Weekend
Көркемдік аударма
Рэй КУНИ
ТУҒАН КҮН!
(Екі бөлімді ағылшын комедиясы)
Орысшадан қазақшаға тәржімалаған
жазушы-драматург, әдебиеттанушы
Әлібек БАЙБОЛ.
КЕЙІПКЕРЛЕР:
Джейн Перкинс.
Генри Перкинс.
Бетти Джонсон.
Виктор Джонсон.
Билл.
Дэвенпорт.
Слейтон.
БІРІНШІ БӨЛІМ
Перкинстердің қонақүйі. Қысқы кеш. Бөлме іші – жап-жарық. Сахна бос. Асүйден Джейн шығып келеді. Үстінде – әдемі көйлек пен алжапқыш. Ол асүйге өтіп барады. Бірақ, лезде-ақ оралып, сағатқа қарайды да қайтадан кетіп қалады. Келеді. Қолында – ыдыс-аяқ. Дастарқан жайып жүр. Қайтадан сағатқа қарайды.
Джейн. Одан бұндай опасыздықты күтпеген ем. (Кетіп)
Есік ашылып, ішке Генри кіріп келеді. Үстінде – плащ, қолында – дипломат. Бір нәрсеге алаңдаулы әрі тынысы тарылған адамша ауыр дем алады. Дипломатты жерге қояды да өзі де орындыққа қаздия кетеді. Джейн келеді. Қолында – тағы да ыдыс-аяқ. Қайтадан сағатқа қарайды.
Джейн. Басқа-басқа, бірақ одан бұндай опасыздықты күтпеп ем.
Генри үнсіз. Тым селқос, енжарлау. Джейн оны байқап қалады.
Джейн. Тәңірім-ау, Генри! Бұл сен бе едің?!
Генри оған жасқана бір қарайды.
Джейн. Құдай-ау, бағанадан бері күйіп-пісіп мен жүрм. Қайда болдың?
Генри Джейнға қарайды да үнсіз қалады.
Джейн. Қазір Бетти мен Виктор келеді...
Генри тағы үнсіз.
Джейн. Біле білсең, сені туған күніңмен құттықтамақ!
Генри оған тағы да көзін төңкере, мөлиіп қарайды.
Джейн. Неге үндемейсің, Генри? Жұмысыңда тыныштық па, әйтеуір?
Генри. Телефон анықтамалығы...
Джейн. Немене?
Генри. Анықтамалық, қайда?
Джейн. Оны не істейсің? (Береді)
Генри. (Парақтап) Әуекомпаниялар... Әуекомпаниялар... Әуекомпаниялар...
Джейн. Саған не болған, Генри?
Генри. Міне, Британ әуежолдары.
Джейн. Ол не үшін қажет боп қалды, саған?
Генри телефонды алып, нөмірді тере бастайды.
Джейн. Тыңдашы мені, қазір қонақтар келеді!
Генри. (Телефонға) Британ әуежолдары ма екен? Мен екі билет сатып алсам деп ем.
Джейн. Генри, қайдағы билет? Не деп тантып тұрсың?!
Генри. (Телефонға) Иә-иә. Бүгінге!
Джейн. Бүгінге?
Генри. Қайда? Маңызды емес.
Джейн. Генри.
Генри. Мен сізге айттым ғой, бә-рі-бір. Визаны қажетсінбейтін кез келген елге... Дания, Голландия, Испания... Қай уақытқа? Қазір. Джейн, әуежайға шейін жету үшін қанша сағат қажет?
Джейн. Бір...
Генри. Бір сағат... Оған тіркеу-тізімдеуді қосыңыз... Онда былай келіселік, ұшу уақытын сағат онға қойыңыз. Иә. Екі билет. Күтем. (Джейнға) Киіміңді жинастыр, тез.
Джейн. Ұрттап алдың ба, тағы?
Генри. Қажет заттарыңды ғана ал. Және төлқұжаттарды ұмыта көрме.
Джейн. Мен қазір отыра қап, ағыл-тегіл жылауға дайынмын.
Генри. Қайталап айтам, артық дүние алма. Қалғаны со жақтан табыла жатар.
Джейн. Қай жақ, ол?!
Генри. (Телефонға) Иә-иә, Барселона! Тамаша. Маған керегі де осы еді ғой.
Джейн. Құдайым-ау, Генри.
Генри. Билет ақшасын әуежайда-ақ қолма-қол төлесем бола ма? Керемет! Онда, Барселонаға шейін екі билет, бірінші класс. Мистер және миссис Перкинстер. Жо-жоқ, баруға ғана, қайту жағына қам жемеңіз.
Джейн өксігін баса алмай жылайды.
Тіркелу – ұшуға жарты сағат қалғанда жүзеге асырылады ғой?! Түсіндім. Рақмет.
Джейн. Генри!..
Генри. (Телефонды алып, қайта қоңырау соға бастайды) Күте тұрш...
Джейн. Тағы кімге...
Генри. Ұстарам мен тіс щеткасын ғана ала салш. (Телефонға) Алло, такси? Көлік қажет. Дәп қазір. Әуежайға. Екі адам. Мистер Перкинс. Элгар Авеню 42. Тура бұрышында. Он бес минөттан соң? Жақсы! Рақмет. Фу-у-х. Барселона! Барселона!
Джейн. Қайдағы Барселона Генри-ау, қайдағы Барселона? Біз Виктор мен Беттиді күтіп отырмыз ғой.
Генри жерден дипломатын көтеріп, оны Джейн көретіндей етіп ашады. Іші – толған ақша.
Джейн. Бұл не?
Генри. Ақша! Миллион жеті жүз елу мың.
Джейн. (Түкке түсінбей) Миллион... жеті жүз елу...
Генри. ...мың фунт стерлинг. Отыз бес мың «құнды қағаз». Сонда, әр қайсысы елу фунттан...
Джейн. Бұны қалай түсінсек болады?
Генри. Бұл – басқа бақ қонып, байлыққа кенелдік деген сөз, алтыным. Төлқұжаттар қайда? (Кетеді)
Джейн. Осыншама қаржы дипломатыңда қайдан жүр?
Генри. Мәселе сонда ғой, бұл менікі емес.
Джейн. Қалай?
Генри. Әңгіме былай болды. Жұмыстан шығып, метроға отырдым да, әдепкідей әлгі дипломатымды жаныма қойдым. Үйге жетіп... метродан шықтым... қырсық, төлқұжаттар қайда?
Джейн. Содан?
Генри. Дала – суық, шарф пен қолқап кию керек екен деп ойладым да аялдап, дипломатымды ашсам, міне...
Джейн. Сұмдық... сұмдық, айтары жоқ.
Генри. Таптым. (Төлқұжаттарды қалтасына салады) Қателесіп бөтен біреудікін алып кеткен боп тұрм ғой, шамасы.
Джейн. Енді неге қайтарып бермедің, Генри?
Генри. Қайда? Метроға ма?! Одан бұрын абдырап, не істерімді білмей тұрғам, өзім. Айтуға оңай. Сөмкеңнен далап алам деп, ішінен миллион жеті жүз елу мың фунт стерлинг шықса, қандай күйде боларыңды көрер ем.
Джейн. Қанша ақша бар екенін қайдан білесің?
Генри. Санадым.
Джейн. Көшеде ме?!
Генри. Жоқ, сыраханаға кіріп та.
Джейн. Бәсе, айттым ғой, қызусың деп.
Генри. Әлбетте. Есеңгіреп тұрған мен үшін басты мақсат – ес жиып, бар жағдайды бағамдау еді. Сол себепті, аз-маз татқаным рас. Екі қайтара вискиге тапсырыс берген соң, дәретханаға тарттым.
Джейн. Не үшін?
