Weekend
Несиеге тәуелді ететін өтірік 10 себеп
Кейбіреулерге несие алуға шариғатымыз тыйым салғандығын айтсақ, «Несиені жетіскеннен алып жатыр деп ойлайсың ба?» деп шыға келеді. Осы сауалға жауап беру үшін төменде несие алуға итермелейтін кейбір жағдайларды баяндайық:
1. Үй жиһаздарын алу: соңғы кездері үй жиһаздарын алу үшін де несие алатындар көбейді. Бірінші себеп - әлгі жиһазбен келген қонақтарға өз жағдайын көрсету. Өздеріңіз де байқап жүрген боларсыздар?! Жиһаз үшін несие алудың тағы бір себебі - жалған нанымдарға сену. Мысалы, жаңа жыл секілді мейрам кездерінде жиһаз дүкендері кезекке толып қалады. Себебі өкінішке орай адамдар «Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, сол жылды солай өткізесің» деген жалған сөзге сенеді. Сөйтіп жағдайы жетпегендіктен, несие алып жиһаз алады;
2. Марқұмның асын, қырқын, жетісін беру: Несиеге қатысты мәселе тек тірі адамға қатысты болмайды екен. Себебі кісі қайтыс болғанда да оған қатысты несие алу тоқтамайды екен. Кейбір адамдар адам қайтыс болғаннан кейін оның арғы дүниедегі жағдайын емес, өкінішке орай осы дүниедегі адамдардың сөзінен қорқып, несие алып мал сойып дастархан жайып әуреленеді. Ұстап алған ұрандары «Ол сауап болады». Құрметтілер, «дәретсіз намаз, арамнан садақа қабыл болмайды». Әрбірден соң мұндай әурешілікті шариғат міндеттемеген. Қайтадан айтамын міндеттемеген. Қай шариғи кітапта «жағдайың жетпей тұрса да несие алып, ірі-қара сойып, марқұмның жетісін, қырқын, асын жаса» деген екен? Егер марқұмның жағдайын шын уайымдасақ, намаз оқып олар үшін Аллаһтан кешірім тілейік! Марқұм үшін сауап болсын деп садақа бергіміз келсе, несие алмай шама-шарқымызша шынайы мұқтаж жанның, жетім-жесірдің қажетін өтейік! Несие алып, ысырапшылдыққа салынған бос бәсекеңізден марқұмға еш сауап болмайды;
3. Компьютер, планшет алу: Кейбір ата-ана «Үй жұмысын онсыз орындай алмайды» деп баласына компьютер алып береді. Ересектері жағдайын жақсы көрсету үшін, мақтан үшін планшет алып алады;
4. Көлік алу: «Көліксіз болмайды» деген секілді ойды басшылыққа алып, өз жағдайына қарамастан несиеге көлік алады. Кейін сол көлікті сатып, үстіне аша қосып несиені жаппақ болса да жаба алмай қиналады. Кейде ата-ана «баламды қатарынан қалдырмайын» деген сөзді басшылыққа алады, кейде «жағдайымды жасамасаңдар не үшін дүниеге алып келдіңдер» деп балалары несие алуға мәжбүрлейді.
5. Оқу ақысын төлеу: «Қатарынан қалмасын», «Қыз бала оқу оқуы керек» деген секілді сөздерді байрақ қылып, ақылы оқытуға шамасы жетпесе де несие алып, ақылы түрде оқытады. Бұрын оқуға түсе алмаса, келесі жылға қалып, дайындалып келіп қайта тапсырушы еді. Бүгінде ондай сирек. Себебі ата-ана несие алып оқытады.
6. Киім алу: Таза киім киіп жүруге Аллаһқа шүкір, көбіміздің шамамыз жетеді. Бала кезде ағаларымыздан қалған тіпті әпкелерімізден қалған киімді де еш қымсынбастан кидік қой. Мақсат ыстықтамау және мұздамау. Ал қазіргі көп жастар кимейді. Оңайы несие алып киім алу. Киім болғанда қарапайым киім емес, қымбат киім. Кейбіреулер киім арқылы жағдайын жасырғысы келеді;
7. Ұялы телефон алу: студенттердің қолында табақтай-табақтай соңғы үлгідегі қымбат телефондар. Әлі жалақы алатын жұмыс істеп көрмеген адамдар. Телефонды қайдан алады деп ойлайсыз? Әрине несие. Мақсат сол қатардан қалмау. Қандай қатар? Мұндай жастар қазақтың «Көрпеңе қарай көсіл» деген насихатын білмейді;
8. Той жасау: жастар «Өмірде бір мәрте болатын жағдайда шашып қалу керек», «Есте қалады» деген секілді желеумен ал жас жұбайлардың ата-анасы «Бір баласына той жасап бере алмады», «Құдалардың алдында ұят», «елге қай бетіммен қараймыз» деген сөздермен әрекет етеді. Нақты жағдайы жетпесе де несие алып той жасайды;
9. Төсек орын: Бүгінге дейін қызы бар ата-ана төсек орынды қызы бойжете бастағаннан дайындап, тұрмысқа шыққанда еш мәселесіз табыстап келген. Ал қазіргі кезде «Пәленшенің қызының төсек орны арзан келіпті» деген сияқты сөзден қорқып, несие алып төсек орнын қымбат жиһаздармен көмкереді. Сосын несие төлеп біте алмай жүреді;
10. Кәсіп ашу: көбіне кейбіреулер «Кәсіпті бастағанда бірден ірі көлемде бастаған жөн» деген түсінікке алданады. Ал бірден кәсіп ашу үшін қомақты ақшаға несие арқылы қол жеткізбесе, қарызға бере қоятын адам аз. Сондай-ақ несие алмай өз еңбектерімен үлкен кәсіп ашқан кәсіпкер ағаларымыз «Кәсіпті бірден ірі ақшамен бастаған жөн» деген пікірдің қате екенін сұхбаттарында айтып жүр. Керісінше кәсіпті өз еңбегімен несиесіз бастаған дұрыс дейді. Сосын кәсіп тәуекел екенін ұмытпау керек. Бүгін несие алып ашқан кәсібіңіз ертең ақ жабылып қалуы мүмкін. Сосын жүресіз несие төлеп. Ондай мысалдар көп.
Өздеріңіз байқағандай кейбіреулердің несие алуына себеп қылып жүргені шынайы себеп емес. Несие алудың себептері: бәсеке қуу, нанымнан қорқу, сөзден қашу, мақтанға еру, жалған сөзге сену, өтірік қажеттілік жасап алу т.б. Мұсылман адам тек намаз, ораза, садақа секілді сауапты істе жарысады. Кейбіреулердің айтқан қаңқу сөздерінен, нанымдардан қорықпайды. Мақтанға еріп, ысырап етпейді.
Несие жақсылыққа алып бармайды. Қолыңызда барды қармайды. Тыныштығыңыз бен жақсылығыңызды жалмайды. Құрметті жақсылар, көрпемізге қарап көсілейік! Жалған қажеттілік жасап, өз өзімізді алдамай шынайы өмір сүрейік!