Саясат
Не болса да, бір сұмдық басталайын деп тұр...
Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары мен медианың басым бөлігін қолында ұстап отырған Назарбаев әулетіне идеологиялық соғыс үшін кез келген "ақпараттық бумды" жасау мен ақпараттық соғысты ұйымдастыру түк емес.
Тазабековтің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "салиқалы саясаты" жайында жиі айтатын адамдардың бірі болғандықтан әрі жастармен кездесуде үнемі Елбасының жеке басына табыну идеологиясын насихаттайтынын көре отырып, оның Назарбаевтар әулетінің жобасы екенін түсіну қиын емес.
Алайда салафизм идеясы мұндай дәрежеге қалай көтерілді деген ой еріксіз мазалайды. Өйткені "патшаны – Құдайдың жердегі көлеңкесі" деп көрсетіп, оған табынуды, қарсы келмеуді уағыздайтын түсінік – дәл осы салафтардан келген дүние. Алайда Ұлттық қауіпсіздік кеңесі мен құқықтық қорғау органдары бола тұра әрі олардың діни экстремизмге қарсы жұмыс жасап жатқанына қарамастан, салафизмнің тоқтар түрі жоқ.
Қоғамда сәләфтардың артында кезінде Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің генералы, Нұрсұлтан Назарбаевтың туған ағасы Сатыбалдының үлкен ұлы Қайрат Сатыбалды тұр деген пікірлер бар. Бұған Қайрат Сатыбалдының 2005 жылы құрған "Ақ орда" қоғамдық қозғалысы мысал бола алады. Басында саяси-қоғамдық өмірге араласып, билікке келеді, Дариға Назарбаеваның "Асар" партиясымен бәсекелесе алатын бірден-бір күш деп баға берілген бұл қозғалыс қанша сайлау өтсе де, оның бірде-бірінде төбе көрсеткен жоқ. Сол кезде бұл ұйымның міндеті мен мақсаты мүлдем басқа екендігі белгілі болды.
Нақтырақ айтсақ, елде ислам дінін дамыту мен тарату – аталмыш ұйымның басты миссиясына айналды. Оны Қайрат Сатыбалды да жасырып отырған жоқ. Сұхбаттарында елде ислам дінін дамытуға Елбасының өзі өтініш айтқанын айтып жүр.
- Басшысын құрметтемеген, қадірлемеген халық Алланың рақымынан құр қалады. Бұл қозғалыс – дінге сенетін адамдардың бірлестігі, - дегені бар Сатыбалдының.
Қайрат Сатыбалдының өзі де – бес уақыт намазға жығылған адам. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде жүріп те намазын тастамаған көрінеді. Ал 2005 жылы Меккеге қажылыққа 7 рет барып қайтқан екен.
- Тұрақтылық мен бейбітшілікті қалаған кез келген адамға есігіміз ашық ұйымбыз. Мұнда "тұрақсыздық" пен "эстремизмге" жол жоқ, - дейді тағы да.
Алайда 2016 жылы болған Ақтөбеде болған діни экстремизмнің орын алуына кім кінәлі? Бұл оқиғаның артында тұрған да осы сәләфтар деген деректер бар.
Өйткені 2016 жылы Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Ақтөбе облыстық департаментінің басшысы Нұрлан Қадырбаевтың "Ratel.kz" басылымына берген түсініктемесінде "Оларды (сәләфтарды) ұстап тұру мен бақылап отыру үшін – үлкен күш пен ақша, уақыт кетеді" деген көрінеді. Ақтөбеде болған бұл оқиға "жер мәселесін" басқа жаққа бұрудың амалы ретінде жасалған ақпараттық соғыстың үлгісі болатын. Дегенмен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шабуыл жасағандардың "радикалдық діни топ өкілдері" болғанын және олардың "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген еді.
Ұлттық қауіпсіздік кеңесінен кеткеннен кейін Қайрат Сатыбалды 2010 жылы "Нұр Отан" партиясының хатшысы болып тағайындалып, айтысты қаржыландыруға кірісті. Ал 2011 жылы кіші қажылыққа 50 айтыскер мен 60 журналист-жазушыларды Меккеге жібереді. Кейін айтыста да сәләфтардың көбейіп кеткенін білеміз. Мұхамеджан Тазабеков те айтыскер ақын ретінде осы ортадан бір-ақ шықты.
Кейін рухани ағартушы ретінде ел аралап, кездеулер ұйымдастырып, ұлттық және жастар тәрбиесімен айналыса бастады.
Инсайдерлік ақпарат көздеріне сүйенетін "uzyn qulaq" телеграм-арнасы Қайрат Сатыбалдының Сауд Арабиясымен байланысы бар екенін әрі саяси амбицияға ие ол елдегі имамдарды халықты басшыға бағынуға тәрбиелеуді уағыздауға тапсырма бергенін айтады.
Соңғы уақыттары халық наразылығы күшейген кезде биліктің имамдар мен молдаларды елді тыныштандыруға пайдаланғанын білеміз. Өйткені халық дінбасылардан басқа адамды тыңдаудан қалды. Қазір халықтың алдында зиялылардың да, қоғам белсенділерінің де, саясаткерлердің де абыройы жоқ. Ал діни басшыларды халық аз да болса, тыңдауға әзір. Сондықтан билік алдағы уақытта халықты басқару үшін дінді әлі де талай пайдаланатын көрінеді.
Аталмыш телеграм-арнаның мәліметінше, Қайрат Сатыбалды ақпараттық идеология арқылы қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсы ақпараттық соғыс жүргізуді көздеп отыр. Сол арқылы 2020 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биліктен референдум арқылы кетуіне себепкер болмақ.
Сондықтан Мұхамеджан Тазабеков ел алдына шығып, агрессивті уағыз жүргізіп, билік пен халық арасында жанжал жасауға тырысып жатқан болуы мүмкін. Қайрат Сатыбалдының мақсаты - Тоқаевтың жүргізіп отырған либералды саясатына қарсы үгіт-насихат жүргізіп, халықты қазіргі президентке айдап салу.
Бұл Назарбаевтар әулетінің қолынан келетін оп-оңай іс: өйткені бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарының дәл осы династияның қолында екені белгілі. Сол арқылы олар Тоқаев пен оның саясатына қарсы жан-жақты ақпараттық шабуыл жасамақ.