Weekend
«Кто мы такие, что бы сомневаться Рамануджан, тем более в Боге»
«Кто мы такие, что бы сомневаться Рамануджан,
тем более в Боге»
«Мен бұл рецензияны жазу кезінде математикалық терминдер мен сандар жайында хабар бермеуім мүмкін. Себебі математик емеспін. Бірақ мен бұл фильмнің қаншалықты әсер еткенін және бір фильм арқылы бір ғылымға тізге бүккенімді, түсінбесем де сандардың сырына қанық болғым келетінін мойындаймын».
Автордан
Карл Гаусстың «Математика – ғылымдардың патшасы» дейтін сөзін көп жерден оқысам да мән бермеп едім. Бәлкім өзім филолог болған соң ба екен, сандарды мойындағым келмейтін. Өйткені мен үшін сөздің қасиеті мен құдіреті одан жоғары еді. Бірақ бір ғылымда жүріп бір ғылымды мойындамай келгенім үшін ұяттымын... Бәрін өзгерткен Мэт Браунның «ЧЕЛОВЕК, КОТОРЫЙ ПОЗНАЛ БЕСКОНЕЧНОСТЬ» фильмі.
Ешқандай білімі жоқ, оқу-тоқусыз сандармен ойнай білетін үнділік Рамануджан есімді қарапайым жігіттің бойындағы қасиеті ең бірінші өзгеден бұрын өзіне білінеді. Бойындағы күш, сезім оны құдайды тануға әкелді, ал құдай оған шексіз талант пен шексіз дүниенің есебін шығару үшін сандар берді. Әрине "құдай" деп отырғанымыз оның табынушы мүсіні. Мейлі, бастысы сенім бар. Рамануджан жалпы өмірде болған адам. Ол үндінің керемет математигі. Ал бұл фильм соның құрметіне түсірілген. Дегенмен фильм өз межесінен асып түскен. Енді тарқатайын...
Сұлу келіншегі мен қарт анасы бар жас математик ең алдымен санасына құдайдан келген сандар мен формулаларды құдай үйінде жазып бастайды. Тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған мидың өлшеміне шек жоқ. Ақыры қағазға да түсіріп, өзінің бойында болып жатқан құбылысты бөліскісі келді. Тек оны елеген, оны мойындаған ешкім болмады. Ойлап қараңыз, көз алдыңызда қара торы, білімі жоқ, жалаңаяқ жігіт мен математикадан жаңалық аштым десе сенер ме едіңіз?! Әрине, бірден емес. Тіпті күмән мен күдік басым тұрады. Ең бірінші ол жұмысын қаржы бөлімінен бастайды. Сонда жүріп жазған дүниелерін жинақтап Үндістандағы белгілі деген ғалымдарға көрсетіп, бір шешімін тапқысы келгенімен, нәтиже нөл болды. Сіңірі шыққан кедей жігіттің амалы таусылып, ақыры әлемдік кеңістікке шыққысы келді. Иә, адамның сырт келбетімен оның білімін, не адамдығын бағалау қателік болар. Бірақ өз ортасы сол дүниенің басты екенін көрсетіп берген соң, Рамануджан мазақ пен азапқа төзіп, алғашқы хатын Кембридж университетінің профессоры Годфри Хардиге жазады. Бұл - үлкен ерлік еді. Ол кездегі Кембридж университетінің атағы қазіргіден асып түспесе кем емес еді. Бұл 1913 жылғы оқиға болатын. Ең бастысы сенім мен үміт бар. Қолына түскен хатты оқып шыққан, профессор Г.Харди таң қалысын жасыра алмайды. Іштей басқа бір құрлықта өмір сүріп жатқан үндіс үшін іш жібіткісі де келген жоқ. Бірақ хаттағы формулалар кімді болмасын ойландыратын еді. Өйткені, әлі ғылымда жоқ дүниені ашу, жаңалық әкелу ғалам үшін қайталанбас құбылыс еді. Міне, оның өзін емес, бойындағы дарынын мойындаған профессор басқа сандардың сырын ақтарып жүрген, құдайынан басқа сенері жоқ Рамануджанды тез арада университетке алдырғысы келді.
