Bugin
Суық климатта шынығуда
Павлодарда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлінісі әскери қызметшілерінің күрең берет кию мәртебесі және «Бүркіт» кеуде белгісін тағуға қол жеткізу үшін квалификациялық сынағы басталды.
ҚР Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл күрең берет киюге 47 үміткер еліміздің барлық өңірінен өз бөліністерінде іріктеліп келіп, квалификациялық сынақ тапсыруға ынта танытты. Жылда өтетін сынақ бұл жолы қазіргі заманның нақты қауіп-қатерін ескере отырып жаңа форматта өтуде.
- Квалификациялық сынақ өткізуге жергілкті аймақтың жазық және белесті, әрі табиғи су қоймасы бар жерлері таңдалған. Нормативтерді тапсыру Павлодар облысының құбылмалы әрі қатал климаттық ауа райына сай, ұрыстық жағдайда өтуде, – дейді Ұлттық ұлан Арнайы операциялар орталығының бастығы полковник Евгений Родиков.
Жалпы квалификациялық сынақ екі кезеңнен тұрады: біріншісінде үміткерлер негізгі оқу пәндері бойынша теориялық білімдерін тестілеу арқылы сынап, атыс даярлығында түрлі қашықтықта, шектеулі уақыт ішінде оқ атып, мергендіктерін көрсетуде.
Бұл жаттығуды орындау барысында барлық оқ нысанаға тиіп, сонымен қатар, белгілі мөлшерде ұпай жинауы тиіс. Ату даярлығы бойынша топтық жаттығуды орындау барысында үміткерлер 5 шақырым қашықтықты жүгіріп өтеді. Дене дайындығын көрсету үшін орындықта көлденең жатып, зілтемір көтеру сынды күшке салмақ түсетін жаңа тапсырмаларды орындайды.
Сынақтың ақтық кезеңі 28 қыркүйек күні Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөлімінің оқу-жаттығу алаңында өтетін болады. Мұндағы ең тартысты көрініс – бұл үміткерлердің күрең берет иелерімен жекпе-жекке шығуы болмақ. Тоғыз минутқа созылатын ұрыста шыдап, аяқта тұрып қалатындары күрең беретке ие болмақ.