Саясат
Кімге сенеміз?
Өткен аптаның сенбісі, 21 қыркүйек күні, елорданың Республика даңғылында өтіп үлгермеген санкцияланбаған митингте екі баланы жетектеген ананың бойжеткен қызын жанұшыра айқайлап, арашалауға тырысқан видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті. Дүкенге бара жатқанын айтқан әйел автобусқа күштеп салып жатқан қызын алып қалуға жанталасып, шу көтергенін көруге болады.
Елорда қалалық полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов кеше:
– Ол қыз 2000 жылы туған, жасы 19-да. Бұл қыз бірнеше рет қоғамдық тәртіпті бұзуға қатысты. Заңсыз акция кезінде полиция қызметкерлерінің санкцияланбаған митингке қатысуын тоқтату туралы бірнеше талабына қарамастан ол құқық қорғау органдары қызметкерлерін агрессияға итермелеген. Осыған байланысты ол басқа да құқық бұзушылармен бірге ұсталды. Полиция бөлімшесінде профилактикалық әңгімелесуден кейін үйіне жіберілді, –деп мәлімдеді.Бұл туралы 31 арнаның Информбюро бағдарламасында «Жеті қала шеруі» айдарымен берілді.
Астананың бас полицейі мәлімдемесіне қарағанда, жиырмаға толмаған бойжеткен құқық қорғау қызметкерлерінің агрессиясын тудырып, арандатқан-мыс.
Бұған қатысты ІІМ Ерлан Тұрғамбаев:
- Ол қызын жоғалтып алған. Тауып беру үшінбіздің полицейлерге хабарласты. Сол ұсталған 2000 жылғы туған қыз ол кісінің баласы. Кейін оны тауып, анасына қайтарып берді, - деген.
Азаттық берген тікелей эфирден оқиға орнынада астаналық полиция департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Малыбаев ашуға булыққан ананы сабырға шақырып, әйелді 209 борт патрульдік полиция көлігімен үлкен қызын әкеткен бөлімге салып жібергені көрінеді (28 минуттан бастап).
19 жастағы ұсталған азаматты ІІМ байқаусызда жоғалып кеткен қыздың «образы» ретінде, ал астананың бас полициясы «бірнеше рет қоғамдық тәртіп бұзуға қатысқан» «агрессияға итермелейтін» қыз деп сипаттайды. Қызық! Министр мен оған қарасты қызметкердің сөзі екі басқа. Бір оқиға, екі түрлі интерпретация. Мұны қалай түсінуге болады?
Тұрғымбаевтың сөзінше, полицейлер жоғалтып алған қызын «тауып» анаға көмектескен. Сәденов айыптай сөйлейді. Күлкің келеді.
Өркениетті елдерде министрлік пен департамент бір-бірінің сөзін қуаттап мақұлдаса, біздікі кереағар пікір білдіреді.
Жалпы республика бойынша жеті қалада сенбі күні 100-ге жуық адам ұсталған. Олардың 15-і әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 9-ы қамалып, алтауына әкімшілік айыппұл салынған. Қалғандары түсіндіру жұмыстарынан соң, үйлеріне босатылған. Қазақстан билігі ай басындағы Қытай экспансиясына қарсы жүрген толқуларда көз түскен 50 шақты белсенді екі аптадан соң сырттай сотталған экс-банкир М.Әбілязовтың жетекшілігіндегі Қазақстанда эксремистік ұйым ретінде танылған ҚДТ шеруі қарсаңында ұстап, жартысынан көбін әкімшілік жауапкершілікке тартқан болатын. Сарапшылар мен құқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстанда Конституцияда көрсетілген адам құқықтары кепілдігі мен «бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» N 2126 заңы өзара қарама-қайшы.
Генерал-майор Ерлан Заманбекұлы халықпен кездесуге алды-артына екі түрлі нөмір таққан (алдыңғы нөмірі – 025 AW 01 болса, артқы нөмірі – 046 KZ 01) көлікпен келіп, елдің сынына ұшыраған еді.
Көкейде қалған бір сауал – «Тұрғымбаев неге жағдайдың тонын теріс айналдарып, басқа өң беруге тырысты?».