Генри. Бұның бәрі елес-сағым емес екеніне көз жеткізгім келді. Орнығып отырдым-дағы... тфу, санай бастадым.
Джейн. Құдай-ай... Содан?
Генри. Содан, вискиге тағы екі рет тапсырыс берген соң, әжетханаға жүгірдім.
Джейн. Не үшін?
Генри. Ақшаны қайыра санадым.
Джейн. Бір сағатқа неге кешігіп келгенің енді түсінікті болды.
Генри. Әлгі әрекетті тағы қайталадым. Саған өтірік, маған шын, не өңім, не түсім екенін түсінбей дал болдым.
Джейн. Ақша біздікі емес, бұны ұрлық дейді Генри, ұр-лық!
Генри. Иә, саған. Дәретханада отырып әбден ойландым. Бұл қылмыскерлердің ақшасы. Тап-таза криминал. Меніңше, бұны бір пысықай... заңсыз мәміле кезінде қолды еткен. Оған қоса, сол Пысық мистер қайбір құжатқа қол қоймағанға ұқсайды. Яғни, мына байлық ешбір жерде тіркелмеген. Ал, олай болса, мен ақшаны ұрлап алдым деуге еш негіз жоқ.
Джейн. Қорқып тұрмын, Генри.
Генри. Сабыр ет, жай ғана ерен еңбегім үшін берілген сыйақы деп түсін. Көрдің ғой, сонша жылғы төккен тер текке кетпепті, Джейн.
Джейн. Егер поли... ция іздей бастаса ше?..
Генри. Іздемейді. Ақша жоғалғаны туралы ешкім, еш жерге айтып бармайды, алаңдама. Бар да киіміңді жинастыр, тез.
Джейн. Генри, біз әй-шәй жоқ бір-ақ күнде көшіп кетсек қалай болар екен, а?
Генри. Әлі түсінбеген сияқтысың?! Кету керек. Жұмыста төбе көрсетсем, құрыдық.
Джейн. Неге?
Генри. Себебі, әлгі Пысық мистердің дипломаты менде, ал менікі сонда. Оның ішінде бүкіл құжат-қағазым бар. Ертеңнен бастап ол жұмыс орныма қоңырау соғып, іздей бастайды. Бірақ, о кезге арайлап атқан таңды мың миль қашықтағы «Мистер және миссис Рокфеллер» атты испан мейманханасында қарсы алатынымызға кепілдік беремін. Сонымен, қош-сау бол Пысықай мырза. Саған сәлем жолдаған – Генри Перкинс!
Джейн. (Абыржып) Генри, сені осындай күйде бірінші рет көріп тұрмын.
Генри. Өйткені, өзгердім. Өзгердім! (Әндетіп) Барселона, Барселона.
Джейн. Генри, Барселонаға барғым жоқ.
Генри. Қой, өйтпе. Саған Испания ұнаушы еді ғой. «Демалғанда сол жаққа барып қайтайықшы...», – деп өтінген кім?
Джейн. Сергу мен көшу екібөлек дүние ғой, Генри-ау.
Генри. Мақұл. Бармасаң өзің біл. Бір түнеген соң, қалаған елге сапар шегеміз. Австралия, Грекия, Бермуд аралдары дейсің бе, таңдау – өзіңде. Сол аралды тұтастай сатып алып берейін. Киіміңді жинастыр, енді.
Есік қоңырауы соғылады.
Джейн. О, Құдай!
Генри. Виктор мен Бетти келді. Киімді мен-ақ жияйын, ал сен амалын тауып, екеуін шығарып сал.
Джейн. Не шейін? Кешкі асқа шақырған өзіміз ғой.
Генри. Мейрамханаға бара салсын.(Дипломатты ашып, ішінен ақша суырып береді де кетіп қалады)
Джейн. (Жылағысы келіп) Бүгін туған күнің емес пе?
Есік қоңырауы шырылдайды. Джейн ашады.
Дэвенпорт. Полиция, ханым.
Джейн. Полиция?!
Дэвенпорт. Инспектор Дэвенпорт. Орталық округ. Маған осында тұратын джентльмен керек еді.
Джейн. Джентльмен?..
Дэвенпорт. Иә. Күйеуіңіз болса керек.
Джейн. Не боп қалды испектор?.. Мүмкін түсіндірерсіз?..
Дэвенпорт. Жолдасыңызбен жолығып, оңаша сөйлесуім керек, ханым...
Джейн. Ол киімін ауыстырып жатыр... Генри! Оның есімі – Генри...
Дэвенпорт жымиып, мақұлдағандай басын изейді. Есік қоңырауы тағы шырылдайды.
Джейн. Ой, кешіріңіз. Есікті ашсам бола ма?
Дэвенпорт. Әрине.
Джейн. Отырыңыз, отырыңыз. (Еріксіз езу тартады) Генри!
Дэвенпорт отырады. Джейн есікті ашқанда Билл кіріп келеді.
Билл. Міне, мен де келдім!
Джейн. Мені кім, тағы?
Билл. Олар Сізге... «Он бес минөтта келеді», – деген еді, мен болсам белгіленген орынға он-ақ минөтта жеттім.
Джейн. Кім айтты дейсіз?
Билл. Такси шақырдыңыз ба?
Джейн. (Ашуын ақылға жеңдіріп) А-а-а, иә-иә!
Билл. Атым – Билл. Әуелі, әуежайға жетіп алмадық па?! Киім-кешек дайын шығар?
Джейн. Қандай киім-кешек?
Билл. Жүк та!
Джейн. А-а-а, иә-иә, жүк, жүк!.. (Дэвенпортқа) Бүгін бір туысымыз ұшақпен ұшпақшы еді. Ә-ә-ә-әпкем... осы үйде тұрады... дәлірек айтқанда тұрған... Қазір міне, жолға шықпақ... Генри!
Билл. Жоқ, тапсырыс. «Мистер Перкинс» деп жазылған.
Джейн. Жо-жоқ, мистер Перкинс үйде қалады. Тап қазір тапсырыс бергені шындық, бірақ... ұшатын әпкем... (Ашуланып) Генри!
Дэвенпорт. Қай елге ұшпақ?
Джейн. Түсінбедім?
Дэвенпорт. Әпкеңізді айтам...
Джейн. А-а-а, иә... Сиднейге... Австралия...
Билл. А, Австралия! Ондағы жағдай әлі оңала қойған жоқ секілді!
Джейн. Әпкем...
Билл. Жарайды. Көлікте күтемін. Көшенің қиылысында тұр. Екеуіңіз дайын болғанда ескертерсіз!
Джейн. Қайдағы екеу?
Билл. Тапсырыста екі адам делінген. Біреуі әлгі әпкеңіз ғой, сонда?!
Джейн. Дәл солай. Жанында күйеуі бар. Өзі австралиялық.
Билл. Тез шықсыншы. (Дэвенпортқа) Танысқаныма қуаныштымын.
Джейн. Қайда жүрсің, Генри? Қонақтар күтіп қалды ғой.
Дэвенпорт. Мазасыз күн болды. Өзге елге сапар, кешіккен қонақ, кешкі ас...
Джейн. Дұрыс айтасыз.
Дэвенпорт. Қобалжуыңызға қарай, бекер емес секілді.
Джейн. Жо-жоқ, бәрі дұрыс. Тауықтан жасалған тағам та дайын болды.
Дэвенпорт. Астан әпкеңіз бен жездеңіз ауыз тимейтіні өкінішті.
Джейн. Әпкем? А-а-а, иә-иә, Аделаида мен Перси... Оның аты – Перси. Өкінішті, әрине. Бірақ, ұшақ күтпейді.
