Саясат
Дінтанушының еңбегі
Діннің (діни идеологиялардың) адам психикасындағы орнын білу – теріс ағымнан зардап шеккендерді оңалтудың басты қағидасы. Кез келген дін – оны ұстанушылар үшін абсолютті ақиқат. Олай болмаса, діндардың діндарлығы күмәнді күйінде қалады. Сондықтан дінге немесе діни ағымдарға кірген адамның басты көздегені абсолютті ақиқатты іздеу екендігінде күмән жоқ. Тіпті, радикализмде шектен шыққан халықаралық террористік актілерге қатысушылардың да алғашқы қадамы ақиқатты іздеуден басталады. Лаңкестік топтарды құрушылардың түпкі мақсаты әртүрлі саяси мүдделерге негізделгенімен, олардың қатарын толықтырушы, қарапайым азаматтар – діннен ақиқат іздеймін деп жаза басқандар.
Адам психологиясының сан алуан қыры бар. Сенім, дін, илану сияқты ұғымдар – адамның жан-дүниесінің тереңінен орын алатын түсініктер. Кезінде кейбір әлеуметтанушылар жасаған «Секуляризм дамыған сайын сакрализмге орын қалмайды» деген тұжырым бүгінде расталған жоқ. Адамзат ХХІ ғасырдың алғашқы ширегін бағындыруға жақын қалса да, діннің қоғамдағы рөлі мен орны әлсіреген емес. Бұдан шығатын қорытынды: «Адамның білім деңгейі, әлеуметтік статусы, жасы қандай болса да, дінге деген қажеттілікті сезіне бермек». Оның үстіне, сенімнің тағы бір қыры ғылыми дәйектелмесе де, пайда-зияны айқындалмаса да қоршаған ортаның ықпалымен немесе жеке пайымның нәтижесінде адам жүрегіне орнығады.
Тіпті, теріс көзқарастардың бастапқыда іштей қарсылық туындатқанымен, уақыт өте келе адамның көкірегінде орнығып, өздерінің пайымдары мен сенім қанағаттары үшін жанқиярлық дәрежеде күресуге дейін апаратындығы талай мәрте дәлелденген. Ендеше, белгілі бір сенім орнықпай тұрып жеке тұлғамен әртүрлі бағытта жұмыс істеуге болатын болса, белгілі бір сенім көкейіне орныққаннан кейін және ол ұзақ уақыт қолданыс тапқаннан соң адамды райынан қайтару барынша күрделі процеске айналады.
«Менің пікірім ғана дұрыс» деген қағида – адам баласының көбіне тән ерекшелік. Бұл діни ағымдар мен көзқарастарда өзін тіпті анық байқатады. Ешқашан жолы түйіспеген адаммен өз көзқарасына сай келмейтін ұстанымда, жолда болғаны үшін жауласу – көзқарастың ең үлкен қасіреті. Адамдар арасындағы қайшылықтарға апаратын бұл түсінікті жұмсарту аса қиынға түспейді. Әрбір дін, діни ағым өздерінің қатарын толықтыру үшін ұстанған бағыттарының «жалғыз ғана ақиқат» екендігін уағыздауы – заңдылық. Алайда, дінді немесе діни ағымды ұстанушы жеке тұлға айналасындағы адамдармен түсіністікте өмір сүру үшін «Менің пікірім дұрыс» деп айтуға құқылы болғанымен, «Менікі ғана дұрыс» деуі орынсыз. Сондықтан өзгелердің наным-сенімдеріне, көзқарастарына деген алғашқы құрмет, төзімділік сезімі орныға бастаған сәттен бастап радикализм, экстремизм белгілерінен айыға бастайды. Тіпті, мұны жаратушының тағыдыры ретінде де бағалауына кедергі қалмайды.
Менің жолым, ұстанымым, бағытым, дінім ғана дұрыс дегенге әбден сенген адам (бұл – арнайы санаға сіңірілетін идея) өзінің санасындағы ойларда қайшылыққа жолығудан барынша қашқақтайды. Ат көзілдірігі кейпіндегі бұл ұстаным орныққан адамның әртүрлі сыни пікірлерге төзуі, алтернитивті кітаптарды оқуы, ақпараттарға құлақ асуы қиындайды. Тұрақты түрде «біз» және «басқалар» деген шаблон негізінде агрессиялық ұстанымда болады. Қоғамнан, әлеуметтік ортадан өзіне лайықты орын таба алмағандықтан, өз тобында тұйықталуды ең дұрыс, лайықты өмір деп санайды. Егер бұл ұстанымына діни сипат беретін болса тіптен күрделі. Сондықтан ондай ағым өкілдерімен жұмыс істеудегі басты кедергі – санадағы қалыптасқан шаблонды бұзу. Бұл оңайға түсе бермейді. Дегенмен, адами қатынастар арқылы біртіндеп қатып қалған қағидаға сызат түсіруге болады.
Мұнда да агрессиялық, кемсітушілік жолдармен емес, тең дәрежедегі сұхбаттар нәтижесінде қол жеткізуге болады. Кез келген көзқарас, ұстаным дінмен, діни қағидалармен астасып қабылданған кезде «қасиеттілікке» ие болады. Адам өзінің жүрегіндегі қасиетті санаған пікірін барынша қорлатпауға тырысады. Сол себептен, өзінің сенімін қорғау үшін өлімге де бас тігуі ғажап емес. Осыны назарға ала отырып тұлғаны қоғамдық қатынастарға қалайда бейімдеу үшін тұйықталу себептерін аша отырып, онымен ашық сұхбатқа көшу, ашықтықты (тіпті, оған ақыл сала отырып, «эмпатиялық әдіс»[1]) қамтамасыз ету теріс ағым өкілдерімен жұмыс жасаушы мамандардың кәсіби шеберліктеріне байланысты.
Қорыта келгенде айтарым, адам – әлеуметтік жануар. Оның қоғамнан аластауы – ол үшін ең үлкен жаза. Сондықтан теріс ағымға кіргендігі айқындалған азаматтарды қоғамнан тысқа тебу, оларды өз халінде қалдыру, байланысты үзу ертеңгі радикалды көзқарастары мен әрекеттерінің туындауына алып келеді. Қазірде көп мекемелерде теріс ағым өкілдерін әртүрлі саяси, қоғамдық мәселелерден қашу үшін жұмыстан, оқудан, мектептен шығару үрдісіне бейімділік бар. Ал қоғамдық, әлеуметтік ортада қандай да бір байланысы бар азаматтар әлі де жұмыс істеуге, райынан қайтаруға болатын ашық адамдар болып саналады. Сондықтан олардың көзқарасын оң бағытта қалыптастыруға атсалысу, уақытылы әр қырынан көмек қолын созу оны теріс ағым тырнағынан құтқару екендігін естен шығармаған абзал.
Кеңшілік ТЫШХАН, дінтанушы
Дереккөз: Ұлт ақпарат