Ән өнері - қазақ халқы үшін қашанда болмасын қасиетті болған. Өнердің биігі, адам жанының жыршысы, сезімді сазды әуенге айналдыра білетін бұл өнердің қадір қасиеті айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Бағасы биік бағаланатын ұлттық өнеріміздің бүгінгі күйі көңіл қуантпайды. Бұған себеп тыңдарманның талғамының өзгергеніме, әлде сазгер мен ақынның не болмаса әншінің сапасының түскеніме белгісіз. Әсіресе, бүгінгі қазақ эстрадасындағы мағынасыз, мәнсіз өлеңдердің көбейуі көңіл қынжылтады. Ең өкініштісі, осы әндердің қазақтың тойында бір емес, бірнеше рет шырқалатындығында, елдің сол сапасыз әндерге жарыса келіп билейтіндігінде. Қазіргінің терминімен айтсақ, бүгінгінің «хиті» болып тұрған да осы әндер. Ендігі кезекте сол әндерді шығаратын кім, оны тыңдайтын тыңдарманның кім екеніне үңіліп, талдау жасап көрсек.
Бүгінде Ахан Отыншиев деген әншінің «Шудың бойында» әнін бімейтін адам жоқ шығар. Кез келген тойда кемінде бір рет қойылатын бұл әннің сөзі мынадай:
Шудың бойында сені іздедім,
Бәрі ойымда, үміт үзбедім.
От боп күйгеннен мені іздедің,
Сенің мойныңда менің іздерім.
Тұрапайы сөздермен жазылған бұл әннің сөзіне мән беріп жатқан ешкім жоқ. Халықтың басым көпшілігі осындай ессіз әндерді тыңдап, солармен сусындап жатқандарын да байқамайды. «Сенің мойныңда менің іздерім» деген тіркестер анайы мағынада қолданылған.
Келесісі өзін қазақ эстрадасының «аққуы» санайтын, танымал әндердің орындаушысы Ерке Есмаханның жуырда жарыққа шыққан «Неге» әні де ел арасына тез таралды. Ал бұл әннің қайырмасы мынадай:
Күндізде де, түндеде де,
Сені ойлаймын жаным неге?
Күндізде де, түндеде де,
Сені ойлаймын жаным неге?
Сөз қадірін білетін адам мына әнді естісе, құлағына тұрпыдай тиері анық. Қазақтың сөзінде ешқашан «де» деген шылау бірінен соң бірі екі қайтара қолданылмайды. Ұйқас ұйқасымен, сөзді орнымен пайдалану қажет. Ең қызығы, жоғарыдағы екі әннің де сөдерінің авторын еш жерден таба алмадым. Әннің сөзінің авторын көрсетпеген.
Бүгінгі күні үлкен танымалдылыққа ие болып жүрген, жастардың ең көп тыңдайтын «91» тобының су асты деген әндерінің сөзіне үңіліп көрсек:
Ей неғо, Q-pop әзірге demo
Бірақ біз көбейгенде, сен жоғалма секілді Nemo
Олар мені түбіне батырмақ болды, басқаға бас жетпей қойды
Маған сенің ауаңның қажеті жоқ, әлемім Н2О
Деміңді ал тереңге естіген сайын
Енді мен келгенде тұра алмай - тай!
Кім ол сенбеген ? Бері кеп - қайт!
Бұл әнде ең үлкен қианат тілге жасалып тұр. Қазақтың тілін шұбарлаумен қатар, ауызекі тілде қолданылатын «Ей», «бас жетпей қойды» деген сынды дөрекі сөздерді қолданған. Осы секілді не ұйқасы, не мағынасы мен мәні жоқ әндердің бүгінгі таңда барлық ән чаттарда, қаралым бойынша статистикалардың барлығын басып озып, рекордтық көрсеткіштерге ие болып жатқандары өкінішті. Бұл дегеніміз – біздің ән сүйер қауымның басым бөлігінің талғамын көрсетеді.
