Кеттік, Bugin

Турист жазбасы: Ясауи атамыз бен оның кесенесі туралы не білеміз?

Орта ғасырға куә болғыңыз келсе, кеттік!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы мен "Limon.kz" туристтік компаниясымен бірігіп, жақында ғана "Кеттік, Bugin!" жобасын бастаған еді. Жобаны бастаудағы мақсатымыз – еліміздің туристтік аймақтары жайлы кең көлемді ақпарат беріп, азаматтардың туристтік мәдениеті мен сауаттылығын арттыру болатын.

Жаз бойы демалыс аймақтарына турист тасыған компания өткен аптада күзгі маусымның шымылдығын ашып, алғашқы туристтік автобусын киелі Түркістанға аттандырды. Бұл жолы киелі қалаға ат басын тірегендердің арасында біздің сайттың журналисі де бар еді.

Рухани сапар барысында біршама деректерге қанық болдық. Арасында өте өзекті тақырыптар да бар. Оны алдағы уақытта журналистік зерттеу жасау арқылы жариялайтын боламыз. Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішінде жатқан Абылай ханның сүйегі, шын мәнінде, үш жүздің басын қосқан Ұлы ханның мүрдесі емес деген деректің түбіне шырақ алып түспекпіз...

Түркістанға сапар шеккен туристтер Арыстан бабтың, Қожа Ахмет Ясауидың кесенесі мен Укаша атаның бейітіне, Айша бибі кесенесіне барып қайтты.

Сонымен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жайлы не білеміз? Соған тоқталып өтелік...

Қожа Ахмет атаның өмірінен деректер

Қожа Ахмет Ясауи – 1093 жылы дүниеге келген, тегі қожа, түркістандық ғұлама, әулие. Ататегі Мұхамед (с.ғ.с) пайғамбарымызға дейін жетеді. Үлкен аталары Ысқақ қазақ даласына ислам дінін тарату үшін келген. Әкесі мен аталары өте әулие, даңқты адамдар болған. Өзі де Орта Азиядағы ірі діни уағызшылардан ілім алған.

Өмірін дінге арнаған Ясауи атамыз халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, «қожа» деген атақ алған. Ел-жұрты құрмет тұтып «Әзірет сұлтан» деп те айтқан. «Хазірет» сөзі араб тілінен «киелі, қасиетті» деген мағынаны білдіреді. Ясы қаласының діни ұстазы атанған. Бұрын «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесі аталып жүрген кесененің қазіргі атауы - «Әзірет Сұлтан кесенесі» (атауы жақында ғана өзгертілген).  

XI ғасырда тұрған Түркістандағы үйі әлі күнге дейін сақталған. Бұл үйде жары Гүлсім және қызы Гауһармен тұрған. Ахмет атамыз бен Гүлсім анамыз осы үйдің маңында жерленгендіктен, кесене де осы жерде тұрғызылған. Ал қызының бейіті Түркістан қаласының шетінде.

Қожа Ахмет тірі кезінде үйін мешіт-медресеге айналдырған екен. Жұма намазы мен айт намазын оқу үшін Ясы жұрты әзіретінің үйіне қарай ағылатын болған. Намазға келгендерге тегін тамақ таратылған екен.

Үйінің маңайы үлкен діни кешенге айналған деседі. Үлкен кітапхана мен дәрісхана, монша, қонақ бөлме мен жатын бөлмелер болған. Өкінішке орай, кеңес билігі мұның барлығын жермен жексен етіп жоқ қылды. 1940 жылға дейін бұзылмай тұрған кешенді көрген неміс сәулетшілері кәріз жүйесін көріп «мұндай кәріз дамыған Еуропада да болмаған ғой» деп қайран қалған көрінеді.  

