Адамның адамнан айырмашылығы – оның өмірлік миссиясына деген
адалдығы. Мақсаттың айқындығы, тұрақты түрде даму, жетілу, ой шеңберіне тың
дүниені қабылдаудан қорықпау – ең табысты адамның іс-әрекеті. Жер шарында миллиардттаған
адамның өз жолы, өз таңдауы бар. Бірі өмір атты кітаптың әдемі естеліктерін
парақтап, бояуын сіңдірсе, бірі мақсатына жетер жолда тынымсыз әрекет ету
үстінде. Ал енді бірі өмірден өз орнын
таба алмай баз кешіп жүр. Алып арманы мен нақты мақсаты бар тұлға еңбегінің
өнімді, жемісінің мол болғанын қалайды. Ал мақсатты жүзеге асырудағы басты
формула жақсы ой мен салмақты сөзден туындайтын – әрекет дейтін алып күш.
Бүгінде көпшілік, әсіресе, жастар мақсатына тез арада жетуді көздеп, энергиясын
бірден жұмсап, жүйесіз жоспардың ықпалынан қателік жасап жатады. Осылайша, тез
нәтижені күтіп, тез шаршап қалып жатамыз. Ал көздеген мақсатқа жүйелі түрде
қалай жетуге болады?
1947 жылы Жапонияда кайдзен
ұғымы кеңінен танылды. «Өзгеріс» деген мағынаны білдіретін «кайдзен» ұғымы жапондардың
практикалық тұрғыда дәлелденген нәтижелі жүйесі. Кайдзен жүйесі – өзіңді тұлға және
маман ретінде, жұмыс пен өндіріс процесін, бір сөзбен айтқанда, өмірдің барлық аспектілерін үздіксіз жетілдіруге
бағытталған. Бұл қадамның негізгі мақсаты – кез келген салада өндіріс
үрдісін, тұрақты еңбек өнімділігін үнемі жетілдіріп отыру. Әлемге әйгілі
Toyota компаниясының
байып кетуінің себебі де осы жүйемен тікелей байланысты. Екінші дүние
жүзілік соғыстан соң Toyota-ның
тез өтіп кеткені әлемдік көлік компанияларының
таңданысын туғызды. Ал 1980 жылы Масааки Имаидің «Кайдзен: жапондық
компаниялардың жетістікке жету кілті» атты еңбегі жарыққа шықты. Осы кітаптан
соң кайдзен жүйесін бүкіл әлем таныды.
Ал Қазақстанға бұл жүйе екі жыл бұрын келді. Қазіргі таңда бұл жүйені практикалық тұрғыда
қолданып жүрген жастар қатары аз емес. Осы орайда, кайдзенді өз өміріне
енгізіп, осы жүйенің қағидаларымен әрекет етіп жүрген блогер Данияр Жігітбекпен
сұқбаттасуды жөн көрдік. Ол кайдзеннің қыр-сырымен бөлісіп, жүйенің тиімділігін тіліне тиек етті.
Buginnen basta: Кайдзен
ұғымын қалай түсінесіз? Ерекшелігі мен оның адамға әсері жайлы айтып берсеңіз.
Данияр Жігітбек: «Кайдзен» ұғымын кішкентай қадамдармен үздіксіз даму деп
түсінемін. Ерекшелігі – бұл жерде батыстағыдай инновация жолымен, яғни үлкен
қадамдармен үлкен төңкеріс жасау арқылы өзгеріс енгізу емес, керсінше кішкентай
қадамдармен ерік-жігерін барынша аз қолданып, жетістікке жету. Кайдзен бойынша басқару Батыстағы
басқару тәсілдеріне мүлдем ұқсамайды. Жапонияда басты назарды адамдар мен
өндіріс процесіне аударады. Ал Батыста компания басшылығы өнім мен нәтижеге
ерекше мән береді. Жалпы, бұл
жүйе әлемге әйгілі Toyota көлігі арқылы танылды. Осылайша, Жапониядан үлгі алу мақсатында 1990 жылы кәсіпорындардың
басым көпшілігі осы жүйенің ығына жығылды.
Buginnen basta: Кайдзенмен
айналысуыңызға не себеп болды? Кайдзен жүйесіне қашан бет бұрдыңыз? Практикалық
тұрғыда нәтижесі қалай болып жатыр?
