Саясат

Марат Тәжиннің қызметтен кетуіне не себеп болуы мүмкін?

Тоқаев Тәжиндей бола алмайды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Осы жылдың наурыз айында мемлекеттік хатшы қызметіне келген Марат Тәжин жаңа президент аппаратында ұзақ отыра алмады. Отыз жылға жуық мемлекеттік қызметте жүрген әрі елдің саяси-қоғамдық идеологиясын түзуші ең танымал тұлғаның ел басқарушы әкімшіліктен кетуі көпті ойландырып тастағаны белгілі. Оның өзінде, Тәжиннің не үшін қызметтен босағаны да, қайта кеткені де белгісіз. «Ғылыммен айналысқысы келеді» дегендей сыңай ғана айтылды... Одан артық ләм-мим жоқ.

Ал мемлекеттік хатшы дегеніміз – елдің идеологиялық негізін қалаушы, президентке ең жақын адам деген сөз. Елбасы биліктен кеткеннен кейін Тәжиннің мемлекеттік хатшы болып келгенде, Досым Сәтпаев дұрыс атап өткендей, бұл – мемлекеттік саясат пен идеологияның мүлдем өзгермейтінінің дәлелі болатын. Саясаттанушы «мемлекеттік саясат мемлекеттік хатшы қызметіне келген тұлғаға тікелей байланысты» деген еді.

Оның үстіне, Марат Тәжин – Елбасының ең сенімді серіктерінің бірі әрі мемлекеттік идеологияны тұтастай құрып, бұрынғы президенттің идеялық генераторы болған адам. Сондықтан ол жақын арада биліктен кететін адам емес-тұғын.

Десе де, оның кетуіне не себеп болуы мүмкін... Соны қарастырып көрейік...

Ол үшін Тәжіннің қазақ билігіндегі рөлін анықтап алған жөн. Ең алдымен, Марат Тәжин – Нұрсұлтан Назарбаевтың идеялық демеушісі. Бүкіл мемлекеттік саясат – Марат Тәжиннің қолымен жасалып, санасында сүзгіден өткен дүниелер.

Тәжин мемлекеттік құрылымға 1992 жылы 32 жасында Қазақ Ұлттық университетінде оқытушы болып жүрген жерінен келген. Келгеннің өзінде, ең қанжығалы қызметтердің біріне топ ете түсті. Дәлірек айтсақ, президент аппаратының ішкі саясат бөлімі жетекшісінің орынбасары болып келді қызметке. Бұған дейін бұл бөлімді 30 жастағы Алтынбек Сәрсенбаев басқарған болатын.

Тәжин Назарбаевтың президент ретіндегі имиджі мен образын айналдырған екі-үш жылдың ішінде жасап берді. Яғни, көреген, салиқалы сарабдал басшы деген имидждің барлығы Тәжиннің ауызынан шыққаны анық.

Тіпті, Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы идеяны да алғаш Елбасыға айтқан Тәжин болатын.  Ал Назарбаев бұл идеяны алғаш 1994 жылы Мәскеу университетінің студенттеріне дәріс оқу кезінде жеткізген. Басында Тәжиннің бұл идеясына ресейліктер қызығушылық таныта қоймағанымен, елдегі орыстілділер үшін жақсы жаңалық болды. Өйткені қазақ билігінің орыс кеңістігінен босап шығуға аса құлықты емес екендігі көрініп қалды.

Тәжин – аналитикалық ойлау қабілеті ерекше адам. Президент әкімшілігінің ішкі саясатында жүріп, үкімет пен президенттің идеологиялық имиджінің өзегін жасаған тұлға. Елбасының аузына идеялар салып, феноменге ие ойларды ұсынып жүрді. Бірақ Елбасының көлеңкесінен шыққан емес. Соның арқасында Назарбаевтың ең сенімді серіктерінің біріне айналды.

Тәжиннің карьерасы жоғары кетті. 1999 жылға дейін президенттің кеңесшісі, стратегиялық талдау орталығының директоры болды. Ал 1999-2001 жылдары Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде маңызды қызметте – президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі болды.

Бұл қызметте жүріп те Тәжин талай идеяның өзегін бері шығарды. Жоғарғы кеңестің 12-ші шақырылымын таратып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идеяны ұсынған да Тәжин болатын. Соның арқасында Назарбаев "қоластына" өзін тыңдайтын, айтқанынан шықпайтын, сенімді адамдарды жинап алды.

