Weekend

"Жас сахна" театрында - премьера

Театртану

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Биыл Б.Омаров атындағы «Жас сахна» театры шымылдығын «Жәмилә» премьерасымен ашты. Жаңа маусымдағы бұл туынды - театр репертуарындағы алғашқы қазақ тіліндегі қойылым. Ш.Айтматовтың «Жәмилә» повесінің желісі бойынша сахналанған спектакль Б.Омаровқа бағышталған. 

Ізденімпаз жастардан құралған театр кезекті қойылым үшін көршілес қырғыз елінен режиссер Ұланмырза Қарыпбаевты шақырған. Режиссер мен актерлік құрам Адамзаттың Айтматовының «Жәмилә» повесін таңдапты. Көптеген тілдерге аударылған шығармада тек соғыс зардабы немесе әйел тағдыры жайлы емес, одан терең, үлкен махаббат оқиғасы баяндалады. 

- «Жәмилә» - жер бетіндегі ең әдемі махаббат оқиғасы - дейді, француз ақыны Луи Арагон. 

Расымен де, Данияр мен Жәмиләнің сезімдері қиындықпен сыналған, барлық қағидаларға қарсы тұрған үлкен күш секілді. Алты актермен әдемі ансамбль құра білген - Ұ.Қарыпбаев тәуелсіз театрдың кішкентай сахнасын толықтай пайдаланған. Жанель Серғазина, Нұргүл Алпысбаева, Әйгерім Мұстафа арқылы көпшілік сахналарды көрсетеді. 

Суреткер спектакль барысында шығармаға қарсы туындаған барлық ой-пікірлерді де айта кетеді. Алғашқы сахнасында актрисалар туындыны жерден алып, жерге салса, келесі сахнада халық әнін айтып отырған үлкен әжелерге айналып шыға келеді. Жанды дауыста айтылған әндер қойылымды жандандыра түскен (Хормейстері: Арна Жүнісова). Оқиға желісін кішкентай, бұзық болғанымен өте ақылды, сурет өнеріне қызығушылығы бар Сейіт – Данияр Арипов баяндап береді. Сахнаға жарық түскенде кең дала бейнеленген сурет пен қызыл түсті жанып тұрған бағдаршамды көреміз. Ол жеңгесі Жәмиләні – Ақниет Орынтай таныстырып, екеуі балаша алысып, оның өзіне қанша жақын әрі қымбат екенін айтады. 

Алғашында Сейіт ағасы Садықтың орнына өзі тұрып, Жәмилә екеуінің сұлбасын салады. Бұл ер жетіп келе жатқан баланың жеңгесіне жәй ғана емес, соғысқа кеткен ағасының аманатындай қарап жүргендігінің белгісі. Кейіпкерлердегі халқымызға тән қайны мен жеңгесінің бітпейтін қалжыңын, әлі арыла қоймаған балалықтарын актерлер жақсы көрсете алған. Бұл жолы актриса А.Орынтайды автордың Жәмиләні сипаттағанындай қыпша белді, ұзынша келген, ерекше сұлулығымен көрдік. Ән айтып, майыса билегендегі, бейнеге еніп көзінен шын жас пен махаббатты көргенде режиссердің актерлік құрамды үлкен дәлдікпен таңдағанын байқаймыз. Д.Ариповтің де амплуасы Сейіт рөліне келіп тұрғанын мойындаймыз. Алайда оның осы уақытқа дейін де ерке немесе ақымақтау кейіпкерлерді ойнағандығын және олардың бір-біріне ұқсап бара жатқандығын айта кетуіміз қажет. 

Талантты әрі жас актер осы сынды кейіпкерлерден өз еркімен бас тарта алса, өзін жоғалтпай, әр қырынан сынап көрсе дейсің. Бұл жолы Данияр рөліндегі Бақтияр Байсерікті мүлдем жаңа қырынан көрдік. Сыртқы формасынан бастап, серіктесімен түсінісе білуі, Жәмиләға көзінің қиығымен қарауы, барлығы да кейіпкерінің бейнесін аша түсті. Жетімдікпен өткен өмірі, көрген зұлмат соғысы, тұрмыстағы әйелге деген сезімі, барлық әлемге деген махаббаты, ерекше таланты - барлығы бір жаралы солдатты құрайды. Бір сөзбен айтқанда, актер кейіпкеріндегі тереңдікті сезінді реалды. Жәмилә мен Даниярдың арасындағы сезімнің тазалығы ешнәрсемен өлшенбейді. Режиссер автор сипаттаған көркемдікті, үлкейте көрсеткен. 