Данияр Жігітбек: Жалпы, кайдзен
жүйесі туралы ақпаратпен бұрыннан хабардармын. Бірақ Марғұлан Сейсенбай
ағамыздың ютюбтан «Кайдзен планирование как основа счастливой жизни» деген бір
жарым сағаттық лекциясын көріп, бұрыннан іздеп жүрген ақпаратымды тапқандай
болдым. Содан 2018 жылдан бастап кайдзен жүйесін зерттей бастадым. Кайдзеннің
бір ерекшелігі – оны меңгеріп, танысып, түрлі әдістерін қолдану арқылы
көптеген сұраққа жауап аласыз. Жалпы, бұл жүйені толық нәтиже беретін үлкен
философия деп білемін. Мұны үйреніп, түсінген адам жүйені өз өміріне енгізу
арқылы практикалық тұрғыда пайдаланып көруді жөн көреді.
Buginnen basta: Кайдзенге
бет бұрған адам мақсатына қаншалықты жылдам жетеді?
Кайдзен жүйесінде мақсатқа асықпай,
бірақ тұрақты түрде қадамдар жасап отыру арқылы жетеміз. Кайдзеннің мақсаты – үздіксіз
даму, үздіксіз өзгерістер енгізу арқылы алға жылжу. Кішкентай қадамдармен,
үлкен нәтижеге қол жеткізу. Былайша айтқанда, «Асықпаған арбамен қоянды алады»
деген қазақтың мақалы осы кайдзеннің стиліне айтылған дер едім.
Buginnen basta: Шыны
керек, қазақ қоғамында кайдзен ұғымы сирек айтылады. Халық бұл жүйені қалай
қабылдауда? Жастардың көзқарасы қандай?
Данияр Жігітбек: Инстаграм және телеграм парақшаларымда кайдзен туралы
тұрақты түрде жазып жүрмін. Өзімнің араласатын адамдарым, достарым бұл жүйені
терең меңгермесе де, қандай бағытты көздейтінінен хабардар. Жалпы, кайдзеннің
өнімділікті арттыратынын, көп нәрсені жүйелендіретінін, көп процесті
жеңілдететінін біледі.
4. Buginnen basta: Кайдзеннің
тиімділігіне тоқталып өтсеңіз. Сіздің кайдзен жүйесіне дейінгі және оны
қолданысқа енгізгеннен кейінгі өміріңізде қандай өзгеріс байқалады?
Кайдзен майда жеңістердің, кішкентай қадамдардың күшін
сездірді. Бұған дейінгі өмірде мен декларация қабылдап, жұрттың көзінше
мақсаттарыма қай уақытта жететінімді айтып, уәде беретінмін. Дегенмен, бұл
үлкен ерік-жігерді талап етті.
Бұл жолда оған көп күш, көп энергия кететін еді.
Ал кайдзен керісінше, кішкентай қадамдармен адамның ерік-жігері мен энергиясын
аз қолдануға мүмкіндік беретін философия. Осылайша, кайдзен жүйесі асықпауды,
бірден кішкентай қадамның күшін бағалауды үйретті. Мысалы, кез келген істе не
істеріңді, неден бастарыңды білмегенде кішкентай қадамды еске аласың. Қазір
қандай қадам жасасам болады деген ой келеді. Бұл жүйе арқылы көптен бері тұрып қалған
жұмыстарың алға жылжиды. Мақсатты кайдзен арқылы жоспарлау тайм-менеджменттің ең тиімді құралы деп айтар едім.
Buginnen basta: Адам
бұл жүйені бірден меңгеріп кете ала ма? Қандай қағидаларды білгені жөн?
Данияр Жігітбек: Бұл жүйені кез келген адам меңгеріп кете алады. Оның 5S деген
деген қағидасы бар. Сонымен қатар, кайдзенде стандартизация деген қағиданы
айтса болады. Яғни, қазіргі жағдайда қандай іс-әрекет жасауға жеңіл немесе әр күнді жоспарлауда белгілі бір стандарттарды енгізіп қоясың. Мысалы, түске дейін
ой еңбегімен айналысам, ал түстен кейін дене еңбегімен айналысамын деп жоспарлайсыз.
Сонда миыңыз көп процесті автоматтандырып, шешім қабылдауды барынша азайтып,
процеске негізделіп, алға жылжисыз. Өмірімізді әр күнімізге стандарттар енгізу
арқылы жоспарлаймыз. Жалпы, кайдзенді меңгеруге сабыр керек. Бізде жастар аз
уақытта тез нәтижеге жеткісі келеді. Ал кайдзенде нәтижеге жетуге асықпайсың.
Бірақ процеске көңіл бөлесің. Кайдзеннің 5S құралын былай қолдансақ болады:
1S: Sort - cұрыптау
Тыным бермей жүрген ойларың қағаз бетіне түскенде оларды физикалық формада көре
аласың. Болды. Ол сенің басыңда емес, қағазда. Артығын өшіріп, сызып тастауға
болады. Өзіңе қатысы жоқ істерге бас қатырмайсың. Қателіктеріңнен сабақ алып,
оны болдырмаудың жолын қарастырасың.