Дэвенпорт. Сидней алыс қой. Жеткенше жеті рет дастарқан жаюға тура келеді.
Джейн. Өте алыс, өте...
Генри кіре қалады. Бұтында – шалбар, үстінде – қысқа жеңді жейде. Қолында – плащ, сөмке және дипломат.
Генри. Бәрін... жинадым. Виктор мен Бетти қайда?
Джейн. Құдайы-қонақ келді.
Генри. Құдайы-қонақ? А, такси! Жарады, еті тірі екен.
Дэвенпорт. (Орнынан тұрады) Негізі, полициядан келдім.
Генри. Полициядан?..
Дэвенпорт. Инспектор Дэвенпорт. Орталық округ. (Куәлігін көрсетеді).
Генри. Қандай мәселемен келдіңіз, инспектор?
Дэвенпорт. Мистер Перкинс деген сіз ба?
Генри. Иә, мен.
Дэвенпорт. Айтар әңгіме бар, сэр.
Генри. Не жөнінде?
Дэвенпорт. Оңаша... Қажет десеңіз, қайын әпкеңіз кеткенше күтейін.
Генри. (Ойланып) Қайын әпке?..
Джейн. (Естілер-естілмес қана) Аделаиданы айтып тұрған болар...
Генри. Аделаида?!
Дэвенпорт. Иә. Олар бүгін сапар шекпек екен.
Джейн. «Олар» деп... Аделаида мен Персиды айтып тұр-ау, шамасы. (Ызалы күлкі) Гүл болмаса, бүл болсын.
Генри. Немене?
Дэвенпорт. Сиднейден келген солар ғой?
Джейн. Сөмкесін көтеріскеніңе рақмет.
Генри. Оқасы жоқ.
Джейн. Генри! Инспекторға Аделаида мен Персидың қашан жол жүретіні аса қажет емес секілді, қалай ойлайсың?
Генри. Ә-ә-ә-әрине, Джейн. Өйткені, полиция – біздің арымыз, полиция біздің – барымыз! Былай қарай жүріңіз инспектор.
Есік қоңырауы шырылдайды.
Джейн. О, Құдай.
Генри. Такси ғой, күтсін де.
Джейн. Билл бағана келді. Сыртта тұр.
Генри. Биллы кім-ей?
Джейн. Таксист! Аделаида мен Персиды алып кетуге кепті.
Генри. А, иә-иә.
Джейн. Виктор мен Бетти болса керек.
Генри. Келісілген кешкі ас тамам деп айт.
Джейн. Қай сасқаның, Генри?
Генри. Солай.
Есік қоңырауы шылдырлайды. Джейн дір ете қалады.
Джейн. Жар бол Жаратқан!
Дэвенпорт. Есікті өзіңіз ашқаныңыз жөн шығар, сэр. Ал, мен күте тұрайын.
Генри. Рас па?
Дэвенпорт. Рас! Себебі, дос-жаранды шығарып салғанша, туыс-туған да дайын боп қалар.
Генри. Иә-иә. Аделаида... Сидней...
Дэвенпорт. Аделаида мен сиднейлік Перси.
Генри. Соны айтам да... Шақшадай басым шарадай болды, инспектор. Мына жаққа жүріңіз, Дэвенпорт мырза.
Дэвенпорт. Сізден өтінерім, ұзамаңыз мистер. Өйткені, істі соза алмаймын.
Генри. Әлбетте, инспектор.
Дэвенпорт шығып кетеді.
Джейн. Инспектор оларға бармайды дегенің қайда?
Генри. Кім?
Джейн. Дипломатыңды алған адамды айтам.
Генри. Басқа мәселе жөнінде шығар.
Джейн. Адам оңашада одан басқа не айтуы мүмкін?!
Генри. Сенікі дұрыс... Бірақ, ақшаны қайтара алмаймын. Жиған-терген қаржым дей саламын.
Джейн. Миллион жеті жүз елу мыңды ба?
Генри. Иә, өте үнемшілмін.
Джейн. Жоқ, жасырма...
Генри. Мұны сен бе айтып тұрған? «Аделаидадан шыққан Сидней мен Перси»...
Джейн. Керісінше, «Сиднейден шыққан Перси мен Аделаида»!
Генри. Иә, солай. Ішімдікті доғар.
Есік қоңырауы шырылдайды.
Джейн. (Дір етеді ) Генри!
Генри. Тыныш! Виктор мен Бетти шығар. (Есікті ашады)
Билл кіріп келеді.
Билл. Көлікте сағатты санайтын құрал барын ескеріңіз.
Генри. Құрал?
Билл. Таксометр.
Генри. Бен?
Билл. Мистер Перкинс?
Генри. Иә. Сөмкені алып, көлікте күтіңіз.
Джейн. Полицейді қайтеміз, Генри?
Генри. Өзім сөйлесем. Сен де көлікке бар.
Билл. Жоқ, бұ кісі емес, әпкесі...
Генри. Шығарып салсын да, енді. Барыңыз. А, тоқтаңыз. Қай әуежайға бет алдық?
Билл. Түсінбедім?
Генри. Барселонаға бастар «Британ әуежолдары»...
Билл. Қайдағы Барселона? Әпкесі Австралияға ұшады емес пе?!
Генри. Иә-иә... О жаққа қанша уақытта жетеміз дегенім ғой?
Билл. Шамамен, жиырма сағат.
Генри. Әуежайға шейін?
Билл. Кептелістің кесірі, баяғы...
Генри. Жарайды, көлікке бара беріңіз. (Джейнға) Сен де сонда күт.
Джейн. Жоқ, Генри. Жалғыз ұш.
Генри. Қой, қайдағыны айтпай.
Джейн. Бір-ақ сәтте бәрін қия алмаймын. Ақылдан алжаса бастадым. Ішкілікке салынып кетпесем жарар еді.
Генри. Қанша рет қайталайын, Джейн? Ертең... ана аты өшкір Пысық мырза жұмысқа қоңырау шалып... мекен-жайды біліп алады. Қазір қашпасақ, қасапшыдай бауыздап... денемізді елсіз жерге көміп кетпесе қара да тұр!
Джейн. Бар күнәні өзің арқалайсың!
Дэвенпорт келеді.
Дэвенпорт. Ғафу етіңіз, уақыт жоқ, асығыспын.
Генри. Дайынмын, инспектор.
Дэвенпорт. Жаңағы кісілер кетті ме?
Генри. Кім?
Дэвенпорт. Қайын әпкеңіз бен бажаңыз!
Генри. А-а... Мистер және миссис Браундар ғой... Жоқ, әлі.
Есік қоңырауы шылдырлады.
Джейн. Ой, Генри!
Генри. Виктор мен Бетти ғой. Оларға не деп айту керек екенін білесің. Жүріңіз, инспектор.
Есік қоңырауы тағы да шылдырлайды. Генри қонақтарды тезірек шығарып сал дегенді ым-ишарамен білдіріп, Дэвенпорттың артынан ілесіп барады. Джейн есікті ашса, Бетти екен, қолында – сыйлық.
Бетти. Кешір, кешігіп қалдық.
Джейн. Еһ, Бетти.
Бетти. Күйеуім көшені басына көтеріп жүр.
Джейн. Неге?
Бетти. Таксистың көлігін соқты.
Джейн. Туф, жетпегені осы еді!
Бетти. Виктор оған: «Бұрышқа қоюға еш қақың жоқ...», – деп еді, анау да шатақ екен, боқтай жөнелді. Сонда, күйеуім аузы-мұрныңды қан жалатамын...
Джейн. Біттік, онда. Үйге полиция келген...
Бетти. Полиция?
Джейн. Миллион жеті жүз елу мың фунтты ұрлады...
Бетти. Кім? Полиция ма?
