Weekend

Аутсайдер болма!

Суицид - жаһандық дерт

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

XXI ғасырдағы жаһандық мәселелер жер бетінің кез-келген тұрғынын алаңдатуы қажет. Бүгінгі заманның шешімі қиын, күрмеуі көп мәселелерінің бірі – суицид. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын әлемде 800000-ға жуық адам өз-өзіне қол жұмсайды екен. 

2016 жылы суицид 15-29 жас аралығындағы жастардың өлімінің ең негізгі себебінің қатарына кірген. Сонымен қатар, мұндай әрекеттердің 79%-ы өмір сүру деңгейі төмен елдерде тіркелген. Алайда суицид жаһандық мәселе болғандықтан, экономикасы дамыған, халықтың өмір сүру деңгейі жоғары елдерде де жаға ұстатарлық жағдайлар көптеп кездеседі. БҰҰБҚ мен ДДСҰ-ның хабарлауы бойынша, Қазақстан әлемде жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау әрекеті бойынша 10 жыл қатарынан 3-орында келеді. 

Өз кезегінде қазақстандық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандарының  мәліметінше, өмірлерін қиюға шешім қабылдағандардың дені 14-17 жас аралығындағы мектеп оқушылары. ҚР Бас прокуратурасы өз-өзіне қол жұмсауға тырысқан жасөспірімдердің психологиялық портретін құрастыру кезінде мынадай ақпараттарды ұсынған: мұндай әрекетке барғандардың 70%-ның психикасының сау екені анықталса, 25%-ы – қоғамға жат мінез-құлық танытатын адамдар болып табылады. Адам жанын түршіктіретін мұндай мәліметтердің саны күннен-күнге азаюдың орнына артып келеді.         

Жақында ғана «мәселе өзімізге маңызды болған жағдайлардың әсерінен туындайды» деген пікірді естіген едім. Расында да, бұл сөздің жаны бар. Себебі өмірімізде болып жатқан кез келген оқиғаның біз үшін белгілі бір маңызы болады. Күрделі мәселе өте маңызды оқиғадан пайда болады. Демек, адамдарды өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін олар үшін өте маңызды жағдайдан туындайтын үлкен мәселелер болуы әбден мүмкін.         

Әрбір адам жеке индивид болғаннан соң, қоғамда белгілі бір әлеуметтік орны бар. Алайда кез келген ортада өзін аутсайдер санайтындар бар. Қарапайым тілмен айтсақ, аутсайдерлер өздерін жолы болмайтын адамдардың қатарынан көреді. Әрдайым тұйықталып жүретін, басқалардың әділетсіз іс-әрекеттері мен жасаған қиянаттарына төзіп, өз құқықтарының тапталуына жол беретін жандардың психологиясы көп жағдайда ауыр соққыларға төтеп бере алмай, өздерін мына әлемге еш пайдасы тимейтіндей, ешкімге қажет еместей сезініп, суицид жасауға шешім қабылдайды.  

Әсіресе, жасөспірімдік шақта әрбір ата-ана баласының қызығушылықтары мен айналасындағы достарын жіті бақылауы шарт. Тек қана ата-ана ғана емес, мектеп психологтары да әрбір оқушының жеке тұлғалық қасиеттері мен ерекшеліктерін бақылай отыра, олармен үнемі байланыс жасап, тығыз қарым-қатынаста болуы шарт. Аутсайдерлер оқшауланып жүргенді  жөн деп есептейді. Алайда суицидке апаратын бірден-бір жол жалғыздық екенін естен шығармау қажет. Өз-өзіне қол жұмсауды шешкен жасөспірімдердің көп бөлігі қатарластарынан зорлық-зомбылық көріп, түрлі психикалық қысымға ұшырағандар болып табылады. Қазіргі таңда жасөспірімдердің арасында бұзақылық, адам денсаулығына зиян келтіру, тіпті адам өлтіру сияқты қылмыстық әрекеттер өршіп тұр. 

Жақында ғана Түркістан облысындағы бірнеше мектеп оқушыларының өз сыныптасына жасаған кемсіту, ұрып-соғу сияқты қылмыстық әрекеттері бейнеленген түсірілім әлеуметтік желіге тарап, желі қолданушыларының ашуын тудырды. Елімізде  заң бойынша 14 жасқа толмағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Қазір отандық БАҚ-та жасөспірімдерді жазаға тартуға байланысты заң жобаларын өзгерту жайлы мәселе талқыланып жатыр.                       

Адам Алла Тағаланың бізге өлшеп берген өмірінің әр сәтін бағалауы керек. Әрбір адамның қоғамда әлеуметтік статусы бар. Өзін аутсайдер санайтын жасөспірім болсын, ересек адам болсын ең алдымен өз  бойындағы жақсы қасиеттер мен табиғи қабілеттерді байқауы қажет. Сонымен қатар олар кез-келген ортада өзін сенімді ұстап, қоғамнан оқшауланбауды үйренуі шарт. Осы уақытта мұндай жандарға жақындарының көмегі мен қолдауы ауадай қажет болары сөзсіз. Қоғамның дерті дендеп кетпей тұрып, алдын алу қажет емес пе? Cол себептен де, әр адам өзін белгілі бір деңгейде дамыта отырып, мәселе туындай қалған сәтте қажетсіз ойларды шығарып тастау маңызды. Аутсайдер емес, ортаға сыйлы болуды көбірек ойлаңыз!