Қылуетті аталарымыз сақтап қалған

Ясауи атамыз 63 жасқа толған соң, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірінен артық өмір сүрмеймін деп, жекеленіп, қылуетке түсіп кеткен. Қылуеттің өзінде 62 жыл өмір сүрген. Онда намаз оқып, ораза ұстап, мінәжат еткен. Атақты «Диуани лұғат» атты 4 мың жолдық еңбегін жазып шыққан. Аңызға сүйенсек, әзіретіге періштелер түнімен ұйқы бермей, Алладан келген уахиді жеткізіп, осы еңбекті жазғысып шығарған деседі.

Қылует әлі күнге дейін сақталып қалған. Оны осы күнге жетуіне түркістандық көнекөз қариялардың еңбегі өлшеусіз. Кеңес билігі діни нысандарды бұза бастаған кезде, бір топ қария түн жамылып келіп, қылуеттің үстін таспен, құммен жауып кеткен екен. Бұл қылует археологиялық қазба жұмыстары кезінде 1996 жылы ғана табылған. Ғалымдар жертөлені аршып қараса, осыдан 9 ғасыр бұрын салынған нысанның сол күйі сақталып қалғанын көреді. Тіпті, кірпіштері де сол күйі сақталып қалған.

Кірпіштің сақталып қалуының маңызы зор. Өйткені кеңес билігі 1942 жылы Ясауи қабіріне салынған нысандардың күйдірілген кірпіштерін бұзып әкетіп, май зауытын салмақ болған еді. 1933 жылдары Түркістанның бір өзінде 33 мешіт болған деседі. Соның барлығы бір түнде жойылған.

Сақталып қалған нысандардың бірі – 10 ғасырда қазылған құдық. Ол Ясауи атамыздың үйінің ауласында орналасқан. Тереңдігі – 14 метр. 

Суы өте шипалы, қасиетті. Құрамында иондалған күміс бар. Сондықтан келген туристтер суды ішер кезде, тілек тілеп, Аллаға дұға жасап ішкені жөн.

Қазір Ясауи атамыздың үйінің маңында сақталып қалған нысандардың барлығы мемлекеттік мұражайға берілген.

Ясауи кесенесі қазіргі «Ақ орда» қызметін атқарған

Бүкіл Шығысты тітіреткен Ақсақ Темір Қожа Ахмет әулиенің аруағын қатты құрметтеген. Соның құрметіне XIV ғасырда парсы сәулетшілерін шақырып, өзі «қаржыландырып» Ясауи атамыздың қабірінің басына үлкен кесене салғызған. Алайда Әмір Темір қайтыс болып, кесене аяқталмай қалған. Оның немерелері мен шөберелері 2 ғасыр бойы кесенені салу мен жөндеу жұмыстарын жасаған екен. Кесене әлі күнге дейін жөнделуде.

Кесененің қасбетінде бұрынғы жөндеу жұмыстарынан қалған алып ағаштар әлі тұр. Ортағасырлардағы ұсталар сол ағашқа отырып, кірпіш қалаған.

Ал XVI ғасырда кесенеге ат басын тіреген Есім хан Ясы қаласын Қазақ хандығының құрамына қосып, түркі әлемінің рухани орталығы деп, оған «Түркістан» деген атау берген. Содан бері бұл кесене де, Түркістан қаласы да қазақ жеріне тиесілі.

Кесененің сыртқы биіктігі – 41 метр болса, ішкі биіктігі – 39 метр. Күмбезі Орта Азиядағы ең үлкен күмбез болып саналады, диаметрі – 18,2 метр.

Түркістан Қазақ хандығының құрамына енген соң, қазақ хандары Ясауи кесенесін резиденцияға айналдырып, барлық стратегиялық шараларды осы жерден қабылдап, қадағалаған. Былайша айтқанда, кесене хан әкімшілігі қызметін атқарған. Хандарға дат айтып, өтініш білдіруге келгендердің барлығы кесенеге кіріп, арнайы қабылдау бөлмесіне жазылып, хан бөлмесіне енетін болған.

Хандар соғысқа аттанар алдында мешітке кіріп, бата алып, жорыққа аттанған деседі.

