Weekend

Туған тілді қалай қорғаймыз?...

Тіл - ар өлшемі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Тіл біздің ұлттық таңбамыз. Әр ұлттың өзіне тән сөйлеу ерекшелігі, салт-санасы бар. Сол сияқты біздің де қазақтығымызды, ұлттық мүддемізді сақтау тілімізге тікелей байланысты. Ал оның құлдырамай өркендеп өсуіне жағдайды бірінші біз өзіміз жасауымыз керек.

ХХ ғасырдың ең қанқұйлы диктаторларының бірі – Адольф Гитлер: «Бір ұлтты біртіндеп жою үшін алдымен оның мәдениетін тоздырып, күйзеліске түсіру қажет. Мәдениетін тоздыру арқылы оны ұстап тұрған тілінен айыру керек», - деген екен. Осы сөздерден тілдің ұлттың беріктігін ұстаудағы маңызы зор екендігін ұғамыз.

Тіліміз – бірлігіміздің тірегі, халқымыздың ұлттық байлығы. Оның тұтастығын сақтап, мәртебесін көтеру үшін әркім өзінен бастау керек. Яғни ауызбен айтып қана қоймай, іс жүзінде әрекет еткен жөн. Мысалы сіз балаларыңызға тілдің қасиеті, құндылығы жайлы жақсы түсіндіріп, өзіңіз күнделікті сөйлеу кезінде бөгде сөздерді қолданып, қалта телефоныңызды өзге тілге ыңғайлап, банкоматтан ақша шешкенде  де басқа тілді таңдап тұрсаңыз, бала да айтқаныңызды емес, істегеніңізді істейді. Сондықтан алдымен өзіңізді тәрбиелеу ләзім болмақ.

Жоғарғы оқу орнында оқып жүргенде бір мұғалімімізге үйреніскен дағды бойынша «ручка, звонок, лекция» сынды сөздерді қосып сөйлесек, ағайымыз өзіне сөйлемегендей, не естімегендей кейіп танытып отыра берер еді. Тек таза әрі көркем сөйлегенде ғана асқан байыптылықпен, ыждаһаттылықпен жауап береді. Ағайымыз: «Өз тіліңді құрметтете алмағаның – өз қадіріңді қашырғаның. Өз еліңде туған тіліңде еркін сұрақ қойып, өз тіліңде жауап ала алмасаң – өзіңді жоғалтқаның», - дейтін үнемі. Міне, ортамызда жүрген осындай тіл жанашырларынан үлгі алып, өзімізді тәрбиелейік.

Әркімнің өз тіліне деген құрметі өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрмет. Анамыздың сүтімен қанымызға сіңген тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту. Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Қазақша сөйлеуге ұялатындарды көргенде, белгілі орыс жазушысы Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік» деген сөзі  еріксіз ойға оралады.

Қазір жаңа заман талабына сай үш тілді білуді міндеттеп отыр. Егер адам өзге тілді білетін болса, ол рухани бай адам деп ойлаймын. Өйткені сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді, таным көкжиегі кеңейеді.  Дегенмен: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», - деп Қадыр атамыз айтқандай, туған тіліміздің тұғырын биік ұстап, құрметтей білу − парызымыз. Ана тіліміз әрқашан жүрек төрінен орын алуы керек.