Саясат

Ақорда – астаң-кестең: Кадрлық былықтың артында не тұр?

Тоқаев Маминнің артына түсті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кетіп (бірақ биліктен емес), Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланғаннан соң, жаппай кадрлық тағайындаулар басталғаны белгілі. Ең қызығы да сол – тағайындаудың бей-берекет, астаң-кестең жүріп жатқандығы. Халық та, билік органдары да шатысып кетті.

Айналдырған алты айдың ішінде жаппай тағайындаудың үш бірдей толқыны жүріп өтті. Қазақстан билігі тарихында мұндай астаң-кестең, жүрді-бардым, жылдам тағайындаулар болған емес. Сонда бір шенеуніктің бір орында отырғанына екі-үш ай ғана болған. Былайша айтқанда, Ақорда шенеуніктерінің жұмыс жасауына «мұрсат бермей отыр». Қазақстан сынды авторитарлы жүйеде шенеуніктердің мемлекеттік қызметтен босауы олар үшін өте қауіпті, ауыр жағдай. Өйткені биліктен айырылған шенеунік бар нәрсесінен айырылатыны белгілі: атақ-абырой, ақша...

Оның үстіне, қайта-қайта орын ауыстырып қана тағайындалып жатқан шенеуніктердің белгілі бір қарым-қабілеті мен кәсібилігі, зияткерлігі ескеріліп, соған орай қызметке отырып жатқаны шамалы. Бұған олардың бұған дейін істеген жұмыстары мен ел үшін жасаған «қызметтері» ғана дәлел.

Сонда мәселенің түпкі түбірі не болуы мүмкін?

Ақордада инсайдерлік ақпарат көздері бар кей альфа-басылымдар кейбір «кикілжің мен кейістің» күрмеуін шығара бастады. Бұл – Назарбаев пен Тоқаев арасындағы кірбің мен кикілжің.

Кадрлық тағайындаудың да артында осы жатқан болар дегендей сыңай танытып жатқан басылымдар бар. Тоқаев – бас, Назарбаев – мойын болса, кейде бұл екеуінің де контактіге келмейтін кездері болады. Бұл кадрлық тағайындаулардан көрініп жатқанға ұқсайды.

Тоқаевтың 100 күндік қызметіне сүзгі жасаған Эксклюзив басылымы Тоқаевтың Назарбаевтың бұғауынан шығып, өзінше ойын бастауға тырысып жатқанын жазады. Бұған мемлекет басшысының 2 қыркүйекте жасаған жолдауы мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтқан ойлары себеп.

- Назарбаевтың саясатын жалғастырамын деген Тоқаев бұл жолы Елбасының саясатынан тыс нәрселерді айтып, экономикадан бұрын саясатты жоғары қойып, оны либералдандыруға көшті әрі Елбасының экономикалық қағидаларына қарсы ұсыныстар жасады, - деп жазады басылым.

Назарбаевтан босап шыққысы келген Тоқаев кадрлық саясатты жаңаша жүргізуге мүдделі болып отыр. Ал оны сезіп отырған Назарбаев болса, өзінің «адамдарын тығуға» әрекет жасап жатыр. Бұған Шымкент қаласының экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахмановтың Асқар Маминнің жанына кеңесші болып келуі дәлел. Өйткені Тоқаев бастаған президент әкімшілігі Әбдірахмановты «халықтың сенімін ақтай алмады» деп мемлекеттік қызметтен босатып жіберген болатын. Алайда Назарбаевтың «қолбасшысы» Асқар Мамин «бізге не істеп аласыңдар» деген сыңаймен мемлекеттік қызметтен абыройсыз қуылған Әбдірахмановты өзінің жанына тартып алды.

Ал басылымның инсайдерлік ақпараттарына сүйенсек, Тоқаев Маминнің артына түсу үшін бұрынғы ҚТЖ-да жасаған қызметтерінен шикілік табуға тырысып жатқан көрінеді...

Қазіргі тағайындауларға көз жүгірткен «Жас Алаш» басылымы да Тоқаевтың команда жинап жатқанына сенімді.

- Қасым-Жомарт Кемелұлының өз командасы жоқ. Ол сондықтан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың командасымен жұмыс жасауына тура келді. Алайда, экс-президенттің командасымен жұмыс жасай алар емес. Президент болған аз уақыттың ішінде президент әкімшілігінің үш басшысы ауысты. Оған саяси аренада бұрыннан келе жатқан Қырымбек Көшербаев, Марат Тажин, Бақытжан Сағынтаевтармен жұмыс жасау ауырлау. Сондықтан да екінші планда жүрген Ерлан Қошанов, Роман Склярлардың позициясы күшейді. Қазір Тоқаев өзіне қолайлы команда жасақтап жатыр. Бұл процесс 1,5 жылға дейін жалғасуы мүмкін, - деп жазады басылым саясаттанушы Максим Казначеевтің сөзін.

 Ал Орталық Азиядағы саяси өзгерістерге зерттеу жасаған аналитикалық орталықтың мамандары Қазақстандағы тағайындаулардан ештеңе де өзгерген жоқ деген ойда. Өйткені Тоқаев Назарбаевтың саясатын ұстанушы адам болғандықтан, тек Назарбаевтың ұсынысын ғана орындап, соның адамдарын ғана тағайындайды дегенді айтады.

- Тоқаевтың өзін Елбасының адамы әрі ауыстырған шенеуніктердің барлығы Назарбаевтың командасы екенін ескерсек, елде айтарлықтай кадрлық өзгеріс болды деп айта алмаймыз, - деп қорытындылайды басылым.

Алайда бұл пікірге қарсы Эксклюзив басылымының мына бір пікірін ұсынып, жоққа шығаруға болатын сынды.

- Бір нәрсені ескерген жөн: мемлекет басшысы қоғамның қолдауына өте мұқтаж, бірақ бір жағынан өзінің «кумирі» мен оның айналасындағы қуатты командаға қарсы тіс батыруға да қорқып отыр. Назарбаевтың қоластынан шығып, бөлек отау құрғысы, басқаша ойын ұйымдастырғысы келеді. Алайда ірі көзірлердің барлығы Елбасының қолында! Мұндайда не істеу керек? Дұрыс, картаны араластырғаннан басқа амал жоқ, - деп жазады басылым.