Weekend
Мінез қандай болса, ауру да сондай!
Халқымыз «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейді. Кейде адамдардың жоқтан өзгеге абыржып, сау басына сақина, аман жанына ауру тілеп алатын, дертіне дерт жамап алатын жағдайлары болады. Кейде басымызға келген қиындық пен дертті сынақ көреміз. Ал кейде ол өзімізден, жасаған қателіктердің кесірінен болуы да мүмкін.
Жолы болмай, сынақтан сүрініп, не ауруға шалдығып жатсақ, бір сәт тоқтап, өткен өмірімізге көз жүгіртетін, неден қателік жібергенімізді ұғына алмайтын сәттер болады. Жетістікке жетуге де не нәрсенің кедергі келтіріп отырғанын ұғына алмай дал боламыз.
Мұнымен қалай күресуге, қалай ауру мен сырқаттан ада болуға, жанымызды бақытқа бөлеуге болады? Жалпы, адамзаттың бақытты болуы үшін не істеуі керек? Ойлау танымы қалай болғаны жөн?
Бүгінгі кейіпкеріміз, ілім үйретуші Мұрат Шпекпаев адамның өмірде жіберетін іргелі қателіктері мен оның алдын алуы жайлы айтып беретін болады. Психологиялық тренингтерді елімізде алғашқылардың бірі болып қазақ тілінде жүргізе бастаған Мұрат Базарбекұлы әлемде екі ірі фундаментальды ілімнің негізін қалаған, академик Мырзакәрім Норбековтан ілім алған. Әлемнің 3 миллион азаматына жүргізілген тәжірибенің арқасында қалыптасқан «Норбековтың өзін-өзі сауықтыру ілімін» Қазақстанға қазақ тілінде жүргізуді мақсат тұтып отыр.
Ал әңгімесін қазақтілді тренер «Мінезің қандай болса, дертің де сондай» деген тұжырымнан бастады...
- Мұрат аға, мұны қалай түсінсек болады?
- Мінез емес, мінез-құлық десек болады. Яғни, адамның мінез-құлқы қандай болса, дерті де сондай. Дерт немесе ауру – бұл адам мінез-құлқының салдары. Адам дертпен емес, өзімен күресуі керек. Өзімен күресуі дегеніміз – мінез-құлқын, өмірге деген көзқарасын, адамдармен қарым-қатынасын дұрыстауы. Өмірде байқасаңыз, көп ренжитін, өкпешіл, ешнәрсеге көңілі толмайтын, ашуланшақ адамдардың ауруға жиі шалдығатынын көруге болады. Мұның барлығы не? Дұрыс айтасыз, бұл – мінез-құлық. Демек, жаман мінез-құлықтан етегімізді аулақ салып, өмірге деген көзқарасты жөндеуіміз керек. Адам – өте жүйелі жаратылыс қой. Санасында не болса, денесін де сондай бағдарлама болады.
- Ондай жаман қасиеттерден арылу үшін не істесе болады?
- Жаратушымыз біздің бойымызға ерекше, тұма, әу бастағы қасиеттерді құйып берген. Ол – жақсылыққа ұмтылу, мейірімді, қайырымды болу деген қасиеттер. Жоғарыда айтқан жаман мінез-құлықтарды осындай сапалы қасиеттерге алмастыру керек. Бұл, әрине, үлкен жұмыс. Бірақ өміріңізге көз жүгіртіп, өзіңізді өзгерткіңіз келсе, онда түк те емес! Неден бастаған жөн сонда? Алдымен, күліп жүруді, бәріне ризашылық танытып, шүкіршілік етуді үйрену керек. Адам үнемі күліп, жымиып жүретін болса, бақыт гармоны да көп бөлінеді. Содан адамның жан-жүрегі мейірімге, жақсылыққа тола бастайды. Содан адамдармен қарым-қатынасы да жақсарады.
- Ашуланудың адамға тигізер зияны қандай?
- Ашуланғанда, өкпелегенде, ренжігенде, бір сөзбен айтқанда, негативті сезінген кезде, бұлшық еттері тырысып, тартылып қалады. Содан адамның қан тамыры қысылып, қан айналымы нашарлайды. Ал қан айналым нашарлаған соң, дененің әр жерінде, талшығында қан ұйып, зиянды заттары жинақталып қалады. Ал бұл кейін ауруға шалдықтырады. Қысқаша осылай түсіндірсе болады.
- Ал күліп жүрудің пайдасы ше?