Г.Хардиден келісім жайында хат алған жас математик жер шарының қай бұрышы болса да баруға дайын еді. Ақыры Ұлыбританияға жол тартады. Санасына симай кеткен сандар оны отбасынан да, елінен де айырды. Бәлкім айырды деуге келмес, бірақ тәуекелге бел бууы оның ғылымға деген махаббатының шексіз белгісі еді.
Ақыры ұлы күн туды. Білімі толық емес, санасында сенген сандары ғана бар Рамануджан әлемге аты әйгілі, еуропаның ең беделді математигі, профессор Г. Хардимен жүзбе-жүз кездесіп қол алысты. Бұл жеңіске деген бір табан жақындық еді. Мұнда Рамануджан тек қана өзінің жазған, миына симай кеткен есептерінің белгілі бір кітапта не бір мақалада жарық көргенін қалады. Оған бұл да жеткілікті еді. Бірақ ол оңайға соққан жоқ. Біздің кейіпкеріміз сандардың сырын тапқанымен, оларды формулаға салып (ойынан құраған) есептей алғанымен, аталған дүниелердің қайдан келгенін дәлелдей алмайды. Өзінің жауабы: «бұл Құдайдан!». Ал ғылым, оның ішінде теория абстарктты ойлауға көнбейді. Тіпті сенбейді де, сенген емес. Ғылым дәлелдеу мен заңдылықты сүйеді. Ал үнділік жігіттің бұл сәтсіздігі оны алға алып шыға ма, әлде осы жерден артқа қайта ма деген сұрақ фильм барысында міндетті түрде сіздің ойыңызда айналып жүретін болады. Режиссердің де рөлді сомдаған кейіпкердің де мықтылығы мен шеберлігіне тәнті болмасқа амал жоқ.
Иә, ендігі мақсат Рамануджан үшін өзі ойлап тапқан дүниесін қайдан алды, қалай болды деген сұрақтарға жауап бере отырып, дәлелдеп шығу. Тіпті, фильм орта тұсына жеткен кезде Кембридж университетінің оқытушысы, белгілі бір профессор сабақ үстінде формула жазып болып жас үндіске қарап: «Сен неге жазбай отырсың, әлде алып–қосарың бар ма?!» деп мазақ етеді. Орнынан еріксіз тұрған Рамануджан тақтадан тұрған жақшалаған есептердің жалғап жаза бастайды. Біткен соң борын оқытушысына ұстатады. Ал оқытушысының айтқаны: «Сен мұны қайдан білесің, қайдан көрдің, мен тіпті формуланы аяқтаған жоқпын ғой» деп таң қалады. Ал бұл сіз бен біз үшін дарындылқтың бір белгісі болғанымен, профессор үшін қызғаныш болып қала берді. Өзіне ұнамаған үндісті жерден алып жерге салады да, оның орны төменде екенін көрсетеді. Рамануджан өз ортасынан осы үшін қашып келген жоқ па?! Адамдардың сырт келбеті емес, ішкі жан дүниесі мен білімі үшін осында бағалау бар деп... Жоқ өкініштісі мұнда да сол қатып қалған қағида....
Фильм әрі қарай шиеленісіп, соғыс уақыты басталып кетеді. Соғыс кезі ағылшындар үшін ауыр тигені анық. Бірақ соғыс білімдінің жарық шашу үшін кедергі болмауы керек қой. Ойда жатқан бір сан бүкіл бір дүниені өзгертіп жіберуге жететін еді. Фильм барысында тіпті адамдардың жеккөрушілік қасиетін де ашып көрсеткен. Оған себеп, соғыс кезінде ағылшындардың жау тылында жүріп, қайдағы бір үндіс математигінің санмен әуре болып жүргені ұнамаса керек, оны ұрып ақыры көзін де көгертеді. Бірақ көгерген көз бастың ішіндегі сандарға әмірін жүргізе алмас-ты.
