Экономика

Кәсіп ашпақ болған жігіттің әңгімесі: Мемлекеттік қолдау байлар үшін...

Бай туысты қайдан табам

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әңгіме кәсіпкерлікке берілетін жеңілдетілген несие жайында. Мықты көкең, қымбат мүлігің не табысты бизнесің бар ма? Ендеше, мархабат. Ал бәрін нөлден бастап, осындай деңгейге жеткің келе ме? Онда демал, бауырым! Жоқ, бәрібір дегеніме жетем дейсің ба? Сені әбден шапқылатады, шамдандырады, шаршатады, ақыры өз еркіңмен демалуға мәжбүр боласың. Менің тәжірибем сондай.

Рет-ретімен. Бизнес ашпақ болдық. Қарапайым отбасылық бизнес. Сөйтіп, бір жыл бұрын қамдана бастадық. Ал жарты жыл бұрын нақты іске кірістік. Қолымызда азды-көпті жиғанымыз бар. Оған қосымша жеңілдетілген шағын несие алып, кәсіпкерлікті бір жолға қояйық деген ой ғой.

Бірақ кейінгісі біз сияқты қарапайым адамдарға арналмаған екен. Оның игілігін тек байлар ғана көре алады. Сәйкесінше, соның арқасында байлар ғана бай бола береді. Неге? Әлгі несиені алу үшін қымбат жылжымайтын мүлігінің не крутой бизнесмен туысың болу керек. Кепілдік қой былай айтқанда. Ал егер менің қымбат жылжымайтын мүлігім не крутой бизнесмен туысым болса, маған ол несиенің қажеті қанша?! Сол жақтан-ақ керегімді алмаймын ба?! Бірақ оны мемлекеттік бағдарламаның басы-қасында жүргендер түсінбейді-ау. Түсінсе, бірден айтпай ма? Жарнама деген ұрып тұр енді.

Тіпті, мемлекет өзі кепілдік болады деп қояды. Осыған сеніп (аңғал басым-ай) бір жыл бұрын Ұлттық кәсіпкерлер палатасының арнайы курсынан өтіп, сертификатын алдық. Әлеуметтік маңызы бар бизнес жоспар құрдық. Оны сол палата мақұлдады. ЖШС аштық. Құжаттарын реттедік. Шотына ақша салдық. Помещениемен келісімге отырдық. Вообщым, тиісті талаптарды рет-ретімен орындап келіп, банкке өтініш бермейміз бе?!

«Концерт» сол кезде басталды. Кепіл болатын кәсіпкер болмаса, несие жоқ дейді. Кәсіпкерлер палатасына бардық. Олар бұған қатысымыз «жоқ» дейді. «Даму» қорына бардық. 85 процент кепіл бола аламыз дейді. Қайтіп банкке барамыз. Иә, «Даму» сөйте алады, бірақ бәрібір, кепіл болатын кәсіпкер әкел дейді.

Әлгі ертегідегі шортан, шаян және аққу сияқты ғой. Осылай үш тараптың арасында ондаған круг жасадық. Бірақ несиеге қол жетпеді. Үкімет банкке берді. Кәсіпкерлікті қолда деп. Банк бізге бермеді. Кәсіпкер туыс әкел деп. Ал мен түсінбей далмын. Сондайлық кепіл болатын бай туысым не танысым болса, маған несиенің не қажеті бар? Мемлекеттік бағдарламаның, кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» қорының не қажеті бар?

Олар енді өздерін ел игілігіне жұмыс жасап жатырмыз деп ойлайтын шығар. Бай туысы барларға несие береді, олардың бизнестерін кеңейтеді, кейін жоғарғы жаққа есеп береді. Ал «адам» болғысы келетін қарапайым адамдар ше? Оларға шанс бар ма? Мен өзім осы әлеуметтік топтың қатарындамын және табысты азамат болуға, кәсіпкерлікті дамытуға, жаңашылдық әкелуге деген желание ұрып тұр. Жаспын. Уақытым да, қайратым да жетеді. Бірақ қолым қысқа. Оны ұзартатын бағдарлама бар, қолдау бар, мүмкіндік бар. Бірақ жеме-жеме келгенде ештеңе жоқ.

Сразу и четко айту керек қой. «Бизнесі бар тұлғаны тап не қымбат жылжымайтын мүлік тап! Әйтпесе, қолдау жоқ!» деп. Сонда біз және біз сияқты «нөлден» кәсібін бастағысы келгендер бір жерлерін қысып, сол күйбең тірлікпен жүре берер еді. Үміттенбей...

Айтпақшы, анау жолы Үкіметте үлкен жиын болды және осы кәсіпкерлікке бөлінген қаржы дұрыс игерілмей жатқаны айтылды. Яғни, оны жыл соңына дейін нетіп бітіру керек. Ал енді нетейік десек, ақша жоқ дейді. Байларға білмеймін, әйтеуір, біз сияқтыларға сондай жауап. Ақыры қолды бір сілтеп, ішімнен бұрқ-бұрқ етіп боқтаудан басқа амал қалмады. Бүйткен нелеріңді...

Аслан Қаженовтың Facebook-тегі парақшасынан