Bugin
Шілікті ауылдық округі аудан орталығы Зайсаннан 60 шақырымдық жерде орналасқан
Сол 60 шақырым жолмен ауылға жету 60 күн жүріп өткенмен тең. Себебі жол ұйқыш-ойқыш, асфальтталмаған, бір сөзбен айтқанда, жолы өмір бойы жөндеу көрмеген Зайсан ауданындағы жалғыз ауыл. Жалпы Шіліктіге қатысты тұрғындардың билікее қояр «қашан?» деген сауалы көп.
Ауыз су берілді. Жол қашан салынады?
Бүгінде Шілікті ауылдық округіне Шілікті, Жалши, Тасбастау, Кәкен-Талды, Қарасай, Қазақстан, Кемпірбұлақ секілді жеті елді мекен қарайды. Жеті ауылдың тұрғындарының ұзын саны 2000-ға жуық. Ауыл тұрғындары «жол мен ауыз судың жырын жырлаймыз» деп облыс басшылығына да, тиісті басқармаларға да шағымайтудан жалығып, бұдан еш нәтиже болмайтындығын айтып, билікке сенім артудан қалған. Ал Зайсан ауданының әкімі Серік Ақтанов Шілікті ауылында ауызсу мәселесі шешілген деп есептейді.
- Аудандағы шалғай елді мекендердің бірі – Шілікті ауылы. Осы ауылға су тарту жұмыстары 2018 жылы басталған. Нысан ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға берілді, нәтижесінде қосымша 1186 адам таза ауызсумен қамтамасыз етілді, - дейді әкім.
Ал 60 шақырымдық Шілікті-Зайсан жолының мәселесі ше? Оның үстіне осынау жазықтағы құпия сыр бүккен көне қорғандар мен обалар қашаннан-ақ талайлардың назарын өзіне аударып келеді. Шілікті қорғандарына баруға ниеттілердің саны да жыл сайын көбеюде. Ал туристтерді қабылдауға елді мекенніңинфрақұрылымымүмкіндік бермей отыр.Инфрақұрылым дейміз-ау, оның аты да, заты да жоқ онда.
- 8 млн теңге мөлшерінде орта жөндеу жұмысына облыстық бюджетке тапсырыс бердік. Ол облыс жолдары болып есептелгендіктен республика мен облыстан 50 пайыздан ақша қаралатын болуы керек. Сондықтан қаржы күтіп отырмыз, - деген аудан әкімі бұл мәселенің тағы да кейінге қалтырылғанын айтты.
Қорғанға уәде етілген қоршау қайда?
Шіліктіге аспан асты музейін салуды алғаш сөз еткен - сол кездегі мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Қасиетті жерге табаны тиген бір жиында мәдениет министрі алдағы уақытта бұл жерге қаражат бөлініп, үлкен аспан асты музей салынатынын, Шіліктінің туризм орталығына айналатынын айтқан болатын. Министрдің мағыналы сөзі жергілікті тұрғындардың да ойындағысын дөп басып, үміт отын жаққандай болады. Бірақ содан бері біраз жыл өтсе де айтылған сөзден ешқандай нәтиже жоқ. Ал зерттелген, қазылған обалардың сол күйі жабылмай, ашық-шашық жатуы да көптің көңілін күпті қылған. Себебі музей салынса, Шілікті ауылдық округіне қарасты ауылдардың экономикасын көтеруге, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартар еді,оған қоса ресми жұмыс орындары ашылып, жан-жақтан туристер келіп, жергілікті кәсіпкерлер қонақ үй, дәмхана секілді кәсіптерін дөңгелетер еді.
- Шілікті ауылына музей салу бізде 2 бағытта: біреуі облыстық бюджеттен, біреуі республикалық бюджеттен қаралып жатыр. Қазір Шілікті ауылындағы мәдени-танымдық туризмді дамыту бағытында Берел мемлекеттік тарихи-мәдени музейінің филиалы бар. Онда 1 адам қызметке алынған. Жеке ғимараты тұр. Соның сыртында, ішінде әр түрлі экспонаттар қойылған. Филиалдың өз жоспарлары бар. Олар қазір үлкен жоба жасап, инвестиция тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оған бірнеше рет министрліктен кісілер келіп кетті, алайда сол күйінде әлі тұр, - дейді аудан әкімі Серік Қасымбекұлы.
Ал Берел мемлекеттік тарихи-мәдени музейі республикалық бюджетке кіргеннен кейін, музей кең көлемді жоба құру, жаңа инвесторлар тартуды жоспарлап отырған көрінеді.
- Тек қана музей емес, қонақ үй сияқты басқа да құрылыс жұмыстарын жүргізіп, кеңірек тұрғыдан қаралы жатыр. Ал облыстық бюджеттен қазір Шілікті ауылында ашылатын музей жобасын жасауға қаржы бөлініп, құжаттар дайындалып жатыр. Құрылыстың сметалық жобасы біткеннен кейін облыстық бюджеттен ақша бөлінуін күтеміз, - деп әкім жақысылықтан үміті барын айтты.
Айта кетейік, аудан аумағында 36 тарихи ескерткіш бар. Олардың ішінде Шіліктіден табылған тарихи құнды жәдігер – біздің дәуірімізге дейінгі VІІІ ғасырдың аяғы мен VІІ ғасырдың басындағы жәдігерлердің қатарына жататын үшінші «Алтын адам».
Бүгінде жәдігер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикалық «Киелі Қазақстан» нысандарына енді. Ғалымдар Есіктен табылған Алтын адам бізге тоналмай, бүтін күйінде жетсе, Шіліктіден табылған Алтын адамның тоналғанын айтады. Ұрылар көзге түсетін ірі дүниелерді жымқырып кеткен. Десе де, патша киімдеріне тағылған сом алтыннан құйылған жапсырмалардың бәрін түгел ұрылар жинап ала алмаған. Обадан барлығы 4303 дана алтын зат шығады. Оның 250-і аң стиліндегі әшекей жапсырмалар.