Жоғарыда айтылған әндер бүгінгі күні шырқалып жүрген мағынасыз әндердің бір бөлігі ғана. Осындай әндердің қатарында КешҮOU тобының «Swala La La», «Диета КZ» тобының «Че там қарындас», Кентал есімді әншінің «Құдағи», Бейбіт Қошқалиевтің «Лаула» сынды әндерін жатқызуға болады.
Осы тұрғыда белгілі композитор, жазушы, өнер зерттеушісі Ілия Жақановтың «Түркістан» газетіне берген сұхбатында бүгінгі эстрадамыздағы мағынасыз әндер жайлы пікіріне назар аударсақ.
- Еш уақытта жеңіл-желпі ән жазуға құмартқан емеспін. Сұхбат кезінде тілшілер «Эстрадаға көзқарасыңыз қандай?» деген сұрақты жиі қояды. Бәріне берер жауабым біреу: Бибігүл Төлегенова айтқандай, нөл деп бағалаймын. Өйткені қазақтың мінез-құлқын, әдет-ғұрпы мен салтын, бүкіл болмысын өзгертіп жіберген арзанқол, жеңіл-желпі әндердің зардабы бүгінгі жастардың түкке тұрмайтын әләулайына ұласты. Бүгінгі тыңдарман Батыстың ықпалымен жазылған мән-мағынасыз әндерден мезі болды. Ең сорақысы, арзанқол әнмен атақ шығарып, «жұлдыз» болуға құштарлық жұқпалы індет секілді жастардың бәріне жұқты. Олардың орындап жүргенін қазақтың әні деуге болмайды. Бұл сорақы әндерді қазақ музыкасының, ұлттық өнеріміздің қатерлі ісігі дер едім.
ҚР Халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова қазақ эстрадасында мағынасыз әндер көбейгенін айтып, кейбір әріптестерін сынға алды. Бұл туралы әнші Instagram желісіндегі парақшасында мәлімдеген.
«Қазақ эстрадасын қалыптастыру жолында біраз еңбек етіп келе жатқан әншілерміз. Қазақ эстрадасы енді қалыптасып, жастар біздің артымыздан жақсы бір әуенмен еріп келе жатыр еді. Аяқ астынан осындай Еуропаның музыкасы қаптады. Қара нәсілділердің ритмін алады. Оған қоса қазақша сөздерді қосады, қалай-болса солай, мән-мағынасы жоқ... «Зың-зың», «дың-дың», «дым-дым» деген сынды не әндер бұлар?... «Жоқ-жоқ» не ән бұл? Ол ұрпақты неге тәрбиелейді. Біздің ұлы ақындарымыздың өлең-сөздері, Тұманбай ағамыз, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Исраил Сапарбаев, Қадыр Мырза Әлиев... көп қой енді. Сол кісілердің өлең жолдары қайда қалды», - деп Мақпал Жүнісова қынжылысын жеткізді.
«Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді
Тыңдағанда көңілдің өсері бар…» деп Абай жырлағандай, ессіз әндердің көбейіп сахнамызда сайран салуы ұлттың азғындалып, сананың бұғатталып бара жатқанының белгісі десек артық айтпағанымыз болар. Дегенмен қуантарлық бір дүние, Мәдениет министрлігінің айтуы бойынша, 2019 жылы ақпан айынан бастап әндердің сөзі мен әуені жарыққа шықпас бұрын көркемдік кеңіестің тексеруінен өтетін болады дейді. Бірақ бұл сөздің қаншалықта рас екендігі, осы дүниенің заңды тұрғыдан қабылданғаны туралы әлі ештеңе айтылған жоқ. Ұлттың руханиятына, мәдени құндылықтарна құрметпен қарайтын кез-келген азаматтың жоғарыда көрсетілген сынды әуендердің сұрыпталуын қос қолдап қолдайтыны белгілі. Демек, барлығы уақыттың еншісінде...