Ал 2001 жылы Тәжин Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Әкімшілік қызметте ғана жүрген, кабинеттен шығып көрмеген Тәжиннің қауіпсіздік пен қорғаныс саласына барып белді қызметке отыруы таңқаларлық жағдай болды. Бұған не себеп болуы мүмкін? Тәжиннің бұл орынға келуіне Дариға Назарбаева себепші болған деген қауесет бар: Тәжин Дариға Назарбаеваның президенттікке келуге көмектеспек болған. Алайда аяқ астынан Әбілязов бастаған ҚТД (елде тыйым салынған ұйым) ұйымы елді дүрліктіріп жіберіп, транзит жүзеге аспай қалды.

Кейін Тәжин 2002 жылы Қауіпсіздік кеңесіне келіп, сонда 5 жыл жұмыс істеді. Ал 2007 жылы Ішкі істер министрі болып тағайындалды. 2014-2017 жылдары Мәскеуде қазақ елшісі болды. Ресейде жүрген жылдары сол елде Қазақстанды танытуға, жарнамалауға көп еңбек сіңірді. Ресей баспасөзінен түскен жоқ десек болады. Мәскеу журналисттері мен саясаткерлері оны «Ресейдің үлкен досы» деп атайтын. Кейде мемлекеттік имиджді алға тарту үшін жай нәрселердің өзіне кәдімгідей көңіл бөлетін. Мәселен, Реседің Қазақстандағы елшісі Михаил Бочарниковтен тек қазақ тілінде ғана сөйлесіп, хат алмасатын...

2017 жылы Тәжинге Мәскеудегі елшілік қызметін тастап, елге оралуға тура келді. Оны Назарбаевтың өзі шақыртқанға ұқсайды. Өйткені елде үкіметке қарсы наразылық күшейіп, президенттің беделі түсіп, үкіметке жаңа идеялар мен идеологиялық бастамалар қажет болды. Ал бұл – Тәжиннің маманданған саласы.

Ал Тәжин Қазақстанға оралған соң, Назарбаев президенттің мойнындағы кейбір міндеттерді басқа органдардың арқасына арту туралы халыққа ой айтты. Мұны да Тәжин айтқан болуы керек. Өйткені бүкіл міндетті бір президенттің басына жүктеп қойса, президенттің халық алдындағы жауапкершілігі де жоғары болатын еді. Оның үстіне, 2016 жылы жер сатуға қарсы болған толқулар мен көтерілістер, президенттің ішкі саясатқа жауап беруге толықтай дайын емес екендігін көрсетіп берді. Сондықтан басқарудың кейбір белгілері атқарушы органдар мен заңнамалық билікке беріле бастады.

Алайда Назарбаев пен оның үкіметіне қарсы наразылық кеми қоймағаны белгілі. Мемлекеттік құрылымды қанша өзгертіп көргенімен, еш пайда болмады. Халықтың көңілін табу Тәжиннің де қолынан келмеді. Содан Елбасы биліктен кетуге тура келді. Одан басқа амал қалмаған сияқты.

Елбасы тақтан кеткенімен, Тәжин мемлекеттік билікте қалды. Алайда Тоқаев бастаған президент әкімшілігі Тәжин сынды ақыл-ойдың адамын аппаратта қалдырғысы келмегенге ұқсайды. Өйткені Тәжиннің беделі Тоқаевтан да артық еді. Ал Тоқаев Тәжиндей бола алмасын сезген соң, оны биліктен алшақтатуға кіріскен сыңайлы. Бұған Тәжиннің орнына келген Ерлан Қошанов дәлел бола алады. Өйткені Қошановтың мемлекеттік қызметте тәжірибесі болғанымен, ерік-жігері мен амбициясы жоқ адам.

Тәжиннің әкімшіліктен кетуін, бір жағынан, Тоқаевтың өзі де қаласа, екінші жағынан, Назарбаев та оның қызметінің аяқталғанын түсінсе керек. Өйткені Тәжиннің "қызметі" Назарбаевқа әзірше керек емес: Елбасы идеологиялық бастамашыға емес, оның мүддесін ұстанатын саяси тұлғаларға мұқтаж. Мәселен, Кәрім Мәсімовтың Елбасы үшін маңызы дәл қазіргі уақытта өте зор...

Эксклюзив