Саясат
«Жігер» әскери-патриоттық лагерінің бұл жолғы ерекшелігі қандай болмақ?
Бұл шара биыл үшінші рет ұйымдастырылып жатыр. Жастарды патриоттық сезімге тәрбиелейтін лагерь алғаш рет өз жұмысын 2016 жылы Ақмола облысының Щучинск қаласынан бастаған. Екінші рет Ақтөбе облысында өткізілді. Биыл үшінші рет Алматы облысы «Тау Тұран» демалыс орталығында өткізілейін деп жатыр. «Жігер» әскери-патриоттық лагері 3 күнге жоспарланған.
Пресс-конференцияға «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының жетекшісі, аға-лейтеанант Мейірбек Оразұлы, Алматы қаласы студенттер «Альянсының» төрағасы Жасұлан Қуандық, Тараз қаласы «Жас Ұлан» патриоттық клубының «Ең үздік жас сарбазы» Тұраров Дулат Серікжанұлы және ТМД елдері бойынша автоматты шашып, жинаудан бірінші орын жеңімпазы Даяна Сейітжаппар қатысты.
«Алматы» студенттер Альянсы» корпоративтік қорының төрағасы Жасұлан Қуандықтың айтуынша, лагерьге еліміздің 14 облысы және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан арнайы іріктеліп алынған әскери-патриоттық клубтар мен бірлестіктердің мүшелері, белсенді жастар қатысады.
«Лагерьге 51 адам іріктеліп келді. Негізгі құрам «Жас сарбаз» әскери- патриоттық клубынан алынып отыр. Ал 10 шақты адам арнайы өткізілген конкурстың жеңімпаздары. Бізде осыған дейін әскери видеороликке байланысты конкурс жарияланған болатын. Яғни, біз тек әскери бағыттағы клубтарды ғана емес, сонымен қатар еліміздің белсенді жастарын да тартуды көздедік. Республика өңірлерінде видео-конкурс өткізу арқылы, әлеуметтік желідегі инстаграм парақшасы арқылы жеңімпазды анықтадық. Бірінші орынға фотоаппарат берілді. Ал ерекше видеоролик жасаған белсенді жастарға «Жігер» әскери-патриоттық лагеріне жолдама бердік», – дейді Жасұлан Бостандықұлы.
Оның айтуынша, жоба барысында жастарды әскери-патриоттыққа тәрбиелеу бойынша бірнеше іс-шаралар кешені жүзеге асып, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарынан құрметті тұлғалармен кездесу, дөңгелек үстелдер, оқыту семинарлары, тренингтер, шеберлік сағаттар, пікірталас алаңдары, сонымен қатар арнайы әскери жаттығу мен тәжірибелік сабақтар жүргізілетін болады.
«Жігер республикалық әскери-патриоттық лагеріне шақырылып жатқан - ҚР Қарулы күштерінің офицерлер құрамы. Жастар офицерлер құрамымен кездесіп, әскери тақырыптағы сұрақтарға жауап ала алады. Сонымен қатар қоғам және мәдениет қайраткерлері, ҚР еңбегі сіңген тұлалар мен арнайы спикерлер шақырылды. Олар өзін-өзі дамыту және көшбасшылық қасиеттері жетілдіру мақсатында жан-жақты бағыттар бойынша семинар-тренингтер өткізетін болады. Үш күннің ішінде барлығы жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймын», – дейді «Алматы» студенттер Альянсы» корпоративтік қорының төрағасы.
Сонымен қатар лагердің бір ерекшелігі – бұл идеологиялық бағытта жүреді. «Айбын» тікелей спорттық бағытта жұмыс атқарса, бұл жолғы лагердің негізгі бағыты әскери-идеологияны көздейді.
«Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының жетекшісі, аға-лейтеанант Мейірбек Оразұлы лагерьге қатысқысы келетін жастар – әскери қиындықтарды еңсере білетін талабы зор жастар болуы керектігін алға тартады.
«Жас сарбаз» қозғалысы 2018 жылы 30 қарашада Елбасымыздың бастамасымен дамып келе жатыр. Қазіргі таңда «Жас сарбаз қозғалысының ішінде 6045 клуб 174 мың дарынды жастарды қамтиды. Қазақстанның әр аймағында филиалымыз бар. Мақсатымыз осындай әскери- патриоттық лагерьлер, жиындар, түрлі іс-шараларды ұйымдастыру.
Жас сарбаз қозғалысының өзіндік талаптары бар. Біріншіден баланың денсаулығы мен сабақ үлгерімі жақсы болуы қажет. Сонымен қатар жыл сайын белсенді болып, әскери техникаларды игере білуі керек. Осы талаптардан өту арқылы клубқа қабылданып, іріктеуден өтіп, облыстық және маңызы жоғары іс-шаралардың біріне жолдама ала алады», – дейді Мейірбек Оразұлы.
Расымен, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру – мемлекеттің негізгі рухани тірегі, қоғамның дамуына, азаматтың адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына, жастардың әскери іске қызығушылығын арттыруға негіздейтін маңызды бағыттардың бірі.