Саясат

Азаматтық қоғам талабы: Тазабековтің уағызына тілдік сараптама жасалсын!

ІІМ, экс-айтыскердің «менторлық лекциясына» кешенді лингвистикалық сараптама жүргізулеріңізді сұраймыз!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жуырда М. Тазабековтың әлеуметтік желіге тараған «саяси үгіт-насихаты» қоғам наразылығын тудырғаны есімізде. Бірі қолдап демесе, кейбірі «ортағасырлық-әкімшілік кертартпалыққа» балап, қазақ қоғамы екіге жарылып отыр.

Алты айда 8000-нан астам азаматпен кездесу өткізген («ÁLI stýdıasy» ұсынған дерек бойынша) Тазабековтың резонанстық мәлімдемесі өзге платформалардан бөлек, бір youtube желісінде-ақ 450 мыңға тарта қаралған. Көпшілік айтып жүргендей «діннің билікке араласуына» қатысты белгілі теолог Досай Кенжетай, саясаткер Дос Көшім, исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлы, майталман журналист Мұхтар Түменбай, этнограф Айгүл Болатханқызы, заңгер Айгүл Орынбек, тәуелсіз ойшыл Серік Аббас Шах, ғалым Мұқан Исахан бастаған оқыған-зиялылар шоғыры діни белсендінің дәрісін айыптаған болатын.

«Асыл арнаның» басшысы әлеуметтік желідегі парақшаларында қоғамдық даудан кейін бірнеше мәрте мәлімдеме-посттарын жариялап үлгерді. Даттаушылар мен жақтаушылар жағы боп бөлінген ала топтың арасында тұрған гәп – арандатуға құрылған монтажбен «лекция мазмұны бұрмаланған», алдыңғысы соңғысымен жалғанып, ортасы кесілген дейді. Шын мәнінде солай ма?

Біздіңше, 2 немесе 1 минуттық үзінділері ретінде тараған Тазабековтің күштік құрылымдар алдындағы «полиция позициясы» туралы бейнеүзіктер «ÁLI stýdıasy» деп аталатын youtube видеохостинг арнасында 2 қазанда «Әрбір Қазақстандық осыны түсінетін кез келді / Мұхамеджан Тазабеков» тақырыбымен жарияланған бейнематериалдан алынған. 18 минут 58 секундтан тұратын видео оның әртүрлі кездесулерде айтқан сөздерінен кұралған.

Бір қызығы, Сарыағаш медресесінің уағыздарын жиі жариялап отыратын арнада видеоға оның «алғашқы ақталу» жазбасы қосарланып қойылған. Әрі мұны монтаждап жариялаушы - Тазабековпен сыйлас, ортақ жиындарда жұбы жазылмайтын Абдуғаппар Сманов басқаратын Сарыағаш медресесінің арнасы. Ал экс-айтыскер мен күштік құрылымдардың кездесуін ұйымдастырушы органдардың өзі екені анық, бұған кездесудің кәсіби бейне түсірілімі айғақ болатындай. Демек, бейнетүсірілім – биліктікі, монтаж иесі – ÁLI stýdıasy. Қалың полицейлермен өткен кездесудің толық бейнежазбасы қонаққа шақырған әрі шараны ұйымдастырушыастаналық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қолында болмауы мүмкін емес. Бұдан Тазабековтің «Арандатушылардың ісі», «Толық бейнежазбаны іздестіріп жатырмыз» деген уәждерінің орынсыз екенін көруге болады.

Күні кеше, қазанның 10-ы ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчидидіни белсенді Мұхамеджан Тазабектің құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне оқыған дәрісінен кейін тексеріс басталғанын мәлімдеп еді. 

- Әрбір мемлекеттік органның ақпараттық жұмыс жүргізу жоспары бар. Олар әртүрлі кездесулерге қоғам қайраткерлерін шақырады. Біз қазір бұл кездесудің қаншалықты қажет болғанын, оның форматы мен мазмұнын тексеріп жатырмыз. Кейін бәрін саралап, баға беріп, шешім қабылдаймыз, – деді сенат кулуарында.

Ендеше, ІІМ-ге азаматтық қоғам атынан маңызды ұсыныс – ақ-қарасын айыра алмай, екі оттың ортасында қалған жұрттың ойын онға, санасын санға бөлмей, соңғы мәлімдемесі алдыңғысының тонын айналдыра, басқа өң беретін Мұхамеджан мырзаның «менторлық лекцияларына» кешенді (діни, лингво-семантикалық, мәдени-саяси...) түрде лингвистикалық сараптама жасауларыңызды сұраймыз.

Атышулы бейнежазба қоғамдық қызу талқыға түскеніне, көпшіліктің наразылығына қарамастан, «Жүздеген «жанашырларым» долданды екен деп, миллиондардың маңыз берген шақыртуынан бас тарта алмайсың...» деген Тазабеков Талдықорған мен Ақтөбе қалаларында қоғамдық кездесулер өткізілген. Экс-айтыскер аузынан тастамайтын Алаштың Абайы «көпте ақыл жоқ» дегенін ескерсек, наразылардың деңгей-құрамын есепке алсақ, сол  жүз шақты ғана долданғыштың көзіқарақты, ел ертеңіне одан кем қам жемейтін, зиялы тұлғалар, қайраткерлер екені аксиомалық ақиқат.

Сөз ұстаған, қадірін құнттап, мұраға алған жалғыз Тазабеков болмаса керек-ті. Ел сөз таныған соң, түрлендіре тәпсірлеуді қажет етпейтін кесімді ойды тайға таңба басқандай анық түсінгенген кейін, көзі жеткендіктен шамданды, шағынды, даттады. Өзгені мұқату-кекету сезілетін посттары мен «Сөккен әңгімедегі» сөзі өз айтқанына «барынша шаң жуытпауға», дұрыс түсінбегендерге дұрыс түсіндіруге, герменевтикасын қабылдамағандарды «табалаушылар» мен «арандатушыларға» телуге бағытталғанына көптің көзі куә.

Естеріңізде болса, қыркүйектің 25-сі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясының жалпы дебатында:

– Менің ұстанымым«әртүрлі пікірлер – бірақ біртұтас ұлт» ұғымына негізделген. Пікір алмасу мен диалог арқылы біз алға жылжуымыз керек. Барлық салада заңдылықты және азаматтардың күнделікті өмірін сақтау үшін құқық қорғау органдары мен соттарды үлкен өзгерістер күтіп тұр, – деген еді.

Президент Тоқаевтың «Егер терең саяси өзгерістер болмаса, Қазақстан сәтті әлеуметтік-экономикалық дамудың үлгісі бола алмайды. Қазақстандағы демократия әлі де жалғасатын жұмыс...Біз үнемі демократияны жетілдіруге, жағымды жақтарын дамытуға және жағымсыз тәжірибелерден үйренуге тырысамыз» дегені рас болса, сарапшылар айтқандай билік мемлекет ісіне дінді араластырмағаны абзал. Әйтпегенде, мұндай «ортағасырлық шіркеу» үлгісі құқықтық тұрғыда жетіліп, жаңаруға ұмтылған қазақстандық қоғамның сенім кредитін саяси дағдарысқа ұшыратуы әбден мүмкін.

Тоқ етері, ІІМ-нен ең айқын, сенімді әдіс – пәнаралық байланыста кешенді лингвистикалық сараптама жүргізуін сұраймыз. Және сараптаманың тәуелсіз, ешбір мүдделі тараптардың араласуынсыз, дербес жүргізілуін қамтамасыз ету – негізгі принцип болуы тиіс.