«Жүрген» жігіт тастап кетсе...
Жастар арасында қызбен немесе жігітпен «жүру» деген ұғым бар. Міне, осы «жүру» туралы айтылатын бірталай жайт бар. Қаншама қыз-келіншектерді осы тақырып мазалайтыны анық.
Біріншіден, арада адал некесі жоқ жастардың қайта-қайта кездесе беруіне шариғатта рұқсат жоқ. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үйленіңдер! Көбейіңдер!», - дейді. «Жүріңдер! Қыдырыңдар!» демейді. Мұның біз білетін және білмейтін себептері өте көп. Әрине, атастырудың алдында өмірлік серік болатын жанды бірнеше рет көріп білудің, қажет болса тіл қатып сөйлесудің жөні бөлек. Шариғат жастарды еш көрмеген, білмеген, танымаған адамымен тағдыр байлассын деп міндеттемейді. Керісінше, бұл нәрсе ақылмен, ретімен, өз жөнімен іске асатын жауапты іс екенін мұсылмандықтан үйренеміз. Жүргенде тұрған не бар деген сауалға келейік.
Байқасақ, «жүргендердің» бәрі тұрмыс құрып, шаңырақ көтеріп кеткен жоқ. Талай жастар қосыла алмай, жарты жолда қалып жатыр. Өйткені үйленуді сен қалағанмен Алла қаламауы мүмкін. Сөйтіп, «жүрістері» өнбеген жастар сан түрлі қиыншылықтарға ұрынып жататынын күнде көріп жүрміз.
«Сенсіз өмір пәлен сияқты, түген сияқты» деп қара аспан төнетін жағдайлар осындай жүрулердің нәтижесі. Көз жасын көл еткен талай өкініштер жүріп, жүріп үйлене алмағаннан туған. Соның ақырында қанша адам араққа салынып, неше кісі кейінгі отбасынан ажырап тынды. Құдай сақтасын, «махаббатым баянсыз болды» деп өзіне-өзі қол жұмсап, ақымақтық жасайтындар да сирек болса да кездеседі. Үйленіп, тұрмыс құрған соң, бұрынғы «жүрген» адамын қиялдайтын ерлі-зайыптылар да аз емес. Жасы ұлғайса да, үйленбей, үйлене алмай жүрген біраз кісінің өткенінде осындай бір хикая жатыр. Біреулер оны «ғашықтықтың жарасы» деп атап та үлгерген. Осының бәрі неден? Шариғат талабын дұрыс түсінбегеннен, мойындамағаннан, бағынбағаннан.
Иә, адам тағдырында жоқ, яғни үйлене алмайтын адамымен көңіл қосып жүргенін қайдан білсін? Бүкіл болашағын, өмірлік жоспарларын үйлене алмайтын адамына байланысты құрып қойғанын да ешкім алдын-ала білмейді. Сондықтан болса керек, ұзақ уақыт «жүруге» шариғатта рұқсат жоқ. Ендеше, «жүрудің» жастарға әкелетін пайдасынан зияны көп.
Абай атамыз «Ғашықтық, құмарлық пен ол екі жол» деп кезінде осы сезімдердің аражігін ажыратып берген. Құмарлық деген бір ауру, кесел. Одан айығу өте қиын. Енді тікелей сабағымыздың өзіне келейік.
Ендігі әңгіме басынан осындай хикая өтіп, басын тауға да, тасқа да ұрып, қай қараға ұрынарын білмей жүргендерге арналады.
Иә, бастан өткен жағдайды санадан сылып алып тастайтындай өткен өмір апандағы саз емес. Өзіңізге қиянат жасап жүрмеңіз. Қазір сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да белгілі бір уақытты өткізуіңіз керек.
Көресіз, бұл күнде өтеді. Алдыңызда жарқыраған жақсы күндер күтіп тұр. Алла сізге берерін тоқтатпасын!