Саясат
Негативті ақпаратқа сенгілері келмейді
Америкалықтардың медиа ресурстарына сенімі жыл сайын төмендеп барады. 1972 жылы медиаға сенім 68 пайызды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 13 пайызға дейін төмендеп кеткен.
Университетте «Медиа, қоғам және теория» деп аталатын лекция тыңдап жүрмін. Кеше профессор Миллер журналистикаға сенім жайлы айтып отырып, америкалықтардың медиаға сенімі төмендегенін мәлімдеді. Оған түрлі себептер бар. Алдымен статистикаға тоқталсақ.
Gallup консалтингтік компаниясының зерттеуіне сенсек, америкалықтардың небәрі 13 пайызы ғана медиаға толық (Great Deal) сенетіндерін айтқан. Ал сауалнамаға қатысқандардың 28 пайызы (Fair Amount) жартылай сенсе, тағы 30 пайызы (Not Very Much) онша сенбейтіндерін білдірген. Ал қалған 28 пайызы (Not at All) АҚШ медиасына мүлде сенбейді екен. Бұл анализ нәтижесі осыдан екі күн бұрын шықты. Сондықтан бұл бүгінгі америкалықтардың медиаға қатысты көзқарасын анық көрсетеді.
Сосын пікір білдіргендердің ішіндегі демократтардың 69 пайызы, республикалықтардың 15 пайызы және тәуелсіздердің 36 пайызы медиаға сенетіндерін білдірген. Осы статистикадан-ақ АҚШ-тың медиа нарығында демократтарды қолдайтын либералды солшыл ресурстардың көбірек екенін аңғаруға болады.
Енді медианың халық сенімін не себептен жоғалтқанын анықтауға тырысып көрейік. The Poynter институтының мәліметінше, медиа ресурстардың қарапайым халықтың ақпараттың рас не өтірігін ажыратуын қиындатып жіберген. Ал журналистердің интерпретациясы мен ақпаратты бұрмалауы рас ақпараттың фейкке айналуына негіз болып отыр. Ол да халықты адастырады.
Ал қоғамда халықты саяси балансы сақталған ақпаратпен қамтамасыз ету қызметін кім көрсететіні де маңызды. The Poynter зерттеуінде 48 пайыз америкалықтар жеке медиа персоналардың таратқан ақпаратына сенетіндерін жеткізген. Демек, объективті журналистика медиа ресурстар да емес, Туиттердегі танымал тұлғаларда болып отыр.
Халықтың сенімі жоғалуына негативті мәліметтердің көбейіп кеткені де әсер еткен. Халықтың 54 пайызы жаңалықты Туиттер және Фейсбуктен оқитындарын жеткізген. Олардың лентасынан шығатын ақпараттардың басым бөлігі негатив екен. Сауалнамаға қатысқандардың 57 пайызы интернеттегі жаңалық агрегаторларының әдісін өзгерту керек деп сенеді.
Медиа саяси партиялардың құралына айналған. Америкалықтардың 45 пайызы медианың саяси балансты сақтамайтынына толық сенеді. Ал республикалықтардың 67 пайызы медианың демократтар бақылауында екендігіне сенеді. Бұл да журналистикаға сын. Себебі объективизм сақталмай отыр.