Bugin
Қорқыныш әлі сейілмей тұр
Арыстағы жойқын жарылыстан кейінгі қорқыныш әлі сейілмей жатыр. Енді аналар қауымы баламыздың денесіне жара мен қотыр қаптап кеткенін айтып алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың айтуынша, алдымен жарылыс, кейін полигоннан тараған радиация, оқ-дәріні залалсыздандыру кезінде тараған улы заттар Арыстың ауасын әбден ластап бітті. Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
- Өмірімде басыма жара шықпаған. Енді жара шықты. Қандай жара екенін дәрігерлер де білмей отыр, - дейді тұрғындардың бірі.
Балалардың басынан бастап мойны, денесі мен аяғына дейін жара қаптап кеткен. Ал дәрігерлер мұның қандай жара екендігін білмей отырғандықтан, оған жасаған ем-домнан пайда болмай жатыр.
- Арысқа кіргеннен кейін бес балама жара шығып ауырды. Тері аурханасына 5 рет бардық. Бір-біріне жұға берді. Тіпті, бір айлық бөпеме де жұқты, - дейді бес баланың анасы Айнаш Әлиасқарова.
Сондай-ақ, аналар балаларының іші ауыратынын айтып шағымданатынын жеткізді. Тіпті, дәрісіз жазылмайтын жағдайға жетті деген тұрғындар «дәріні бере-бере иммунитетін құртамыз ба?!» деп алаңдайды.
Ал дәрігерлер динамика қалыпты, өсім жоқ екенін жеткізді.
- Бұл, халықтың тілімен айтқанда, су жара деп аталады. Ата-бабаларымыз оны қауын жара дейтін. Қазіргі уақытта сондай жара шығып жатыр. Қазір басылды, - дейді Арыс қалалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Ғаппар Төлебаев.
Сонымен қатар дәрігерлер іш ауруы бойынша да өсім жоқ екенін айтады. Олар аурухананың толы болуын жеміс-жидекті күз маусымымен байланыстырды. "Көбіне жеміс-жидекті жумай жей салатын адамдардың салғырттығынан" дейді.