Bugin
Тұрғындарға қауіп жоқ
21 қыркүйекте Арыстағы қару-жарақ жоятын полигондағы жарылыста зардап шеккен үш сапердің жағдайы ауыр, біреуінің жағдайы орташа, алтауының халі тұрақты. Бұл туралы 23 қыркүйекте үкімет отырысынан кейін елдің қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев хабарлады.
- Арыстағы қару-жарақ қоймасында өте күрделі жұмыстары басталды. Осы жұмыстар барысында әскери бөлімшеден жарылатын, жарылмайтын қару түрлерінің фрагменттері табылып жатыр. Оқ-дәрілер Арыстан 60 шақырым жерде орналасқан полигонда жойылып жатыр. Жергілікті тұрғындарға, Арыс қаласына қазір қауіп жоқ, - деді Ермекбаев.
21 қыркүйекте Арыс қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан полигонда "оқ-дәрі фрагменттері жарылып", он сапер жараланған. Олар әскери госпитальға жеткізілген.
Тағы оқыңыздар: Арыста тағы да жарылыс: 10 сапер жарақат алды
Осыдан үш айдай бұрын Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қойма жарылып, төрт адам қаза тапқан. Ресми дерек бойынша, қоймадағы оқ-дәрінің 70 пайыздан астамы жарылып кеткен. Қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігі бүлінген.
Осы оқиғадан соң елдегі әскери қоймалардың жағдайы мен қойма маңындағы тұрғындар қауіпсіздігі мәселесі көтеріле бастаған.