Bugin
Жымысқы саясатты жоққа шығарғысы келеді
Қарағандыда бюджеті 2,5 миллиард теңгені құраған "Томирис" фильмінің тұсауы кесілді. Бұл кино туындыда аты аңызға айналған сақ патшайымы Томиристің өмір жолымен ерлігі сомдалған. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жарыққа шыққан кино жоба екі жарым жыл бойы түсірілді.
Кино туынды көне түрік тілінде түсірілген. Дегенмен Қарағандыдағы кинотеатрда көрсетілген Томирис фильмінің дубляжының қазақ тілінде емес, орыс тілінде болуы көпшілікке ұнай қойған жоқ. Киноны көрген қарағандылықтар көптен бері жарыққа шыққан фильмнің қазақ тіліндегі дубляжбен көрерменге бірінші болып, жол тартпағанына наразы болып әлеуметтік желіде бұл жөнінде көп талқылаған. Киноның тұсау кесерінде фильмнің режиссері Ақан Сатаев туындының соңындағы титрларын латын тілінде жазу барысында қате кеткенін мәлімдеді.
- Кинода финалдық титр деген болады онда фильмді түсіруге ат салысқан адамдардың барлығының аты жөндері көрсетіледі, сонда латынша жазған едік, осы жерде қате кетіп қалды. Құқықтық жағынан алғанда мұндай қатемен киноны көрсетілімге жіберуге болмайды. Сол себепті қазақша дубляжбен шықпады, жақында бұл қателіктер түзетіліп қайта шығатын болады, - деп мәлімдеді киноның қоюшы режиссері Ақан Сатаев.
Негізі Томирис фильмін түсіру идеясын экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаева ұсынған еді.
"Ел билеген Сақ патшайымы Томиристің өмірін насихаттаған фильмді қазіргі уақытта жұртқа белсенді түрде ұсынудың астарында халықты әйел адам билей алады деген саясат жоқ па?" деген ой да көпшілікті мазалайтыны анық. Осы орайда қойылған сауалға Ақан Сатаев "саясатпен киноны араластырмаймыз, осыдан үш жыл бұрын кино түсіру идеясы болған кезде қазіргі саясаттың исі де болмаған еді" деген пікірін білдірді.
Кинодағы басты рөлге түсу үшін 15 мың адам кастингке қатысқан. Дегенмен кастингке қатыспаған Әлмира Тұрсынның фотасын инстаграмм желісінен көрген киноны түсірушілер өздері шақырыпты. Бағы жанып киноға келген Әлмира Тұрсын мамандығы бойынша бұған дейін психолог коучинг болып еңбек етіп жүрген еді.
Томирис киносы Иранда көрсетілгенде сол жақта да сынға ұшырап қалыпты. Ақан Сатаев бұл тұрғыда кино Геродоттың нұсқасына бағытталып түсірілгені Ирандықтарға ұнаған жоқ деген пікірін білдірді. Бүгінде кино Түрік елінде және Қырғызстанда көрсетіліп жатыр.