2S: Straighten - орындарына қою
Ойларыңды сұрыптап алған соң, тиісті орнына қоюың керек. Сені алаңдатқан мәселе
сондай шұғыл емес шығар? Онда оны күнтізбеге тиісті датаға жазып қой. Біреудің
туған күнін ұмытып кетпеу үшін еске салғышқа бекітіп қой. Арманды мақсат
форматына келтір. Яғни, жоспар құрып, күнбе-күн орындауың қажет істер тізімін
жаса. Бұл жағдайда Trello, Evernote - таптырмас құралдар. Белгілі бір әдет қалыптастырғың
келсе, Way of Life-ті пайдалануға болады.
3S: Shine - тазалық сақтау
Үйді бір рет тазалап алған соң, қажет болса, шаңын сүртіп, шай төгіліп қалса,
бірден сүртіп тазалық сақтауда тұрақтылық қажет. Сол сияқты ойларыңды бір
реттеп, тиісті орнына қойған соң, сол тәртіпті сақтауға тырысу керек. Күнә
жасасаң, бірден тәубе етіп, орнына сауапты іс істе. Күнделікті кешке
жоспарларыңды бір шолып шығуға уақыт тап. Әдеттеріңді бақылап отыр.
4S: Standardize - стандарттау
Бір проблеманы шешкенде, міндетті түрде сол шешімді стандарт
етіп бекітіп қою керек. Болашақта бұл проблема қайталанбауы үшін аптасына бір
рет есеп беретін уақытыңды стандарт ретінде белгілеп қоюға болады. Таңертең
ерте тұру сен үшін проблема дейік. Себебі кеш жатасың. Не үшін кеш жатасың?
Себебі ұйқың келмейді. Не үшін ұйқың келмейді? Себебі жатар алдында әлеуметтік желіге кіріп, уақытыңызды өлтіресіз. Ары қарай "5 не үшін?" техникасына салып қаза беруге
болар еді. Бірақ осы себеппен шектелейік. Демек сенің таңертең ерте тұра
алмауыңның түпкі себебі - жатар алдында ұялы телефонға көп телміруің. Шешім: сағат 22.00-ден
кейін өзіңізді гаджеттерден шектеу. Бұл тұрақты түрде стандартқа айналуы керек.
5S: Sustain - үздіксіз өзгерістер енгізу
Санаңды, жүрегіңді, жалпы өміріңді ретке келтіріп алған соң, тазалығын сақтап,
стандарттарың бекігенде, өзгеріс (улучшение) енгізуге көшу керек. Мысалы, күн
сайын тұрақты түрде 30 бет кітап оқу әдетке айналғанда, жаңа деңгейге - 40
бетке өтуің керек. Бұл - үздіксіз даму. Осы жерде айта кететін маңызды мәселе:
5S-тің алдыңғы 4 қадамын жасамай, бірден өзгеріс енгізу алысқа апармайды.
Нәтижесіз болады.
Buginnen basta: Кайдзенді
тіл үйренуде пайдаланатын боламын деп жазба қалдырған едіңіз. Сол жобаңыз іске
асты ма? Кайдзен арқылы тілді қалай меңгеріп алуға болады?
Данияр Жігітбек: Кайдзен бұл тіл
үйрету методикасы емес. Кайдзен бір процесті жүйеге келтіретін құрал. Бұл жерде
артық шығыннан арылып, кішкентай қадамдармен жетістікке жетесіз. Яғни, осы
белгілі бір процестерді жүйеге келтіру. Қай тіл болмасын сондай бір жоба жасау
ойымда болды және оны бастап кеттім. Телеграм каналымда жазып жүрмін.
Кайдзен
тек тіл үйрену процесін жүйеге салуға көмектесе алады. Оқу, жаттау, аудару - бәрі
бұрынғыша. Жүйелі түрде оқымасаң, тілді меңгере алмайсың. Жүйе дұрыс болса, нәтиже
де дұрыс болады.
Жалпы тіл үйренуде
грамматика және сөздік қор маңызды. Академик Асқар Жұмаділдаев "жоғары оқу орнында математикадан ағылшынша дәріс өтуге 1000 сөз білсең, жеткілікті" деп
еді. Күн сайын 3 сөзден жаттап отырсаң, бір жылда 1000 сөзді оңай меңгеріп
аласың. 3*365 = 1095 cөз. 95 сөз артық. Ол 95/3=31 күн. Яғни, арасында
үзілістер жасап отырсаң болады деген сөз.