- Адам күлген кезде, яғни, позитивті сезінген кезде, бұлшық еттері босап, денесі жұмсарады. Содан қан айналымы да жақсарып, ас қорыту мен ішек жүйесі жақсы жұмыс жасайды. Ал жұмсарған бұлшық ет пен кеңейген қан тамырлары кез келген ақпаратты өңдеуге дайын тұрады. Әсіресе, Норбековтің іргелі жаңалықтарының бірі – осы қан түйіршіктерінің – эритроциттердің биологиялық белсенділігін арттырумен байланысты. Қан түйіршіктерін белсенді ету арқылы адам ағзасын тепе-теңдікте ұстауға болады. Көңілді жүрудің мәні сонда.
- Жаман мінез-құлықты жеңу үшін не істеген жөн?
- Жаман мінез-құлық, былайша айтқанда, кемшілік қой. Адам өзінің бойында қандай кемшіліктері бар, соны мойындай алуы керек. Мәселен, ішімдікті көп ішетін алқаш адам өзін алқашпын деп мойындамайды. Ал ол мойындаған күні онымен күрес басталады. Сол сияқты біздің курсқа келген адамдарды да ең алдымен, кемшіліктерін мойындауға үйретеміз. Ал өзінің кемшілігін мойындаған әрі онымен күресуге дайын адам – көкірегі ашылған адам десе болады. Сонда ғана адам өзін Жаратқанның ерекше жаратылысы екенін және жеке тұлға екенін ұғынады. Бір тылсым күш оны өмір бойы демеп, қолдап-қолпаштап жүргенін сезінеді. Демек, адам ашуланды не, ренжіді не – бәрібір. Оған көмектесетін арғы тылсым күш бар, сол жебеп жүреді оны. Ал өзін және Жаратушысын таныған адамның бойынша мейірім мен кішіпейілдік орнайды. Өмірде Жаратушының өзінің салып берген жолы бар, оның тағдыры бар. Сондықтан аса күйбелектене беруге тағы болмайды.
- Норбековтің іліміне тоқталыңызшы...
- Мырзакәрім Норбеков – РАН академигі. Шынайы ұстаз, данагөй. «Адамның өзін-өзі сауықтыру» ілімін 25 жыл бойы практика жүзінде дәлелдеген. ТМД елдерімен бірге Еуропа мен АҚШ, Қытай елдерінде тәжірибелер жасаған. Яғни, бұл ілім нәсілге, ұлтқа бөлінбейді. Бәріне бірдей ортақ нәтиже береді. Ғалымның «Опыт дурака» деген кітабы бар. Өмір бойы зерттеген ілімі осы 250 беттік кітапқа, қысқа да нұсқа жинақталған. Өзінің айтуынша, өзін-өзі сауықтыру ілімін айдаладан алмаған. «Ата-бабамыздың ілімін, солардың жүріп өткен жолын зерттеу, сынақтан өткізу арқылы қорытып, бүгінгі заманауи адамның болмысына сай бейімдеп шығардым» дейді. Сондықтан мұны жаңалық деп емес, бабадан қалған ілімді игеру деп қабылдасақ болады. Жалпы, Норбековтың жүйесі әлемде ең тез сауықтыру курсы саналады.
- Бұл ілімді игерудің жолдары қандай?
- Жоғарыда айтқанымдай, адам – жүйелі жаратылыс. Денесі – толған бағдарлама. Мәселен, адам бір жерін кесіп алып, қан кететін болса, енді не істеймін деп күйбелектемейді. Оны орап қойса болғаны – адам жасушылары бір-бірімен тігіліп, қан өзі тоқтайды. Яғни, адамның денесі бағдарлама деп отырғаным – сол. Адамның бойында кез келген дертке қарсы тұратын иммунитет пен функция бар. Бірақ ол адам қателескен сайын, жаман мінез-құлықтың салдарынан ол функциялар бітеліп қалады. Ал Норбековтің ілімінің басты мақсаты – сол функцияларды оятып, жарасын ашу. Оны ашу үшін адам рухани жағынан жаңара отырып, біз ұсынған бірнеше физикалық жаттығуларды орындауы керек. Бұл ілімнің денеге жасайтын барлығы 27 жаттығуы бар. Буынды босататын, жүрек қызметі мен ми қызметін, дене қызметін жақсартатын жаттығулар. Қант диабетімен, остреохондроз, геморрой, обыр, рак ауруымен ауыратын жандар осы жаттығуларды жасау арқылы дертінен айыға алады.
Мұрат Шпекпаев жаттығу үйрету кезінде
Жаттығу 4 сағаттан 10 күнге арналған. Біз үйреткен жаттығуларды тағы 30 күн үзбей қолданса, 40 күннің ішінде бүкіл ағзаны қалпына келтіруге болады. Яғни, 40 күн жасаған әдет адамға бағдарлама болып жазылып қалады.
Кейін осы жаттығулар – сіздің күнделікті әдетіңізге, мінез-құлқыңызға айналады.