Әр күн сайын құдайын ұмытпаған, құлшылығын ұмытпаған Рамануджан дәлел іздеу жолында барын салады(Осы жерде «аралық есеп» термині жайында сөз болады, сол есептің көп көрсеткішті мәнін табу үшін дәлел іздейді). Әр күн сайын ұйқысыз таң атырып, соғыс залалын да көріп, суықтан «туберкулез» ауруын да жұқтырып алған Рамануджан үшін ендігі жұмыстың жемісті болуы барған сайын қорқынышты болады. Себебі дәрігердің айтуынша оның аз ғана ғұмыры қалған. Ал бұл деген - әділетсіздік қой. Бір басына бүкіл әлемнің есебін сидыруға болатын адамның келте ғұмыр кешуі сізше әділетті ме?! Әлде бұл құдайдың берген дарынына құлының жарты ғұмырын алуы ма?! Бұл ендігі жерде тағдырдың тауқыметі.
Ешбір нәтижесіз деген күннің өзінде төсек тартып жатқан математик үндіс ақыры дәлел тапты. Тапты! Фильмді көріп отырып мен де қуандым. Сан үшін сандалған ғұмырдың зая кетпегені үшін қуандым! Түсінесіз бе, мен математик емеспін бірақ мен сандармен байланысқа түсе алдым. Мен оларға есеп ретінде емес, кәдімгі сөз ретінде қарай алдым. Ал бұл фильмнің жеңісі ғой.
Г.Харди дәлелін тапқан есепті қолына ұстап жүгіріп кетті. Ол үндіс үшін, ол үндістің таланты үшін еңбек етті. Ғылымды ғалым түсінер деген осы болар. Бүкіл Кембридж, бүкіл математикатердің басын қосқан жиында Рамануджанның теориясын дәлелдеп шықты. Ақыры бәрі бір ауыздан шешімге келіп, жас та болса үндіс жігіттің қауымдастыққа енгенін қолдады. Иә, ол енді «Лондон корольдік қауымдастығының» мүшесі. Бұл сіз бен біз ойлап отырған атақ пен абыройдан әріде жатыр. Бұл фильмнің аяқталар сәті. Ал атеист болса да, құдайдан гөрі заңдылыққа сенетін профессор Г.Харди ең соңғы сөзін былай деп түйіндейді: «Кто мы такие, что бы сомневаться Рамануджан, тем более в Боге». Иә, фильмнің тағы бір ерекшелігі сенімнің адамға әсері еді. Рамануджан тек ғылымды таң қалдырып қойған жоқ, ол құдайдың бар екенін дәлелдеп кетті.
Арада бір жыл өткен соң Рамануджан ауруынан жазылмай өмірден өтеді. Ал бұл хабар Г.Харди үшін ауыр соққы болды. Фильмнің соңында Г.Харди жас математик, гений Рамануджанды өздерімен тең дәрежеде бағалап, асып түскенін де айта кетіп аяқтайды.
1976 жылы белгісіз бір дәптер табылады. Ол дәптер Рамануджанға тиесілі еді. Ондағы сандардың құдіреттілігі сондай Бетховеннің 10 симфониясына тең болған. Ал сол дәптердегі формулалар бүгінде «Черная дыраның» өлшемін есептеуге көмектесіп келеді. Әрі оны ашуға да себепкер болған.
Иә, фильм осылай аяқталды. Мен көріп болғаннан кейінгі ішкі жан дүниемде орын алған сезіммен бөлісе алмаймын. Өйткені, оны жеткізе алмаймын. Мен екі сағатқа жуық уақытымның осы фильммен бірге болғанына ешқашан өкінбеймін. Сіздер де өкінбейсіздер. Көріңіздер.
Бәлкім бүкіл сюжетті жазып, түгін қалдырмаған да болармын. Бірақ оқу басқа, көріп барып өзіңше түю басқа дүние. Рамануджан мен үшін жәй ғана фильм кейіпкері емес, бір ғылымды сүюге апарған, сандарға ғашық қылған, әлемді және жоқ дүниеге деген сенімді өлтірмеуге жетелеген (құдай), профессор Г.Харди екеуіміздің көзімізді ашқан ұлы тұлға.
Осыдан талай ғасыр бұрын Пифагор дейтін шал: «Әлемді сандар билейді» деп айтып кеткен еді. Мен оған енді еріксіз сене бастадым...