Саясат
Қытай шенеуніктері АҚШ-қа кіре алмайды
АҚШ үкіметі Шыңжаңдағы аз ұлттарды басып-шаншумен айналысқан қытай шенеуніктеріне, компартия мүшелеріне виза бермейміз деп мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы РИА Новости-ге сілтеме жасап.
- Шыңжаңдағы ұйғырлар мен қазақтарды, басқа да аз ұлттарды жазықсыз қамап, зорлық-зомбылық көрсеткені үшін Қытай коммунисттік партиясы мен осы саясатқа жауапты үкімет мүшелеріне виза бермеу, шектеу туралы шешім шығарылып отыр, - деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео.
Бұған дейін АҚШ үкіметі Шыңжаңдағы мұсылман халықтарға геноцид жүргізгені үшін қытайдың 28 ұйымына санкция салып, сауда-саттық жасау мен технологияларды беруден бас тартқан еді.
- Америка Құрама Штаттары Қытайдан Шыңжаң аймағында жасап жатқан репрессияны тоқтатуды, мұсылман ұлттарды ұстап, қамаққа алуды, шетке қашуға мәжбүр болғандарды қудалауды тоқтатуды талап етеді, - деді Помпео.
Ал қытай үкіметі америка билігін елдің ішкі мәселелеріне айналысты әрі халықаралық нормаларды бұзды деп айыптап, АҚШ-тан мұндай санкцияларды дереу тоқтатуды талап етті.
АҚШ үкіметі Қытайдың Шыңжаңдағы аз ұлттарды жою саясатын бұрын да талай сынға алған еді. 2018 жылы БҰҰ-ның сарапшылар отырысында АҚШ баяндамашылары қытай үкіметінің Ұйғыр-Шыңжаң аймағындағы этникалық ұйғырлар мен қазақтардың миллиондаған адамын тәрбиелеу лагерлеріне жазықсыз қамап, шектен тыс зомбылық көрсетіп жатқанын хабарлаған еді. Ал қытай үкіметі болса, АҚШ-тың бұл мәлімдемесін жоққа шығарып, оны дәлелдейтін фактілер жоқ деп мәлімдеген болатын.
Яғни, қытай билігі мұны лаңкестік пен экстремизмнің алдын алу үшін ғана оқыту орталықтары ашылып, кәсіби-техникалық білім берілуде деп жылы жапқан еді.