Джейн. Генри, Генри!
Бетти. Генри? Ұрлап? Миллион... (Қарқылдап күледі)
Джейн. Иә, иә, иә. Шын айтамын. Ол бөтен біреудің дипломатын шатастырып ап... ақша көріп, сыраханаға барады да унитазға отыра кетеді.
Бетти. Екіарада ештеңе ұмытқан жоқсың ба?
Джейн. Барселонаға шейін екі билетке тапсырыс берді: «Егер о қала ұнамаса, Бермуд аралын сатып алып беремін», – деді.
Бетти. Не іштің?
Джейн. Джин мен коньяк. Содан, үйге полиция келді.
Бетти. Сандырақтай бастаған сияқтысың. Бері қарашы. Сенің Генриың бір нәрсе ұрлады дегенге сен-бей-мін.
Джейн дипломатты ашып, ақшаны көрсетеді.
Бетти. Мәс-саған! Генри, Генри, Генрижан! Керемет қой, мынау...
Джейн. Не істейін, айтшы?
Бетти. Аралды алар ем.
Виктор жүгіріп кіреді.
Виктор. Оңбайды, анау, полиция шақырды.
Бетти. Біліп ем.
Джейн. Полиция?
Виктор. Сәлем, Джейн. Таксист әпкеңді күтіп тұрмын дейді. Жүз грамм бар ма?
Бетти. Маған да, Джейнға де құй.
Виктор. Джейн? Ол ішпеуші еді ғой?
Бетти. Бүгіннен бастап...
Виктор. (Джейнға) Әпкең барын қазір білдім.
Джейн. Әпкем жоқ, менде.
Виктор. Анық естідім.
Джейн. Таксист Генри екеумізді күтіп жүр. Әуежайға апармақ...
Виктор. Сендерді? Әуежайға? Туған күн ше? Айтпақшы, Генри қайда?
Бетти. Ой, сенде сау басқа сақина тілеп... полициядан құтыла алмай жүргенде... Бар да кешірім сұра.
Виктор. Не болды?
Бетти. Ана бөлмеде полиция Генриды тергеп жатыр. Ұрлыққа байланысты...
Виктор. Қойдан қоңыр Генри не ұрлады дейсің!
Бетти. Миллион жеті жүз елу мың фунт.
Виктор. Фунт?..
Джейн. Стерлинг!
Виктор. Генри ма? Қоя ғой. Саябақта жүргенде тауып алды де, тағы.
Джейн. Метрода. (Дипломатты ашып көрсетеді)
Виктор таңданысын жасырай алмай ақшаға қарап тұрып қалады. Генри кіріп келеді. Бәрі соған қарай жүгіреді.
Джейн. Сені тұтқындады ма?
Бетти. Соттайтын боп шешті ғой, иә?
Виктор. Ұрланған ба?
Генри. (Виктордың қолындағы ақшаны тартып алады) Оны не істемексің? (Джейнға) Доғар, ішкілікті.
Джейн. Өзім білемін. Не деді инспектор, айтсаңшы енді?
Генри. «Уәжің – дәлелсіз», – дейді.
Джейн. Тапқанда-ақ «Іздеу бюросына» тапсыру керек еді, Құдай-ай.
Генри. Миллион жеті жүз елу мыңды? Бюроға?
Бетти. Полицейге: «Дипломат біреудікі екенін үйге келгенде білдім», – деп айтқын.
Генри. Инспектор ақша туралы білмейді.
Бетти. Қалайша?
Виктор. Білмейді?
Генри. Жоқ.
Джейн. Енді, неге сенбей тұр?
Генри. Сыраханадағы тірлігімді айтады да.
Джейн. Қандай?
Генри. Сол жерге инспектор да дем алуға барыпты-мыс. Енді, міне, айыптап отыр.
Бетти. Не айып?
Генри. «Тиісіп қойдың», – дейді.
Виктор. Кімге?
Генри. Еркектерге.
Джейн. Ұятсыз!
Генри. «Сыраханаға кіргенде аса ашулы болдың. Жарым сағат ішінде әжетханаға үш бардың-дағы, одан шыққанда қозыңқырап жүрдің. Жай отырмай, жан-жақтағы қалың жігітке қараған сайын, қолың дірілдеп, тұла-бойың қалшылдап, ұртыңнан сілекей ағып, айғырға тән мінез көрсеттің», – дейді.
Джейн. Ол да қызық екен! Өзі аяқ астынан сонша ақша тауып алса, қандай күй кешерін бір Құдай білсін!
Генри. Инспектор ізімнен жүріп отырып, үйге шейін келіпті.
Виктор. Содан?
Генри. Бәрін мойындадым.
Виктор, Джейн, Бетти таң қалып.
Бетти. Нені?
Генри. Бәрін дедім ғой.
Джейн. Айғырлық жасап, еркекке ұрындым дедің бе?
Генри. Иә.
Джейн. Неге?
Генри. Менен аулақ жүрсін деп. Бүгін қалайда кету керек.
Виктор. Онда, сені Әдеп полициясы қамауға қақы бар.
Генри. Қамамайды. (Ақшаны көрсетіп) Жиырма мыңмен-ақ шешеміз.
Джейн. Есің дұрыс па, өзі? Бұл парақорлық қой.
Генри. Он мың ұсынып ем. «Отыз!» – деді. Сөйтіп, жиырмаға келістік.
Екі-үш бума ақшамен кетіп бара жатады. Бәрі аң-таң.
Виктор. Тағы ішейік.
Бетти. Мен де. Сен ше, Джейн?
Джейн. Әрине.
Бетти. Екі қайтара құйшы.
Джейн. Өз күйеуімді өзім танымай тұрмын.
Виктор. Бұл күтпеген сыйлық болды-ей.
Есік қоңырауы шылдырлайды.
Джейн. (Айғайлап) Жындыханадан бір-ақ шықпасам жарар еді.
Виктор. Егер бұл әлгі әпенде таксист болса... мен оны бар ғой...
Бетти. Қойшы, Виктор, өтінем...
Виктор есікті ашқанда Билл кіріп келеді.
Билл. Нақұрыс! Сіз үшін орнымнан қозғала алмай тұрмын.
Виктор. Өзіңнен көр, тірі өлік!
Билл. Жол заңынан жұрдайсыз!
Джейн. Не себеп?
Билл. Мына мырзам... бамперді майыстырып жіберді. Ал, ол дөңгелекті тежеп тұр. Ұқтыңыз ба?
Генри кіреді.
Генри. Санап жатыр. (Биллды байқап қалады) А, Бэн!
Билл. Мен Биллмын.
Генри. Иә, дайынбысыз Билл?
Билл. Ешқайда бармаймыз. Жаныңыздағы жарымес көлігімді бұзып тынды.
Виктор. Өзің – жарымес!
Генри. Оталмай ма, енді?
Билл. Мүлде жүрмейді.
Бетти. Бар болғаны бампер ғана майысыпты. Сізге көмектесеміз, солай емес пе Виктор?
Виктор. Болмаса бордай тозсын. Полиция шақырғаны несі?
Генри. Полиция?
Билл. Ешқайсы бос емес екен...
Генри. (Викторға) Көрдің бе, сабыр ет те, көмектес.
Виктор. (Барғысы келмей) Жарайды.
Бетти. (Биллға) Негізі, ол ізгі жан.
Виктор. Ашулансам айдаһармын.
Виктор, Бетти және Билл шығып барады.
Билл. Туыстарыңызға тезірек шықсын деңізші.
Генри. Жоспар өзгерді.
Билл. Қалай сонда?
Генри. Орнына біз барамыз... мен... және миссис Перкинс.
Билл не дерін білмей шығып кетеді.