Жақында бір
статистиканы көзім шалып қалды. Қателеспесем, тілді журналист деңгейінде білу
үшін 3000 сөз білсең жеткілікті екен. Сол сияқты IELTS-та әр деңгейге
сәйкес сөздік қорға деген талабы бар. Қазір интернеттен "ағылшын тіліндегі
ең жиі қолданылатын 1000 сөз" деген сияқты кішігірім сөздіктерді оңай таба
аласыз. Соны тауып, жаттай беруге болады.
Ал енді соны
ұмытпайтындай қалай жаттау керек? Бұл - бөлек әңгіме. Ағылшын тілінің
грамматикасы өте жеңіл. Сондықтан болар әлем жұртшылығына ортақ тілге айналып
отыр. Грамматиканың діңгегін құрайтын ережелер бар. Көп емес. Әуелі соны
меңгеріп алу керек.
Грамматика мен
сөздік қорды ретке келтіріп алған соң, wiriting (жазу), speaking (сөйлеу),
reading (оқығанды түсіну) және listening (естігенді түсіну) - 4 негізгі машықты
дамытуға кірісеміз.
Buginnen basta: Қазаққа
бұл жүйе қаншалықты керек? Халық бұл жүйеге толықтай бет бұрса, қандай
өзгерістер орын алады деп ойлайсыз?
Данияр Жігітбек: Қазаққа бұл жүйе қажет. Жапондардың мықты ғалымдары
мынадай бір жақсы ой айтқан. 95 % жүйе, 5% адам. Кез келген істің нәтижелі
болуы осы принципке негізделген. Яғни, жүйенің дұрыс болуы адамның жетістікке жетуіне 95% байланысты.
Мысалы, оқу жүйесі, кез келген саладағы бір өндірістің болсын жүргізілуі жүйелі
болса, адамдар да стрессіз болады. Өзінің ісінен ләззат табады. Мысалы, Батыс
елдерінде, Жапонияда жүйе дұрыс. Қарапайым транспорт жүйесі болсын, барлығы
дұрыс жолға қойылған. Адамда стресс жоқ. Өйткені оларды кептеліске түсемін,
тағысын тағы ойлар алаңдатпайды. Себебі бәрі жүйеге қойылған. Ал біздің
елде жүйесіздік бар. Сол біздің энергиямызды, уақытымызды, ақшамызды жейді. Елімізде барлығы жүйелі болуы үшін кайдзен жүйесін енгізу керек.
Buginnen basta: Кайдзен
туралы ақпаратты қайдан алдыңыз? Қызығушлық танытқандарға қандай кітаптар оқуға
кеңес бересіз?
Данияр Жігітбек: Негізі кайдзенде үйренгеніңді бірден
өмірде қолданып көргің келеді. Менің табиғатыма жоспарлау, өнімділік,
минимализм, қиындатпау, жүйелеу, реттеу, тәртіп, төзімділік сияқты ұғымдар
жақын болғандықтан, кайдзенмен танысқан күннен бастап-ақ аңсарым ауды. Іздеп
жүрген нәрсемді тапқандай болдым. Кайдзен философиясын әлі де зерттеп, өміріме
енгізуге тырысып жүрмін. Кайдзен жайлы білімді мына ресурстардан алдым:
Кітаптар:
1. "Шаг за
шагом к достижению цели. Метод кайдзен", Роберт Маурер
Жеке дамуда
кайдзенді қалай қолдануға болады, сол жайлы қысқа да нұсқа кітап. Өзгеріс
- оңай процесс екенін түсінесіз.
2. "Кайдзен:
ключ к успеху японских компаний", Масааки Имаи
3.
"Гемба-кайдзен", Масаки Имаи
Бұл екі кітапты
оқып, кайдзеннің негізгі құралдары жайлы білдім. Өндірісте, қызмет көрсету
саласында, бизнесте кайдзенді енгізу кейстерімен таныстым. Алған білімді
досымның бизнесінде қолдана бастадым. Өзімді кайдзен-кеңесші ретінде сынап
көргім келді.
YouTube:movie_camera:
Кайдзен гуру
Марғұлан Сейсембай ағамның мына 2 дәрісін тыңдауға кеңес берер едім. Өз басым
кемінде 2 реттен қарап шыққан шығармын. Үйренгенімді өміріме енгіздім.
"Кайдзен
планирование как основа счастливой жизни"
Кайдзен жоспарлау
жайлы. Тайм-менеджмент тақырыбында мен үшін ең үздік методика бұл.
"FrYday W c
Маргуланом Сейсембай"
Бұл дәрісінде
Марғұлан Сейсембай білім
алу, кітап оқу процесінде кайдзенді қолдану мысалдарын көрсетеді.
Жалпы кайдзенге
қызыққан әр адам Марғұлан ағаның сұқбат, дәрістерін қалдырмай көруі керек деп
ойлаймын.