Weekend

Табыстырған кітап немесе кітаптар арасындағы аңыз

Студенттік әңгіме

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сөре де жатырмын. Әдеттегідей айналамда туысқан бауырлар, дос-жарандар. Арасында бірен-сараңы ғана адамның сұрауымен кетіп, қайта келіп жатыр. «Не көрдің, қандай екен?» деген сауалдарға жарытып жауап бермейді. Көбіне студенттердің қолына тиеміз. Бәлкім, сондықтан болар.

Кей үлкен кісілер өзімен саябаққа ертіп шығып, қоғамдық көлікте көрсетіп оқиды. Тіпті, жұмыскерлер жұмыс барысында, үстел үстінде, көлікте отырғанда пайдаланады. Ал студент сол баяғы сөмкесіне тығып қояды не сөресіне тастай салады да босқа жүреді. Алғаннан не пайда? Түсінбейсің...

Бір күні жәйбірақат сөреде жатсам алыстан менің есімімді атады. Содан, тықылдаған туфли дыбысымен бастық келе жатты. Көзілдірік таққан, шашын жәй түйе салған, жанары солып уһілеп шаршап, сөрені көзімен сүзіп жүр. Барлық кітаптар маған көз алартып қарайды. Көре алмағаннан шығар. Бірақ, несін көре алмайды? Жәй ғана біреу іздеп келген екен, қажетіміз бар шығар. Содан мені көріп, таптым-ау деген ишара білдірді де жатқан жерімнен жұлып алды. Маған қарай кітаптардың көзбен атқан оқтарын өткізіп тастап, кеудемді мақтаныш сезімі кернеп, өзімді тіктеп ұстап келе жатырмын. Алдымнан Жандос деген студент жігіт күтіп алды. Бетіме бір қарап, жаздырып кітапханадан қолмен алып шықты да, сөмкенің түбіне тастай салды.

Қараңғы қапастан босап, әйтеуір құрсаудан шықтым. Дала қараңғы, жатақхана ішіндемін. Сағат тілі шамамен түнгі 11-ден асқан. Бөлме ішінде де кітап сөресі бар екен. Онда айналдырған екі-үш кітап бар, қалғаны дәптер, қалам, СӨЖ, ақпарақтар. Мені де сонда қоятын шығар деп ойлағанмын. Әйтсе де менің қасыма өзінің дәптерін қосты да оқу залына қарай ала жөнелді. Жандос тұратын қабатта сабақ оқып отырғандар көптеу екен. Аз болса да Жандос отырмас еді. Себебі, ол сабақты сылтауратып бір қызбен жолықпақшы. Жоғары жетінші қабатқа көтерілді де, 704-бөлме есігін қақты. Жандос күткен қыз келіп есік ашты. Есімі Ақерке екен. Амандық саулықтан соң, Жандос қызды бірге отырып сабақ оқуға шақырды.Ақерке де әлі ертеңгі тапсырмаларын жасамағандықтан келісті. Бәлкім ол да сезген болар...

Әдейі жоспарлағандай бұл қабаттағы оқу залы бос екен. Жандос Ақеркеге қарама-қарсы отыр. Екі ортада бетім парақталып, мен жатырмын. Жігіт көзі қызға қадала береді. Ақеркенің жанары төменге қарап, жазу жазғансып қысылып отыр. Ортадағы маған екеуі екі жақтан жиегіме қолдарын қойып алған. Біріне-бірі жеткісі келсе де жете алмай отыр. Парақ беттерімнен өздеріне керегін жазып отыр. Бір уақытта келесі бетті ашам деп парақты жыртып жіберді. Пышақпен тіліп жібергендей күй кештім. Бір-біріне қарап ыңғайсызданып қояды. Менен ұялса қайтеді, менің бетімді жыртып отырған жоқ па? Жыртуын жыртып алып, жазылып кетердей сипап қояды. Сол сәтте Жандос Ақеркенің қолынан ұстай алды. Екеуінде де үн жоқ. Жандос та жасқана қарап қояды, Ақеркеде қарсылық жоқ. Жанарын төмен салып ұялшақтайды. Екі ортада мені жыртып, табысып отыр. Ары қарай білмей-ақ қойғандарыңыз дұрыс.

Одан кейін мен екеуін көргенім жоқ. Бәлкім одан әрі керегім болмаған шығар. Әйтеуір біраз күн сөмке мен сөре де жатып өз шаңырағыма оралдым. Басқа кітаптар да менен «Не көрдің, қандай екен?» деп сұрады. Ал, мен болсам, барлығын мақтанышпен айтып бердім. Бұл кітаптар арасында ұмтылмас аңыз болды.

Жастардың табысуына түрткі болдым. Дегенмен мұндай оқиға сирек болады. Бірнеше жылда бір-ақ мәрте қайталанады. Бірақ, соңы сөзсіз баянды махаббат пен өмірлік жұпқа айналады. Кітап басыммен, әлеуметтік желіден әлдеқайда сапалы махаббат тудыра аламын.