Еркелігімен, қайсарлығымен көзге түскен Жәмиләнің Даниярға тиіп кетсе, Даниярдың үстінен тоқ ұрғандай қарауы көрермендерді де ерекше сезімге бөлейді. Осы сәтте зал ішіндегі атмосфераны сезіне түсуге дұрыс таңдалған музыкалар да әсер етті (Дыбыс режиссері: Данияр Сатыбалдиев).  Тағы да суреткердің шығарманың көркемдігін аша түскен сәті тамыз түнін көрсетуі болды. Led экран арқылы шалқыған тамыз түнін ең әдемі махаббат сахнасымен көрсетеді. Жәмилә мен Даниярдың билері көрермен көңілінде ерекшесақталды (Балетмейстер: Алина Мамбеталиева). 

Ол махаббат сахналарының тым нәзік белгілері болатын. Суреткер кейіпкерлердің ішкі дауыстарына екпін түсіре олардың болмыстарын көрсетеді. Мысалы, Жәмилә зина жасаудың күнә екенін біліп, қателесуден шынымен қорқады. Өз-өзінен қуыстанып жүргенде ол өмірінде шынайы махаббатын кездестіргенін түсінеді. Даниярдың да ішкі дауысы, көрген түстері талантты, өмірді сүйетін, ойшыл адам екенін көрсетеді. Шығармадағы Даниярдың тарапқа үлкен қапты көтеріп баруы, оның мінезін, қайсарлығын көрсететін  ең негізгі сәт еді. Алайда ол сахнаны режиссер Led экранға орыс тілінде жазып, Сейіт оны қазақ тілінде айтып тұрды. Тым тез айтылғандықтан, сөз бен қимылдың бір уақытта жүрмегенінен бұл сахна ешқандай әсер бере алмады.

Сейіт – барлық оқиғаны баяндаушы, көруші, түсінуші. Бірақ ол ағасының қалыңдығын көзінің қарашығындай сақтаған, жеңгесін жанындай жақсы көретін кішкентай бала. Иә, жеңгесі еркелететіндей «кішкентай бала». Режиссер кейіпкерге дәл осы балалықты береді. Ол Данияр мен Жәмилә қашып кететін сәтінде үлкен адамдарша түсініп, олар үшін қуанбайды. Керісінше, олар қашып кеткенде өзінікін қорғай алмай қалған кішкентай балаға тән мінезбен жер тебініп жылайды. Жәмилә мен Данияр махаббат жолында барлық қорқыныштарына қарамай бірге кетеді. Оларға жанып тұрған қызыл бағдаршам, жасылға ауысады (Қоюшы-суретші: Нұржан Сәменов). Қанша қиын болса да олардың бірге бақытты болуға құқығы бар екенін көрсеткен. 

Режиссер де, автор да махаббатты бір саты жоғары қойғанын көреміз. «Жәмилә» – жас театрдың көрерменге алғаш рет ұсынған қазақ тіліндегі спектаклі. Театрсүйер көрерменқойылымның өте сәтті шыққанына куә болды. Режиссер, актерлік құрам, балетмейстер, хормейстер, суретші, дыбыс режиссері барлығының еңбегі ақталып, біртұтас көркем туынды дүниеге келген. Бастысы, әлемдегі ең керемет махаббат оқиғасын көрермендер жүрегіне жеткізе білді.

P.S. Қазақ тіліндегі қойылымдар театрдың өзіне жаңа көрермен жинауына да көмектеседі. Шынайы Жәмилә бейнесін қазақ тілінде көргісі келетіндердің қарасы көп екені сөзсіз. Біз өзіміз көрген образдан шыға алмай, жылап тұрған Жәмилә бейнесін ұзақ уақытқа жадымызда сақтадық.