Генри. (Джейнға) Осылай алтыным! Қарсыласпа. Бәрі ұшаққа отырған соң реттеледі. Ішуді доғар. (Дипломатты береді) Жаныңда ұста. Пальтоңды ки де, машинаға барып отыр.
Джейн. Сен ше?
Генри. Ана парақор ақшаны санап болды ма екен, байқайын.
Джейн. Полицеймен келісе алғаныңа таң-тамаша боп тұрмын.
Генри. Өз-өзіңе келгенде бәрін түсіне жатарсың. (Кетеді)
Джейн. Жолы болмай жүргенде сүйкімді сияқты еді... (Дипломатты жерге қояды да өзіне коньяк құяды. Есік қоңырауы шылдырлайды) Қазір ашамын. Қазір. (Есік аузында инспектор Слейтон тұрады. Үстінде – плащ, қолында – Генридыкінен айнымайтын дипломат)
Слейтон. Миссис Перкинс?
Джейн. Иә. Жайшылық па?
Слейтон. Кіруге рұқсат па?
Джейн. А-а... не боп қалды? Жарнама агентімісіз?
Слейтон. Жоқ, мадам. Полиция қызметкерімін. Инспектор Слейтон. Оңтүстік округ.
Джейн. Оңтүстік?..
Слейтон. Иә, мадам.
Джейн. Орталық емес пе?
Слейтон. Оң-түс-тік! Отырыңыз ханым.
Джейн. Жоқ, тұра берейін. Мистер Перкинсты іздеп келдіңіз бе?
Слейтон. Өкінішке қарай, мадам... Отырсаңыз оң болар еді.
Джейн. Күйеуімді қайтесіз?
Слейтон. Жайсыз хабар айтайын!
Джейн. Тыңдап тұрмын.
Слейтон. Күйеуіңіздің кешіккені күдік тудырмады ма?
Джейн. Уайымдайтыным рас.
Слейтон. Мистер Перкинс қайтыс болды деген ақпар бар.
Джейн абдырап қалады. Генри кірген бөлмеге бір, инспектор Слейтонға бір қарайды.
Джейн. Мистер Перкинс?
Слейтон. Дәл өзі. Мәйітті тексеру барысында жанымда жүрсеңіз.
Джейн. Тоқтаңыз... Қателескен боларсыз, инспектор?
Слейтон. Тайға таңба басқандай, миссис Перкинс. Қара шай әзірлеп берейін, соны ішіңіз. Асүй қайда?
Джейн. Ол жаққа бармаңыз, инспектор. Генридың қазасы туралы қайдан естідіңіз?
Слейтон. Тапаншамен бастан екіні атып, денесін Оңтүстік көпір жанындағы Темза өзеніне лақтырған-ды. Бірақ, оған шейін аяқ-қолын матағанға ұқсайды.
Джейн. Матаған?
Слейтон. Иә. Аяғына тас байлапты.
Джейн. Сонда, Генриды өлтіріп кеткен бе?
Слейтон. Иә. Қазаның арты қайырлы болсын, ханым. Шай алып келейін.
Джейн. Қайдағы шай?
Слейтон. Түсінемін, бәрін түсінемін. Мұндайда шай емес, ащы су ішу керек.
Джейн. Иә-иә, өзіңізге құйыңыз.
Слейтон. Біз қызметтегі адамбыз, болмайды.
Джейн. Темзадан табылған адам күйеуім екеніне қандай дәлеліңіз бар, инспектор?
Инспектор Джейнға шай береді де жерден дипломатын көтереді.
Слейтон. Қалтасында төлқұжаты жоқ боп шықты. Бірақ, қолындағы дипломат жолдасыңызға тиесілі. Мынау кімдікі, ханым?
Инспектор дипломатты көрсетеді. Джейн білдірмей ғана бұрыштағы Генри алып келген дипломатқа қарап әлек.
Джейн. Генри...
Слейтон. Киімдері ше? (Шарф пен қос қолқабын көрсетеді)
Джейн. Иә, бұл да.
Слейтон. Ол «Бодли мен Крауч» компаниясында есепші боп істеп пе еді?
Джейн. Иә.
Слейтон. Қағаз-құжат, қызметтік хат, түбіртек пен анықтамалық соныкы ма?
Джейн. Иә.
Слейтон. Онда, жартылай желінген бутерброд та...
Джейн. Бутерброд?
Слейтон. Меніңше, бұл кетчуп пен ірімшік.
Джейн. Мүмкін.
Слейтон. Сізге бәрін көзбен көріп, тануыңызға тура келеді.
Джейн. Жо-жоқ, қажет емес. Кетчуп пен ірімшік екеніне сенімдімін.
Слейтон. Мәйітті тануға...
Джейн. А-а...
Слейтон. Мистер Перкинс екеніне еш күмән жоқ.
Джейн. Иә, бәрін түсініп...
Слейтон. Мәйітханаға барып қайталық. Алыс емес. Киінгенше осында күтейін, онда.
Джейн. Жоқ, көлікте күтіңіз.
Слейтон. Жағдай қиын... Үйде біреу бар ма?
Джейн. Немене?
Слейтон. Бірге тұратын кісілерді айтам да.
Джейн. Қонақтар бар, әпкем мен жездем.
Слейтон. Жалғыз емес екенсіз. Қиналған сәтте кісінің жанында біреу болғаны дұрыс.
Джейн. Ол жағын уайымдамаңыз.
Слейтон. Көлікте күтемін.
Инспектор есікке жақындағанда Генри кіріп келеді.
Генри. Жүз елу фунт жетпейді. (Қонақты көріп) Армысыз?
Джейн. Мына джентльмен полициядан келіп тұр.
Генри. Полициядан? Орталық округ?
Слейтон. Оңтүстіктен, сэр.
Генри. Оңтүстік?
Слейтон. Есімім – инспектор Слейтон.
Джейн. Естіп қайғырып отырмын.
Генри. (Жан-жағына қарап) Не боп қалды, инспектор? Мен Перкинспын.
Джейн қолындағы стақанды құлатып алады.
Слейтон. Перкинс? Сіз оның туысы боп шықтыңыз ғой?
Генри. Туысы? Кімнің?
Слейтон. Генри Перкинс мырзаның.
Джейн. Ол оның ағасы, инспектор.
Генри. (Таң қалып) Ағасы?
Джейн. Иә, Генриымның туған ағасы.
Слейтон. Болғанға болаттай болыңыз, мистер Перкинс. (Джейнға) Айтайын ба, әлде өзіңіз естіртесіз бе?
Джейн. Мұны кім естіртсе де адамның аза бойы қаза болатыны анық.
Слейтон. Ініңіз... мистер Генри Перкинс... қаза тапты деген жаңалық бар.
Генри аң-таң.
Генри. Расында да жаман хабар екен.
Джейн. Оны өлтіріп кетіпті.
Генри. Толық сенімдісіз бе?
Слейтон. Жағдаяттың өзі солай деуге негіз боп тұр, мистер.
Джейн. Сұмдық уақиға екен, сұмдық.
Слейтон. Денесін Темзадан тауыпты. Басы – екі жерінен шұрық-тесік.
Джейн. Қолы – матаулы, аяғына тас байлапты.
Генри. Ух-х-х, шынында да адам шошырлық жағдай екен.
Джейн. Жанында дипломат болыпты.
Генри. Қалай сонда?
Слейтон. Ағаңыздың дипломаты ма? (Көрсетіп)
Генри. Иә.
Слейтон. Ендігі нәрсе, марқұмның жақыны ретінде миссис Перкинс менімен барып, мәйітті тану керек.
Генри. Темзадан табылды деймісіз?
Слейтон. Иә.
Генри. Бәрі түсінікті болды.
Джейн. Генри!
