Weekend
Трендке көшкені рас па?
«Кітапқа деген сұраныс азайып барады деген рас па? Әлде сұраныс артты ма? Жалпы, кітап сатумен, кітап бизнесімен айналысқан қаншалықты табысты?» деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Бұл сауалға жауап берген кітап өндірушілердің де көзқарасы әртүрлі болып шықты: бірі табысты емес десе, бірі шығыны жоқ бизнес, ал енді бірі – табысқа айналып бара жатыр дейді...
Рауан Қазанғапов, «Фолиант» баспасы менеджері:
Кітап бизнесімен айналысу өте қиын, бірақ шығыны да аз
– Кітап бизнесімен айналысудың қазіргі уақытта біршама қиындау екені рас. Алайда шығыны көп бизнес деп те айтуға келмейді. Бір кітап өтпей қалса, екінші бір кітаптың сатылымы көп болуы мүмкін. Яғни, бірінің шығынын бірі жауып отырады. Бәрінен бұрын нарыққа, сұранысқа ыңғай танытқан жөн. Мәселен, қазіргі уақытта танымдық, психологиялық, көркем әдебиет пен балалар кітабына деген сұраныс көбейді. Әсіресе, біздің баспа соңғы уақыттары балалар әдебиетіне көп мән бере бастады. Өйткені өздеріңіз білесіздер, ата-аналардың қазір балаларын дамытуға деген ынтасы жоғары. Сондықтан балалардың дүниетанымын кеңейтіп, танымын күшейтетін кітаптарды сатып алуға тырысады. Жалпы, кітап бизнесімен айналысуға, оны қолға алуға болады. Басты критерий – нарықты игеру.
Ләйла Өтебаева, «Жібек жолы» баспа үйінің бас директоры:
Кітап бизнесі қазір дағдарыста болғанымен, болашақта табыс көзіне айналары сөзсіз
– Баспа ісі бұрын табысты еді. Қазір дағдарыста. Электронды кітап нарықты жаулап жатыр. Алайда планшеттің орнына қолға баспа кітапты ұстайтын заман әлі оралады деп ойлаймын. Яғни, баспа кітапты оқу раритет күйінде, модалық тренд ретінде қайтып келуі мүмкін. Өйткені кітап деген – қазына, нағыз бағалы дүние. Ал бағалы дүниенің уақыт өте келе бағаланары сөзсіз. Оның үстіне, қазіргі заман – білімдінің, ақылдының заманы. Ал кітап – сол ақылдың кеніші емес пе! Елімізде ақылды, білімі мол, парасатты адамдар көп. Солар артынан еңбек қалдырса екен, кітап жазып, білімін хаттап кетсе екен деп тілеймін. Ал олардың кітап шығаруына үкімет немесе қоғамдық қорлар (мәселен, Кемел Тоқаевтың қоры сынды) қолғабыс етсе деген тілегім бар. Сонда кітап бизнесі шығыннан құтылатын еді.
Аманжол Әбиев, «451 градус» әдебиет клубы:
Дүкенің табысты болу үшін кітабың көп болсын
– Біз кітап сатуды кәсіпке айналдырған ұйым емеспіз. Балалар мен жастардың кітап оқу мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру үшін құрылғанбыз. Кітап сату біздікіндей шағын ұйым үшін ауырлау. Өйткені кітаптан табыс табу үшін ассортимент керек. Дүкеніңде кітаптың түрі барынша көп болса соғұрлым – табысы жоғары болмақ. Кітап саласының өзі қазір монополияға айналып кеткен. Мәселен, аймақтағы қалаларда «Меломен» дүкенінен басқа кітап сататын дүкендер жоқ. Бірақ ондағы кітаптардың бағасы қымбат бола тұра, халық іздеп жүріп сатып алады. Яғни, бұл дүкенде кітаптың қоры мол. Одан бөлек, сұранысқа ие кітаптарға да бай. Балаларға арналған кітаптардың тиражы көбейгені рас. Бірақ бағалары қымбат. Өйткені суреті мен бояуына, мұқабасы мен иллюстрациясына көп шығын кетеді. Балаға кітап сатып аларда ата-аналарға ескертер бір дүние бар: дүкеннен кітаптың сертификатын сұраған жөн. Яғни, мемлекеттік органдар балалар әдебиетін қарап шығып, зиянды ақпарат жоқ екендігіне куәлік беріп, сертификат тапсырады. Ал қазір көп кітаптың сертификаты жоқ. Балаңызды ойласаңыз, дүкеннен сертификатты талап етіңіз.
Ақмарал Қуанбекқызы, «Қазына» баспа үйінің атқарушы директоры:
Кітапқа артық баға қоса алмайсың
– Кітап бизнесінің ерекшеліктері көп, басқа бизнеске ұқсамайды. Мәселен, киім дүкеніндегідей өнімге «1+1» баға қосу деген жоқ. Кітаптың бағасына артық баға қоса алмайсың. Сондықтан табысты бизнес деуге келмейді. Табыс табу үшін емес, қоғамға қызмет ету үшін жұмыс істейсің. Бұл бизнесте баға емес, көлем басты рөл ойнайды. Яғни, тиражы мен сатылымы көп кітап шығынды жауып, табысты да арттыра алады. Кітаптардың арасында өзін-өзі дамытуға, мотивация беру мен кәсіп ашуға қажетті кітаптар көп сатылады. Ал қазақтілді аудитория арасында көркем әдебиет пен діни кітаптар өтімді келеді.
Мирас Кесебаев, «Самға» баспасының менеджері:
Кітап оқу қазір трендке айналып барады
– Қазір елімізде жақсы үрдіс қалыптасып келеді. Яғни, кітап оқу модаға айналып барады. Тіпті, кітап оқымайтындардың өзі кітап сатып алу арқылы трендте болғысы келеді. Әсіресе, қазақ жастарының кітапқа деген құмарлығы қуантады. Оның үстіне, қазақ тіліндегі кітаптар арзан тұрады. Мәселен, біздің басылым ағылшын, араб, орыс және түрік тіліндегі сұранысқа ие кітаптарды қазақшаға тәржімалап саудаға шығарады. Бұл кітаптар түпнұсқадан екі-үш есе арзан.
Кітап оқудың тренд алуына Instagram да оң ықпалын тигізген сияқты. Өйткені желі қолданушыларының арасында оқыған кітаптарын суретке түсіріп, қандай кітап оқып, қандай әсер алғанын жазып жататындары көп. Ал олар бір жағынан, басқа бір адамдардың кітап оқуына түрткі болса, екінші жағынан, белгілі бір кітаптың жарнамасын да жасап береді.