Кеттік, Bugin

Турист жазбасы: Арыстанбаб кесенесі жайлы не білеміз?

Көнеден қалған жәдігер

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жақында "Limon.kz" туристтік компаниясымен бірге "Кеттік, Bugin!" туристтік материалдар топтамасын бастаған болатынбыз. Бұған дейін Ахмет Ясауи кесенесі туралы жазған болсақ, енді Ясауидың ұстазы Арыстанбаб бабамыздың кесенесі жайлы жазбақпыз.

Айта кеткен жөн, Түрікстанның Отырар аймағында орналасқан Арыстанбаб кесенесі – Қазақстандағы ең көне мәдени жәдігерлердің бірі. Іргесі сонау 11 ғасырларда қаланған. Яғни, темір дәуірінде құйылған қыш кірпіштердің кейбірі әлі күнге дейін сақталып қалған.

Арыстанбаб кім болған?

Арыстанбаб – түркі тайпаларына ислам дінін таратқан, уағыздаған алғашқы қайраткерлердің бірі, Қожа Ахмет Ясауидың ұстазы.

Ислам діні қазақ даласына 8 ғасырдан бастап тарай бастаған. Түркі тайпаларын дінге күштеп енгізу мүмкін болмады. Сондықтан дінді насихат арқылы жеткізу ең тиімді жол болды. Оның үстіне, түркі тайпалары ел арасынан шыққан шайқыларды ерекше құрметтеген, сөзін сыйлаған. Осы түркі шайқыларының көш басында Арыстанбаб бабамыз бен Қожа Ахмет Ясауи атамыз тұрған деседі.

Кейбір аңыздарға сүйенсек, Арыстанбаб сонау Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) заманында өмір сүрген екен. Аңызға салсақ, Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) 63 жасында хал үстінде жатып, дүниеден өтер шағында, халықты жинап, «кім менің аманатымды алып, ісімді әрі жалғар екен» деп өтініш айтқан көрінеді. Сонда 300 жастағы Арыстан баб қана пайғамбардың алдына келіп, аманатын алған екен. Пайғамбардың аманаты – құрманы 400 жыл бойы ұртында сақтап жүріп, 11 жастағы бала Ахметке табыс етеді. Ал ол бала Қожа Ахмет Ясауи болып шығады.

Арыстанбаб есіміндегі "баб" сөзі бұрынғы түркі тайпаларында ислам дінін таратушы адамдардың есіміне қосып айтатын сөз болған. "Арыстан" сөзі араб тілінде "алып, зор, үлкен" деген мағыналарды білдіреді.

Арыстанбабтың Мансұр есімді ұлы, Әбдімәлік Тәшіқожа есімді немересі, Зеңбі баба есімді шөбересі болған. Мансұрдың жерленген жері Түркия болса, Зеңгі бабаның бейіті Ташкентте жатыр. 

Арыстанбаб кесенесі қашан қаланған?

Арыстан баб кесенесі — көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші.  Кесененің өзі 11 ғасырда қаланған екен. Кесененің ең көне бөлігі – қабірі әлі күнге дейін сақталып қалған. Яғни, темір дәуірінде құйылған көне кірпіштерді қазір де көруге болады. Көне кірпіштері қабірхананың астында және кіреберіс табалдырығында жатыр. Оның бір-екеуі мұражайдың ішінде тұр.

Алайда ортағасырларға жетпей бұл ескерткіш құлап қалады да, 14 ғасырдың ортасында Арыстанбабтың қабірінің үстіне Әмір Темір кішкене сағана соқтырады. Кейін Қожа Ахмет Ясауидің кесенесін тұрғызып жатқанда, Әмір Темірдің түсіне Арыстанбаб еніп, бабаның аруағынан қорыққан билеуші Ясауидың кесенесін тоқтатып қойып, Арыстанбабтың қабірінің үстіне кесене жинаған деседі.

Содан бері кесенеге бірнеше рет жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай жөндеулердің бірі 1900 жылдары болған. Осы күнге жеткен кесененің қалыбы сол жылдары қаланған. Бұрынғы ғимараттың бас есігі Меккеге қараса, енді еңсесі бой көтерген құрылыстың қасбеті Түркістанға, Әзірет Сұлтан кесенесіне қарай қаратылады. Ал екі жағына екі үлкен мұнара соғылады. Дәрісхана мен мешіт салынады.

Өткен ғасырдың көрінісі болса керек, дәліз-қақпаның маңдайшасына араб қарпімен жазылып қалдырылған сөйлем әлі күнге дейін сақталып қалған.

Мәрмәр тақтада кесенені жөндеген ұсталардың есімі қашалған екен:

1327 жыл

Ұста

Қалмырза

мен Мүсәпір Түркістани

деп жазылған.

Қыш тақтайшаға қашалған жазудан кесененің хижраның 1327 жылы (біздің санақ бойынша 1909 жылы) Түркістандық Қалмырза мен Мүсәпір ұсталардың қолымен жөнделгенін білуге болады. Ал бұл ұсталарға кеткен шығынды жергілікті халық өз қалтасынан жинап берген екен.

Одан кейінгі жөндеу 1975-1980 жылдары жүргізілген. Оған Отырар жерінің тумасы, этнограф, мәдениет министрі қызметінде болған Өзбекәлі Жәнібековтің үлесі мол болды. Қазақтың тарихына бейжай қарамайтын майталман тұлға көне ескерткішті сақтап қалу үшін жұмыстың басы-қасында жүрген.

Алты ғасыр бойы сақталып қалған

Кесененің көне құрылысынан қалған тағы бір ерекше зат – бұл ұстын тіреулер. Сонау 14 ғасырда қарағаштан шауып қойылған 6 тіреудің 6 ғасыр бойы сақталып қалғаны адам таңқаларлық нәрсе. Әсіресе, қасиетті қарағаштың ғасырлар бойы шірімей, ұзақ сақталатынына таңқалмасқа болмайды. Оның өзінде, ұстынның жоғарғы жағына ойылып салынған оюлар сол күйі сақталып қалған. Ғалымдар бұл оюды қазақтың дәстүрлі нақышы екендігін айтады.

Өзбекәлі Жәнібековтің басшылығымен жүргізілген жөндеу кезінде осы ұстын тіреулердің көшірмесі жасалып, түпнұсқасы мұражайға өткізіледі. Бұрын Алматыдағы археологиялық мұражайда тұрған болса, қазір Арыстанбаб кесенесінің мұражайында сақтаулы тұр. Ал көшірме тіреулердің өзі мешіттің ішінде.

Намаз оқитын орын болған

Арыстанбаб қабірінің үстіне салынған кесененің қарапайым халық үшін пайдасы көп болған. Яғни, Отырар халқы кесененің мешітіне келіп, намаз оқып, медреседен діни білім алған.

Кесене 1980 жылы мұражай қорына берілгенге дейін ауыл адамдары осында келіп намаз өтеп жүрген екен. Қазір тек шипа мен ем іздеп келген, туристтік орынды көруге ат басын тірегендер осы мешітке кіріп намаз оқып, дұға жасайды. Алладан кешірім сұрап, тәубе етеді.  

Есім жазу не әдет!

Кесененің сол жағында 14 ғасырда қазылған құдық бар. Тереңдігі – 14 метр. Суы өте ащы. Жолаушылап келгендерге көп ішуге болмайды. Дәмін көру үшін ішкендерге дұға жасап жұтқаны жөн.