Түркі әлемі
Сәдіғожа Мошанұлының туғанына 100 жыл
Сәдіғожа Мошанұлы Қарадала төсіндегі қаймана қазақтың мақтанышына айналғалы қашан. Жетісудың «Сарыбидай» (орындаған Р. Стамғазиев), «Ақ қаз едің», «Еркем-ай» (орындаған Д. Рақышев), «Ахау айым» (орындаған Н. Жанпейісов), сондай ақ «Сағынсаң қалқа өзің кел» ( орындаған Нұржан Жәнпейісов) сынды әндерінің авторы не бәрі 29 жасында қыршын кетіп, талай әндер жарыққа шықпай қалды-ау деген өкініште қалды көңілде...
Сәдіғожа 1917 жылы Кетпен тауының етегінде дүниеге келген. Кейбір деректерде 1895 дүниеге келіп, 1923 жылы қайтты деседі. Жасынан өнерпаз талант иесі 1931 жылы колхоздандыру саясатының ықпалынан еріксіз туыстарымен Қытайға қоныс аударуға мәжбүр болады. 1947 жылы ел ішіне тарап кеткен сүзек дертінен отызға да толмай, артында ұрпақ сүйіп те үлгермей қайтыс болып, сүйегі Құлжа маңындағы (ҚХР) Білікші деген жерде қалған.
«Біздің ауыл Кетпеннің етегінде» деп өле-өлгенше жырлап кеткен Сәдіғожа мұрасын зерттеушілер Сәдіғожаның Ақан сері мен Жаяу Мұса тәрізді тұлғалармен қатар қояды. Белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы ағамыздың өзі «Артында қалған сегіз әннің өзі сексеннің жүгін көтеріп тұр» деп баға беруі Сәдіғожаның ғасырда туатын дара тұлға екенін көрсетіп кеткендей.
Бәлкім Қазақстанда қалғанда осы тұлғалармен есімі қатар аталар ме еді?.. Бүгінде анық Сәдіғожанікі деген сегіз әні үнтаспаға түсірілген. Алайда халық әндері энциклапедиясына кірген, Қытай қазақтары ғана білетін біраз әндер Сәдіғожанікі деген болжам бар. Сәдіғожа қайтқанан кейін артындағы екі бауыры да аурудан көз ашпай, олар да қайтыс болады. Артында аңырап қалған аналары Зербала қайғыдан қан жұтып, Сәдіғожаның әндерін естігенде еліріп шығатын ауруға ұшыраған. Зербаланың қайғыдан қан ішкен түріне қарап, ақсақалдар Сәдіғожа әндерін шырқауға тиым салған екен. Алайда анамыз қайтқаннан кейін ел есінде еміс-еміс қалған Сәдіғожа әндері қайта шыға бастады.
Биыл Кетпентау етегінде "Рухани жаңғыру" аясында халық мұрасын қастерлеу мақсатында Сәдіғожаның 100 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті. Мерейтой қарасаңында өзі дүниеге келген Кетпен ауылында Сәдіғожа Мошанұлына арнап ескерткіш ашылды. Салтанатты ескерткішті ашуға Алматы, Нұр-Сұлтан қаласынан зиялы қауым өкілдері де келді. Кейін тойға ұласып, Жетісудың жезтаңдайлары халық әндерін құлақтың құрышын қандыра орындап, құмардан шығарды. Дәстүрлі әншілер қатарында Рамазан бастаған топ пен Кетпеннен шыққан өнерпаздар Е. Шалдыбеков пен Б. Какелеев те Сәдіғожа әндерін әуелете шырқап берді. Жағалай тігілген ақ шаңқан кигіз үйлерде дайындалған үлкен аста да аталмыш әндер әбден шырқалып, нағыз ежелгі қазақтың тойындай өтті...
Сәдіғожаның 100 жылдығының басы-қасында мұрындық болып Сәдіғожаның тікелей ұрпақтары саналатын Құныпия Алпысбаев ағамыз ұлы Едіге Қожахметпен бірге тойды өткізуге қаржылық жағынан да рухани жағынан жүгіріп жүрді. Қарадаланың етегіне жиналған дүйім қазақ өз мақтаныштары Сәдіғожаның тойына бір кісідей жиылып, тойдың өтуіне үлкен күш жұмсаған Едіге Құныпияұлына ат мінгізіп, шапан жапты.
Аудан баспасөзі берген мәлімет бойынша, Кетпен ауылдық мәдениет үйіне Сәдіғожа Мошанұлының есімін беруді жоспарлап отыр. Ердің есімі ел есінде мәңгі қалатыны осындай дүниелерден болса керек. Халық ішін де танылмай жатқан, жарыққа шығаратын тұлғалар әлі де жетеді, қазақ журналистерінің мақсаты еліміздің туризімін насихаттап, дара туған дарабоздарымыздың ел есінде мәңгі қалуына ықпал жасау. Бүгінгі Сәдіғожаның туған өлкесінде қазақ журналисттерінің бір миссиясы орындалғандай зор сеніммен Алматыға қарай жол тарттық.