Генри. Керек емес. Оны шақырмай-ақ қой. Иманы саламат болсын! Сенің ендігі тірегің – менмін. Себебі, мен... оның туған ағасы – Фреддимын. Әйелімді кешіріңіз, инспектор. (Бүлдіргенін біліп, артын жуып-шайып әлек) Әйелімді... Женевьеваны оятқан жөн. Әзір Джейнға қолдау қажет. «Сапарға шығар алдында бір мызғып алайын», – деп өтінген. Елге оралмақ ой бар. Австралияға!
Слейтон. Алыстау екен.
Генри. Иә. Демалуға келген еді. Ел-жер аралап дегендей. Өйткені, жыл бойы қой соңында жүріп, фермада мал бағамыз. Ал, Лондонда жақсы ғой, шіркін. (Джейнға) Бау-ыр-ым, бау-ыр-ым, қайран Генри! Женевьева үшін ауыр соққы болмақ.
Джейн. Әрине, Фредди. Қаралы хабарды Аделаида мен Персиге де естірту керек.
Генри. Иә. Орны бөлек Генриды отбасымызбен жоқтаймыз.
Дэвенпорт. (Кіріп келе жатып) Күтейін бе, әлде... (Бөтен адамды көріп) Кешіріңіз... (Жағдайды бағамдап)
Генри. Екінші ағам...
Слейтон. Тағы біреу ме?
Генри. Иә, аты – Арчи.
Джейн. Генри.
Генри. Сүйіктім, мен Фреддимын. Сұм Ажал Генриды арамыздан алып кетті емес пе?!
Джейн. Енді не істейміз, Фредди, не істейміз?
Генри. Дұға-тілек тілеу керек. Инспектор Сізден өтінерім, өз-өзіне келіп алсын.
Слейтон. Түсіндім. Осында боламын. (Слейтон дипломатын алып, шығып кетеді)
Джейн. Масқара, масқара.
Генри. Керісінше, бұл – керемет мүмкіндік.
Джейн. Қайдағы мүмкіндік?
Генри. Екі еселенген. Егер, Генри Перкинс бақилық болса, оны Барселонада деп ешкім ойламайды.
Джейн. Бұл біріншісі, ал екіншісі ше?
Генри. Пысық мистер мәйіті Темзадан табылса, бізді ешкім іздей қоймас.
Джейн. Соны өлтірген адам іздеп келеді ғой.
Генри. Жамандық шақырма. Жарайды, әуелі парақор мен Арчидың «інісін» шығарып салған жөн. Қарай гөр, оған жүз елу фунт жетпейді екен! Дипломат қайда? А, міне...
Телефон шырылдайды. Генри тұтқаны көтереді.
Алло! Қалай, қалай? Ағылшыншаңыз аса мықты емес екен, ұқпай тұрмын. Не дедіңіз? Алло, алло... (Тұтқаны қояды) «Сима Дансик», «сима Дансик», – дейді.
Джейн. Анау ғой.
Генри. Кім?
Джейн. Анау ше? Дипломат!
Генри шошып кетеді.
Джейн. Әлгі әпенде...
Генри. Кім?
Джейн. Пысық мистерды арғы жаққа аттандырған...
Генри. Қырсық! Телефонды қайдан біліп алған?
Джейн. Дипломаттан тапқан да.
Генри. Ол инспектор Слейтонда ғой.
Джейн. Оған шейін ше? Дипломат Пысық мистердан қандықол қарақшыға өтеді. Ақша іздеген ол, шабаданды ашса... миллион жеті жүз елу мыңды емес, жартылай желінген бутерброд пен телефон анықтамалығын тауып алады! (Өзіне коньяк құйып)
Генри. Тура солай болды...
Виктор кіріп келеді.
Виктор. Бампердің шаруасы шешілді. Жүре бер.
Генри. Керемет. (Джейнға) Кеттік! (Дипломатын алады)
Джейн. Қайда?
Генри. Әуежайға да.
Джейн. Ешқайда шыға алмаймыз.
Генри. Өйтіп, қателеспе.
Джейн. Парақорды қайтпексің? (Дэвенпорт кеткен жақты нұсқап) Одан бұрын, екінші полицей күтіп тұр. Мәйітханаға бару керек.
Виктор. Қайдағы мәйітхана? Қайдағы екінші?..
Генри. Қойшы, сен. (Джейнға) Барселонаға ұшамыз деп келісіп ек қой. Қалай етсек екен, а?! Киіміңді ки, (Викторға ақша ұсынады) ал, сен инспекторға жүз елу фунт бер, міне.
Виктор. Жиырма мың еді ғой?
Генри. Бер де, құтылшы, сол құрғырдан.
Джейн. Мәйітханаға кім барады?
Виктор. Мәйітхана?
Джейн. Пысық мырзаның денесі Темза өзенінен табылыпты. Аяғына тас байлап, суға батырып өлтіріпті. Шүйдеде екі оқтың орны бар деседі.
Генри. (Джейнға) Бұрынғы әдетке бастың ба? Виктор, анаған ақша ұстат та, Беттиды қолтықтаған күйі үйге беттеңдер! Бізді көрмедіңдер!
Виктор. Не деп кеттің, дұрыстап түсіндірші...
Телефон шырылдайды.
Генри. (Викторға сыбырлап) Тұтқаны көтерме!
Виктор. (Ол да сыбырлап) Жолағалы тұрған мен жоқ.
Джейн. Анау ғой.
Виктор. Кім?
Генри. Анау ше?!
Виктор. Кім енді, айтсаңшы?
Генри. Сима Дансик!
Виктор. Қандай Сима?
Джейн. Мистер Шабадан! Дипломат, дипломат!
Виктор. (Түсінгендей боп) Е, Құдай! Телефон нөмірін қалай тапқан?
Генри. Бутербродым арқылы... (Телефон дыбысы бәсеңдеп)
Джейн. Ішім сезіп еді.
Бетти көрінеді.
Бетти. Қайда жоғалып кеттіңдер? Билл аласұрып жатыр. (Джейнға қарайды) Не боп қалды?
Виктор. Жүйкесі жүндей түтілді.
Генри. Удай мас!
Бетти. Жарылқай гөр, Жаратқан!
Тағы да телефон шырылдайды.
Бетти. Алло?
Генри. Туй, мынау!
Бетти. Кешіріңіз, естілмейді. Сима Дансик?
Генри одан тұтқаны жұлып алып, тұғырына қондырады.
Бетти. Мұның дөрекілік, Генри.
Генри. Сөйлеспе, ондай оңбағанмен.
Бетти. Кім дейді?
Джейн. Пысық мырзаны өлтірген адам ғой.
Виктор. Мистер Сима Дансик.
Бетти. Кім?
Генри. Мистер Шаба-Дан.
Бетти. (Енді ғана түсініп) Мәссаған!
Телефон қайта шырылдайды. Бәрі қазықша қақшиып.
Джейн. Генри, ақшасын қайтарып берем деші.
Генри. Жанымды жаһаннамға жіберер. Жиырма мыңы кем ғой.
Джейн. Асықпай қайтарамын де.
Генри. Асықпағаны қалай? Жиырма жыл бойы ма?
Виктор. Дұрыс айтады, достым. Жағдай қиын. Бір мүрде, екі полицей еді, енді оған Сима Дансик қосылды.
Генри екіұдай күй кешіп, тұтқаны көтереді де, қоя салады.
Джейн. Генри!
Генри. Бұл сәтті мүлт жіберсем ит болайын.
Виктор. (Беттиге) Генриға сыйлығын бер. Кешкі асқа шақырып, қонақ еткендеріңе мың алғыс! Кеттік! (Кетіп қалады)
Генри. Бетти, кешірші, бірақ расында да үйге қайтсаңдар жөн болар.
