Саясат

Ұлыбритания «Штайнмайер формуласына» қол қоюды құптады

«Штайнмайер формуласының» мәні

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Лондон Зеленскийдің Донбастағы жанжалды шешуге деген ынтасын қолдады және Украинаның шығысындағы сайлауды халықаралық бақылаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарымен бірге өткізу керектігін айта кетті.

Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігі Украина мен Ресейдің Донбастағы қақтығысты шешу аясында «Штайнмайер формуласына» қол қоюын қолдады. Бұл туралы 2 қазан күні Ұлыбритания СІМ сайтында хабарланды.

Еуропа және АҚШ мәселелері бойынша Ұлыбританияның мемлекеттік министрі Кристофер Пинчер мұны «жігерлендіретін қадам» деп атады және «Президент Зеленскийдің дипломатиялық шешім табуға деген айқын шешімін» қолдады.

Ол сонымен қатар Лондон Киевтің Украинаның шығысындағы жергілікті сайлауды өткізуге арналған бірқатар шарттарды сақтау жөніндегі талаптарын қолдайтынын баса айтты. 

- Бұл шарттардың ішіне: жан-жақты атысты тоқтату, шетелдік әскерлердің шығарылуы және халықаралық бақылаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының кедергісіз кіруі жатады, - деп атап өтті Пинчер.

- Енді Ресей сепаратистерге қолдау көрсетуді тоқтатып, Минск келісімдері бойынша міндеттемелерін орындай отырып, қақтығысты тоқтатуда өз рөлін атқаруы керек, - деп толықтырды Ұлыбританияның мемлекеттік министрі.

«Штайнмайер формуласының» мәні

Украина, Ресей, ЕҚЫҰ және өзін-өзі жариялаған Донбасс республикаларының өкілдері 1 қазанда Минскіде өткен үшжақты байланыс тобының отырысында Штайнмайер формуласына қол қойды. Осыдан кейін Ресей Федерациясы Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жақын арада Украинаның шығысындағы қақтығысты шешу үшін «норман форматының» саммитін өткізуге болатындығын айтты.

Бұл Формула Германияның бұрынғы сыртқы істер министрі, ал қазіргі президентінің есімімен аталады - Франк-Вальтер Штайнмайер (Frank-Walter Steinmeier). Осы құжатқа сәйкес Донбасс жергілікті сайлау кезінде уақытша ерекше мәртебеге ие болады және осы сайлаудың нәтижелерін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) мойындағаннан кейін тұрақты болады. ЕҚЫҰ бақылауымен дауыс берудің өзі де өтуі тиіс.