Weekend

Қарым-қатынас дағдыларын жетілдірудің 7 тəсілі

Коммуникативтік дағдылардың маңызы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

1) Ұялы телефоннан аулақ болыңыз. Батыстық зерттеушілердің пікірінше, смартфондар адамдардың қарым-қатынасына қатты əсер етеді [Emily Drago, 2015]. Зерттеу барысында студенттердің 62%-і адамдармен диалог құра отырып, ұялы телефондарын қолданып, әлеуметтік желілерге кіріп, жаңалықтар бөлімін оқи отыра, басқа жандармен хат алмасатыны анықталды. Ми бір уақытта екі функцияны қатар алып жүре алмайтынын ескерсек, адам ұялы телефонына назар аударған сəттен бастап  əңгімелесу  процесінен шет қала бастайды. Іскерлік кездесу барысында ұялы телефоныңызды дыбыссыз режимге қойып немесе мүлдем өшіріп тастаңыз. Бұл сіздің сұхбат құрушы адамды зейін қоя тыңдайтыныңызды білдіріп, жаныңыздағы адамға сізге деген сенімділікті  ұялата бастайды.

2) Визуалды байланыс орнатыңыз. Визуалды байланыс – қарым-қатынастың негізгі əрі маңызды элементі. Зерттеуші Kreysa H-тың пікірінше, біз көзге тура қарап, сөйлеген адамға көбірек сенім білдіреміз. Жапондық ғалым Klizuka сөйлесу кезінде визуалды байланыстан қашқақтаған адам шынайы емес, жалған айтып тұрғандай сезілетінін айтқан болатын. Ал зерттеуші Sarah Jessen айтуынша, 4 айлық нəрестенің миы адамдардың көзіне тура қарағанда белсенді жұмыс жасайды екен. Бірақ, визуалды байланысты шектен тыс қолдануға болмайды. Кейбір жандар тым ұзақ тесіле қарауды психоапатия мен агрессия белгісі деп санайды. Ғалымдар адамдарға 3 секундтан артық қарамау керек екенін айтқан. Адам бойына сенімділік ұялатуға көз қарашығының əсері мол. Көз қарашығы үлкейген сайын сіздің сұхбаттасушы адамды ықылас қойып, тыңдағаныңды білдіреді.

3) Алғыс айту – маңызды. Қарапайым "Рақмет" айту арқылы сіз  сұхбаттасушы адамның жасаған əрекеттерін бағалайтыныңызды, құрметтейтініңізді білдіре аласыз. Адамды əлеуметтік тұлға екенін ескерсек,  біз үшін жасаған еңбегіміздің айналадағылардың елеуі, мақтау сөз айтып, дəрежеміздің көтерілуі, тиісті бағамызды алуымыз - өте маңызды. Алғыс айту арқылы сұхбаттасушының сізге деген құрметін жоғарылата отырып, болашақта да бірге жұмыс жасауға деген құлшынысын арттыра аласыз.

4) Өзгенің сөзін бөлмеңіз. Əңгімелесу барысында көп адамдардың қателігі - пікірін білдіріп жатқан адамның сөзін бөлу. Олардың ойынша, бұл арқылы жанындағы сұхбат құрып отырған жанды мұқият əрі зейін қоя тыңдағанның белгісі деп біледі. Алайда, бұл өте қате пікір. Жаныңыздағы адамның сөзін бөлсеңіз, ол өзін сыйламады жəне əңгімеге селқос, ынтасыз қарады деп ойлауы əбден мүмкін. Сондықтан, оның не айтатынын білсеңіз де, сөзін бөлмей, соңына дейін тыңдағаннан кейін ғана өз пікіріңізді білдіріңіз.

5) Қате болжам жасамаңыз. Көптеген адамдар өзіне қажетті толық ақпарат ала алмағаннан соң түрлі болжам жасап, қате ойлай бастайды. Əңгіме барысында мұндай олқылыққа жол бермес үшін:

- нақты сұрақтар қоя біліңіз;

- арада түсініспеушілік болмас үшін сұхбат құрушы адамның сөз тіркестерін  түсінгеніңіз бойынша қайталасаңыз, сіз қате ұққан жағдайларды қайта түсінуге мүмкіндігіңіз бар;

- əңгіме аяқталған сəтте қысқаша қорытынды жасап, "Мен сізді дұрыс түсіндім бе?", - деген сұрақты қойыңыз.

Ең маңыздысы, кез - келген іскерлік қарым-қатынас бірнеше адаммен жасалатындықтан өзіңіз  болжам жасап, қате түйін  шығармаңыз.

6) Бейвербалды тіл элементтерін қолданыңыз. Австралиялық ғалым А.Пиз адамдар арасындағы қарым-қатынастың 7% вербалды (сөздер, сөйлемдер), 33% вокалды (интонация, дауыс ырғағы, дауыс  әуезділігі, екпіні мен қарқыны) және 55% бейвербалды элементтер арқылы жүзеге асатынын анықтаған көрінеді.  Бейвербалды элеметтер әңгіме барысында міндетті түрде көрініс алуы керек. Себебі, бұл сұхбаттасып отқан адамдарға жағымды эмоция сыйлайды. Атап айтсақ:

- түзу əрі еркін отыру-өзіңізге де, өзгеге де жақсы атмосфера туғызады;

- қолды  айқастырмау - сұхбатқа барынша дайын екеніңіздің айқын айғағы;

- визуалды байланыс орнату - сенімділік ұялату;

- жымиып отыру жақсы эмоция сыйлайды.

7) Оптимист болыңыз. Бақытты өмір сүру шарттарының бірі – оптимист болу. Оптимистік көзқарас жоғары болған жағдайда жетістік пен бақыт артады. Жағымсыз түсінік пен көзқарас – қайғы мен аурудың тууына негіз болады. Демек, келешектегі денсаулығымыз бен жетістігімізді бүгінгі көзқарастарымыз анықтайды. Адамдармен қарым-қатынас жасау барысында оптимистік  көзқарас орнату арқылы күрмеуі көп мəселелердің шешімін оп-оңай тауып алуға болады.  Кез-келген жағдайда бəрі жақсы болатынына сену барлық адамның қолынан келе бермейді. Сіз өз бойыңызға осы бір жақсы қасиетті ұялатыңыз.