Телефон қайта шырылдайды. Дэвенпорт кіреді.
Дэвенпорт. Мистер Перкинс! Сұрайын дегенім, қайырымдылыққа қаржы бөлмек ойыңыз бар ма, өзі?
Генри. Иә-иә, әлбетте! Қап! Алып кетті ғой! Күте тұрыңыз, қазір...
Виктордың артынан жүгіріп бара жатқанда Биллға соқтығып қалады.
Билл. Әуежайға барасыздар ма, жоқ па?
Генри. (Дэвенпортқа) Бұл – Билл! Мотор қалай?
Билл. Мотор жақсы, ал сағат санайтын құрал одан да керемет істеп тұр. Сонымен, кім дайын? Әйеліңіз екеуіңіз бе, әлде әлгі әпенде ме?
Джейн. Ешкім бармайды.
Билл. Неге?
Генри. Барады, барады. Мистер және миссис Браун.
Билл. Мистер және миссис Браун?
Генри. Иә.
Билл. Олар кім?
Генри. Туысымыз.
Билл. Австралиядан келгендер ме? Сіз ше?
Генри. Жоқ! Сыртта күтіңіз.
Билл. Қанша күту керек, тағы?
Генри. Қанша қажет болса, сонша!
Билл. Бес минөттан соң ешкім шықпаса, кете беремін, жетер!
Генри. Мистер және миссис Браун қазір келеді. (Сөмкені беріп) Мынаны көлікке салыңыз.
Билл. Бәрін ба?
Генри. Иә-иә.
Билл. Туысыңыз нудист болды ғой, шамасы. (Шығып кетеді)
Генри. Ұятсыз!
Дэвенпорт. Бірақ, еті тірі екен. Ойлаңызшы, екі адам кішкентай сөмкемен мұхит аспақшы, қызық қой. (Джейнға) Әлде, шынында да нудист па екен, а?
Джейн. (Қалжыңмен қағытып) Иә, шешінгенде ғана.
Дэвенпорт. Бәсе, онда Генри екеуіңіз шетелге тайып тұра ма деген ой туған еді.
Генри. Біз ба?! Жоқ! Мистер және миссис Браун ұшады. Австралияға. Фермадағы қой-қозыны сағыныпты.
Дэвенпорт. Олар қайда?
Генри. Аделаида мен Перси ме?
Бетти. Австралиядан келген Аделаида мен боламын, инспектор.
Джейн шошып, қашып кетеді. Қалғандары орнында тұрып қалады.
Генри. Күні бойы, осы. Кетемін деп қобалжып жүр, өзі.
Дэвенпорт. Иә, иә... мистер Браун ше?
Виктор кіреді.
Виктор. (Беттиге) Қашан шығасың?
Бетти. Перси, жаңа ғана сені сөз еткенбіз, қымбаттым.
Виктор. Мені?
Генри. Иә. Мына джентльмен сені іздеген.
Виктор. Неге?
Генри. Әлемде бұндай адамның бар екеніне күмәнмен қараған еді.
Генри Виктордың қалтасынан ақша алып, Дэвенпортқа береді.
Генри. Олқылықтың орны толды, сондықтан қош сау болыңыз!
Дэвенпорт. Жақсы жанмен таныссам, рухани байып қалатыным бар.
Виктор. Рас, рас.
Дэвенпорт. (Викторға) Қозыларыңыз жамырап, қуанатын болды.
Бетти. (Артынан сөйлеп) Жолдан аман өтуге тілектеспін!
Дэвенпорт кетеді.
Генри. Құтылдық па, әйтеуір?!
Виктор. Шығып, қайта кірсем деймін! Не боп жатыр, өзі?
Генри. Түсінбейтін түгі жоқ. Бетти, мә, байыңды алып кетші.
Виктор. Ақылдан алжаспай тұрғанда қайтайық, Бетти.
Джейн ақырын шығып бара жатады. Жүрісінде сенімсіздік бар. Қолында – жамылғы.
Генри. Қайда барасың, Джейн?
Джейн. Сүт пен аспирин алуға.
Бетти. Өзіңе де обал жоқ, күнұзаққа аузың бір құрғамады!
Джейн. Сондықтан, тып-тыныш ұйықтай қалғым кеп тұр.
Генри. Джейн, сенде екі-ақ таңдау бар, бірақ екеуі де ұйқыға қатысы жоқ.
Джейн. Не нәрсе екен, ол?
Генри. Біреуі – Барселонаға, екіншісі – полицеймен мәйітті көруге бару!
Виктор. Үй емес, жындыхана, тура.
Генри. Виктор!
Джейн. Қайтыңдар.
Бетти. Джейн, кемеше теңселіп барасың ғой.
Джейн. Міне, жағаға жеттім. (Отырып, үстіне жамылғы жауып)
Генри. (Үстінен жұлып алып) Ұйқыны Испанияда қандырасың.
Джейн. «Өз үйім, өлең төсегім»! (Кетеді)
Бетти. Джейн! (Артынан кетеді)
Виктор. Әйелің бармайтын секілді.
Генри. Барады! Виктор, таксист орнында ма екен, көре салшы.
Виктор. Жоқ. Бетти екеуміз ел аман, жұрт тынышта үйге кетелік.
Генри. Беттиды шақырайын, ал сен әлгі Бен деген шопырға бар.
Виктор. Бен емес, Билл.
Генри. Вик-тор! (Оны диванға отырғызып, тізесіне дипломатты қояды) Мә, елу фунтты бер, күтсін де.
Дэвенпорт кіреді.
Дэвенпорт. Мистер Перкинс, рұқсат па екен?
Генри дипломатты жауып, жамылғыны өзінің және Виктордың үстіне жабады. Бастары ғана қылтиып тұр. Бұны көрген инспектор таң қалып.
Генри. Тағы келдіңіз бе, инспектор?
Дэвенпорт. Иә...
Генри. Тынықсақ деп едік... рас қой Перси?
Виктор. Иә. Отырмыз... жай әншейін... сапар алдында... демалып дегендей...
Дэвенпорт. Жамылғымен бе?
Генри. Не бопты? Мүмкін... тоңған шығармыз, а?
Дэвенпорт. Түсінікті. (Жымысқы жымиыспен жанына жайғасады)
Виктор. Несі түсінікті? Маған ештеңе түсінікті емес... еш-те-ңе...
Генри. Маған да. (Жамылғыны лақтырып жібереді) Сізге не қажет, инспектор?
Дэвенпорт. Таксист туралы айтайын дегенмін.
Генри. Бен?
Виктор. Билл!
Генри. Маңызды емес. Құлағым сізде, полицей мырза?
Дэвенпорт. Билл құйындай құйғытып кетіп қалды.
Генри. Кетіп қалды?
Дэвенпорт. «Әбден мазамды алды», – деді ғой.
Генри. Оңбаған!
Дэвенпорт. (Викторға) Сөмкені көшеге қойып кетті.
Виктор. Қай сөмке?
Дэвенпорт. Сенікі! Жолға арналған! Ішінде бумерангысы бар.
Виктор. (Көніп) А, иә, иә.
Дэвенпорт. Саяхаттағанда көп жүк алмайды екенсіңдер. Сен де, әйелің де нудисіңдер ғой.
Виктор. Біз ба?
Дэвенпорт. Сөмкені алыңдар да, қозыларға менен сәлем айтыңдар.
Саусағын шошайтып, ерекше ескертеді де шығып кетеді.
Виктор. Қарғыс атқыр, неме.
Генри. Жап аузыңды, қажет деп тапса, одан да қатты жазалар еді.
Виктор. Одан да қатты? Ол мені қызтеке деп қалса керек.
