Woman
Жаңа түскен келінді неге "өлтіріп", қайта "тірілтіп" алған?
Қазіргі тойдағы бет ашатын адамдар бұл рәсімге жүрдім-бардым қарайды. Сөзіне де мән бермейді. Әйтеуір, өткізді ма? Өткізді. Келіндердің "тұрақтамайтындығының" себебі, мүмкін, осында жатқан болар.
Беташар - қазақтың ең сакральды (киелі) рәсімінің бірі ғой. Қазір - шоу. Ән деуге де томпақтау бүгінгі хиттердің мақамдарына салып бет ашқанда, оған мәз болған халықты көргенде, беташардың түпкі мәні не болды екен деп үңілмек болдық.
Әңгіменің илхамын былай бастайық. Қазақтың аңыз-ертегілерінде қаһарманды бірде мыстан, бірде айдаһар, бірде самұрық құс жұтып, қайта құсатын сюжеттік желілер бар. Қайта құсқанда әлгі қаһарман бірде сауын-сайманды, бірде ерекше қасиет дариды, бір жерде аяқ-қолы жоқ батырларды самұрыққұс жұтып, қайта құсқанда денесі бүтін болып шығады. Бұл - ертегі дейік. Миф болсын.
Қазақта мынадай салт болған. Бала 4 жаста жеткенде қоян мүшел деген. Осы жасында баланы ауылдың ұстасының ауынан өткізіп, ар жағынан сауыт алып, қайттан кері өткізетін болған. Біреудің баласын асырап алғанда да осындай рәсім жасалады. Бала тоқтамайтын үйдің баласын егделеу әйелдің ауынан өткізетін салттың барын да білетін боларсыздар. Жоғарыдағы мифтегі мысалдармен байланыс көрініп тұр. Бұл "өлтіріп" қайта "тірілтіп" алу мотиві. Арғы бергі әлемдік мифологияда бар нәрсе. Енді мәні не? Бұны ғылым толықтай ашпады. Десе де долбарлар жасауға болады. "Өлтірілген" қаһарман қайта "тірілгенде" басқа қасиеттерге ие болып тіріледі. Басқа деңгейде. Бұны бір инициациялық рәсім десе де болғандай.
Беташар да осы "өлтіріп", қайта "тірілтіп" алу екенін байқау қиын емес. Келінді түскен жұрты "өлтіріп", толық сол әулеттің адамы қылып "тірілтіп" алады. Бұл үлкен (серьезный) инициациялық ғұрып. Жай өлтіріп, тірілту емес. Бұнда пәленбай атасынан бергі рухтағы, қандағы ақпарат дейміз бе, дәттегі жады бола ма тазартылып, түскен әулетінің әлгіндегілері қайта жазылады. Оны абыз (бақсы, шаман) істейді. Өлілер мен тірілерді байланыстырушы. Ал сол елмен таныстыру деген функция кейін қосылған қабат екенін байқауға болады.
Енді көзіңізге "Шу бойынданың" мақамына салып, домбыраны гитара ғып тартып бет ашып тұрған жайдарманшыны елестетіңіз.
Иісалмас деген сөз бар қазақта. Сірә, осындайда айтылған болу керек.