген уақытта аттестацияны тапсырып категориясын көтере алады. Бейнебақылау секілді техникалық бақылау әрекеттері болатынын да айта кету керек. Тәртіп бұзған жағдайда 5 жылға дейін тест тапсыру құқығынан айырған дұрыс. Тағы да көпшіліктің көңілінен шығатын жаңалықтар жоқ емес, егер шын мәнінде жүзеге асатын болса...
- Бұрынғыдай мұғалімдерді топтап жинап тест тапсыртпайтын болады. Алдағы уақытта да айтылатын ұсыныстарды ескеріп, уақыт көшінен қалмай, әр қажеттілік өз мерзімінде құлаққа жетсе, толассыз сұрақтар туындамайды деп ойлаймын, – дейді Мейірхан Темірбек.
Биылғы тамыз конференциясында мемлекет басшысы "Ағылшын тілін оқытуды 2-3 сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын" деп нықтап айтқанына біреу қуанса, енді бірі өкініш білдіріп жатты.
– Мұғалімдерді қажетті кеңсе тауарларымен толықтай қамтамасыз ете алмай отырып, ағылшын тілін оқыту орынсыз жасалған қадам деп есептер едім. Биология пәнінен жасуша құрамын ағылшын тілінде танып білу қаншалықты оңтайлы екенін әлі күнге дейін ұға алмаймын. Курстан өткендердің оқыды деген аты ғана. Тұщымды дүние көріп тұрғаным жоқ, - дейді бастауыш сынып ұстазы Қарлығаш Әбдірахманова.
2016 жылы 1200 түлек ағылшын тілін толықтай меңгеру үшін білім алып, сабағын 2020 жылы тәмамдайды. Осы - дұрыс. Үштілділік білім кезең-кезеңімен жүзеге асуы керек еді. Жаңалық жасаймыз дедік те, асығыс ұстаздарды батпаққа салып жібердік. Шалажансар дүние болды да қалды. Министр кетті. Ал мына жағдай ұстазды оқушының алдында ыңғайсыз жағдайда қалдырады. Бір қайнауы кем дүние, тұзы жоқ дәмсіз ас болды. 2018 жылы үштілділікті енгізу үшін бюджеттен 6,9 млрд теңге қаражат бөлінген. Одан гөрі осы қаржыға мұғалімдер пайдаланатын әдістемелік құралдар, интерактивті тақталар сатып алынса, әлдеқайда пайдалы. Бұл - мұғалімдер айтқан пікір.
Ал сол оқу курсы кезінде тіл үйреткен мамандар ұстаздардың үлгерімі жөнінде не дейді? Пән мұғалімдеріне ағылшын тілін оқыту кезінде көпшілігі ең төменгі деңгейден бастап үйренді. Яғни, басым бөлігінің аталмыш тілден білімі аз болды. Ал курстық білімнің деңгейі қандай, сабақты кімдер жүргізді дегенге келсек, Білім және ғылым министрлігі жариялаған тендерді Педагогикалық шеберлік орталығы бірлесіп, консорциум жасаған. Олардың құрамына еліміздегі беделді ірі төрт оқу орталығы кіреді.
- Курста білім алған мұғалімдерге ай сайын бағалау пікірлерін жаздық. 3 айлық оқу курсында көрсеткіш біршама жақсы, ал төрт және бес айлық курстарда оқығандардың алып кете алғандары игеріп, зейін қоймаған немесе қабілеті төмендерінде өзгеріс болды дей алмаймын, – дейді оқу орталығының қызметкері Нұрила Жаныс.
Қалай десек те, ұстаздық ең төзімді мамандық саналады. Жиі өзгере беретін білім реформасын аталмыш кәсіп иелері осы қасиеті арқылы еңсеріп жүргендей. Бірақ төзімді екен деп білім мекемелерін үнемі сынақ алаңына айналдыра беруге тағы болмайды.