Саясат
Қытай тілін жетік білетін жан
Қасым-Жомарт Тоқаев отыз жыл бұрын аудармашы ретінде Горбачевпен бірге Қытайға барып, екі елді елдестіруге үлес қосқан.
Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың отыз жыл бұрын Қытай мен КСРО арасындағы салқындықты жойып, тараптардың табысуына септігін тигізгенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Көпке беймәлім оқиғаны белгілі ресейлік диломат Евгений Бажанов айтып берді.
Дипломаттың айтуынша, 1989 жылдың маусымында бас хатшы Михаил Горбачев Қытай мен КСРО арасындағы қарым-қатынасты жолға қою үшін Бейжіңге жол тартады. Тоқаевтың қытай тілін жақсы меңгергені соншалық, Горбачевтің аудармашыларының арасында ол да болған.
- Біздің арамызда бірнеше ондаған жыл бойы текетірес болды. Сондықтан тараптардың татуласуы әр аударылған сөзге байланысты еді. Ақыры оған да қол жеткіздік, Тоқаев өз міндетін абыроймен орындап шықты, - деп еске алды Бажанов.
Евгений Бажанов пен Қасым-Жомарт Тоқаев қырық жылдай дос. Ресейлік дипломат сыртқы саясатта Тоқаевтай білімі мен тәжірибесі мол басқа адамды танымайтынын айтады.
Бұдан бөлек, ол Тоқаевқа мансап жолында ілгерілеуге қытай тілі қалай көмектескенін әңгімелеп берді.
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанның сол кездегі премьер-министрі Сергей Терещенко Қытайға ресми сапармен бармақшы болып, аудармашы іздеген екен. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев аудармашы ретінде үкімет басшысымен еріп барған.
- Тоқаев Қазақстан премьеріне ұнап қалды. Осыдан кейін ол бірден сыртқы істер министрінің орынбасары болды. Кейін сыртқы істер министрі, премьер-министр, парламент сенатының төрағасы, БҰҰ-ның Женевадағы бас хатшысының орынбасары және тағы басқа лауазымды атқарды. Таңғажайып карьера жасады, - деп санамалап берді Бажанов.
Sputnik Қазақстан