Шарапаты тиер деген ниетпен жерлеген...

Ясауи кесенесінің маңына 24 хан-сұлтан мен 57 батырдың, 18 бидің сүйегі жерленген. Халқымыздың бар жақсы-жайсаңдары мен игі жақсылары осында жатыр. Олардың барлығы хал үстінде жатқан кезде ұрпақтарына өсиет етіп, әулиенің жанына апарып жерлеуді өтінген.

Қасиетті орында жерленсек, Алланың мейірімі мен шапағаты тиер деген ниет болған көрінеді. Арқада көз жұмған Қаз дауысты Қазыбек бидің сүйегі де осы жерге жеткізіліп жерленгенін бәріміз білеміз.

Кесененің маңайына жерленген хан мен батырлардың сүйегі түгелдей қазылып, кесененің ішіне кіргізілген. Жергілікті қариялардың айтуынша, сүйектерді қазу жұмысы 7 жылға дейін созылған көрінеді. Кесенеге жерленген уақыты – 1999 жыл.

Мұнда Абылай, Есім, Тәуке, Жәңгір, Жолбарыс, Әбілмәмбет хандардың, Бөгенбай батыр, Есей батыр, Шақшақ Жәнібек, Мамай батыр, Жарылғап батырдың, Қазыбек бидің, Әнет бабаның, жалайыр Нарынбай әулиенің, Қанай бидің, Қонақай мен Қараменді бидің, тағы басқа есімі алты алашқа танымал адамдардың сүйегі жатыр. Бұлардың көбі ХVII-XIX ғасырда өмір сүрген адамдар. Алайда арасында XVI ғасырда өмір сүрген адамдар да бар.

Кесене «Алла» жазуына ұқсайды

Кесененің құбыла жағы, яғни, батыс бетінің қалыбы араб графикасымен жазылған «Алла» сөзіне ұқсайды. Ал кесененің жоғарғы жағында фризик жазумен «Ән'ам сүресінің» (Құрандағы 6-сүре) аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисі жазылған.

Хан-батырлар жорыққа аттанар кезде мойнына тағып жүретін Ахмет Ясауидің мөрі болған екен. Әрбір қазақтың үйінде сол мөр тұрған деседі. Алайда кеңес кезінде ол да жойылып кеткен. Қылуетке кірер тұста осы мөрдің көшірмесін көруге болады.

Ясауи бабамыздың мөрінде көне шағатай тілінде «Есімдердің жақсысы Құдайдың атымен, Аспан мен Жердің зияны да, зарары да жұмырбасты пендем, басыңа қонбасын. Алла бәрін білуші, естуші» деген мағынада дұға жазылған екен.  

Рәбия бегімнің кесенесі

Ахмет Ясауидің кесенесінің дәл алдында Рәбия сұлтан бегімнің кесенесі тұр. Рәбия бегім – өзбек ханы Әбілқайырдың төртінші әйелі, Әмір Темір әулетінің қызы. XV ғасырда өмір сүрген.

Сол ғасырдағы ең сұлу әйелдердің бірі болған деседі. Сегіз тілді жетік білген Рәбия сұлтан бегім кезінде мемлекеттік істерді басқаруға қатысқан санаулы мұсылман әйелдерінің бірі болды. «Рәбия» сөзі араб тілінде «көктем» деген мағынаны білдіреді.

"Қазақ хандығы" фильміндегі Рәбия бегімнің рөлі

Кесенеден өзімен бірге екі ұлы (Көшкінші және Сүйінші) және төрт немересі жерленген. Кесененің күмбезі көгілдір ақық түсті. Сол заманда көгілдір түс тұрмысқа шықпаған қыздардың белгісі болған. Ондай қыздар көгілдір әшекей таққан.

Көгілдір түстің өзі бақыт деген белгіні білдіреді. Ясауи кесенесінің күмбезі де көгілдір түсті. Қазақтың байрағындағы түс те көгілдір...

Сурет авторы: @temir_serikbaeyev