Генри. Пара сұрамағанына рақмет айт. Солай, достым! Мұнда қалу бекер. Джейнды тауып, екеуміз артқы есіктен зып берейік. Ал, сен қатыныңды ал да, үйіңе тай! (Екеуі де кетеді)
ШЫМЫЛДЫҚ
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Дәл сол бөлме. Ішке Виктор мен Бетти кіреді.
Виктор. Есіміз барда елімізді табайық. Бұл тек Генри мен әлгі қандықол қарашыға ғана қатысты.
Бетти. Сонша ішкені, несі, масқара? Кескен теректей құлады ғой, тегі.
Виктор. Қолынан коньякты жұлып алатын адамсың ғой, сен де.
Бетти. Ешкімді тыңдамайды.
Виктор. Жынданып кеткен жоқ па?
Бетти. Білмеймін. «Ешқайда ұшпаймын», – дейді! Барселонаға да, ешқайда. Ессіз!
Виктор. Әдеп полициясын шақыртамын.
Бетти. Әдеп полициясын?
Виктор. Иә. Әлгі парақор Генри екеуміз диванда отырғанда үстімізден түскені бар емес пе?!
Бетти. Ойбуй!
Генри. (Жүгіріп кіреді) Виктор! Көмектесіңдер. Қалғандарың қандай жақсы болған! Көлік кілтін берші.
Виктор. Көлік кілтін? Не үшін?
Генри. Әуежайға жетіп алуым керек. Әлі естімедің бе? Таксист баяғыда-ақ кетіп қалған, жоқ, әне.
Виктор. Кілтті бере алмаймын, сұрама. Қымбат машина, бұл.
Генри. Бес мың!
Виктор. Он мың!
Генри. Екі апта бұрын ғана көлігін бес мыңға да алмаған еді.
Виктор. Баға бір-ақ күнде аспандап кетті ғой, достым!
Генри. Жарайды, жеті жарым мың.
Виктор. Келістік!
Генри дипломатты ашқанда Слейтон кіреді. Ол шабаданды жаба салады.
Слейтон. Ғафу етіңіз, миссис Перкинс қашан шығады?
Генри. Қазір инспектор, қазір. Боянып жатыр. Әйелдерді білесіз ғой...
Слейтон. Тезірек, мистер!
Бетти. Джейн әпкейге айтып келейін.
Генри. Әрине... Аделаида!
Виктор. Аделаида?
Генри. (Ерекше екпінмен) Аделаида!
Слейтон. Миссис Перкинстың туысы болдыңыз ғой?
Бетти. Әрине, инспектор.
Виктор. Туысы?
Слейтон. Иә-иә, дұрыс қой. (Викторға) Солай ма?
Виктор. Мүмкін.
Бетти. Күмәнсіз, инспектор. Бұл – менің күйеуім, Австралиядан келдік. (Мысықтабандап шығып кетеді)
Слейтон. Сәйкестікті қара.
Виктор. Сіз де Австралиядансыз ба?
Генри. Иә! Жер – домалақ деген, осы.
Виктор. (Таң қалып) Сенде ме?..
Генри. Енді естідің бе? Өй, мен де, әйелім де... Австралиядан ғой.
Виктор. Әйелің? А, иә, иә. Дж...
Генри. Женевьева!
Виктор. Айтып тұрмын ғой, сол... Дж... женевьева...
Генри. Перси ағамның...
Виктор. Тоқта, тоқта... бір нәрсені анықтап алайық.
Генри. Кейін Перси. Одан да Аделаидаға көмектес.
Слейтон. (Генриге) Ол хабарды естіді ме?
Генри. Естіді, естіді. Бар, бар.
Виктор. Нені?
Слейтон. Генри Перкинс қайтыс болды!
Виктор. (Пауза) Генри Перкинс... қайтыс болды?
Слейтон. Естірттім деп едіңіз ғой?
Генри. Айттым... жартылай ғана.
Слейтон. А-а... (Викторға) Оның өлі денесі Оңтүстік көпір маңынан табылды.
Виктор. Оңтүстік көпір... маңынан...
Слейтон. Темзадан. Аяқ-қолын байлап, тапаншамен басынан екі рет атқан екен.
Виктор. (Енді ғана түсініп) А-а-а... аяқ-қолы... басынан... екі рет... а-а...
Генри. Дәл солай.
Виктор. Бәсе, халі неге нашарлап кеткен десем.
Генри. Түсінемісің Перси... полиция оны Генри деп таныған. Себебі, жанында дипломат болған. (Слейтон ұстап тұрған шабаданды нұсқап)
Виктор. Дипломат?
Генри. Дипломат! Ішінде іс-қағаздар, телефон анықтамалығы мен жартылай желінген бутерброд.
Виктор. Енді ұқтым. Сұмдық, сұмдық жағдай. Джейнға обал болды!
Генри. Оңай емес.
Слейтон. Қайта, жанжарының жанында Генридың туысы бар боп шықты. (Генриды көрсетіп)
Виктор. Туысы мен бе десем.
Генри. Сен де! Алайда, аталарың басқа. Сен оның әпкесі – Аделаиданың күйеуісің. Яғни, Джейнның жездесі. Ал, мен – Генридың ағасымын. Джейнның екі жақыны бар. Біріншісі – Перси, мына кісі, екіншісі – Фредди, мына мен.
Слейтон. Және, мына Арчи!
Генри. Иә... (Викторға) Шынымды айтсам, Арчи туралы ұмытып кетіппін...
Виктор. Арчиды ма?
Слейтон. Ол да Австралиядан ба?
Генри. Жоқ, о не дегеніңіз. Ол... Перси, ол қайдан еді?
Виктор. Қайсысы, Құдай-ау?! Қазір, қазір... Осындайда албасты басқандай еске ештеңе түспейтін әдеті. Ол... ол... Манчестерден!
Генри. Иә, Манчестерден. Бірақ, маған Перси жақын. Арчи сауда агенті, қай кезде де сапарда жүреді.
Слейтон. Түсінікті. Сапар деймісіз... содан кейін жақындық қайдан болсын!
Генри. Арчи жаңа ғана кетіп қалды.
Виктор. Манчестерге жол тартты.
Генри. Ливерпульге емес пе?
Виктор. Жоқ, Манчестер.
Дэвенпорт. (Кіріп) Мен де келдім.
Генри. А-а-а? Қара Перси, ол келді.
Дэвенпорт. Сендерді қия алмайтын сияқтымын.
Генри. Әрине. Сені түсінемін. Айтшы, Перси.
Виктор. Жөн, жөн. Сені күтпеп ек, Арчи?!
Дэвенпорт. (Күдіктеніп) Қалай дедіңіз?
Виктор. Біз сені күтпеп ек деймін.
Генри. Арчи! Мына джентльменды әлі танымай тұрсың-ау, шамасы.
Дэвенпорт. Жоқ.
Генри. Танысып қой, мистер Слейтон. Полициядан келді.
Дэвенпорт. (Сескеніп) Полициядан?
Слейтон. Иә, Оңтүстік округ.
Дэвенпорт. Оңтүстік... (Қолын ұсынады) Арчи Перкинс!
Генри. Үлкен ағам.
Дэвенпорт. (Күліп) Оның үлкен ағасы.
Генри. Әйелінің қайын ағасы. (Викторды нұсқап)
Дэвенпорт. Үлкен қайын ағасы.
Слейтон. Тұтас отбасы жинала қалды деңдер.
Генри. Солай, инспектор. Арчи, бір жаққа бармақшы ең ғой.
Виктор. Иә. Манчестерге.
Дэвенпорт. Ол ойдан аяқастынан айныдым да қалуды ұйғардым.
Генри. О, жоқ, жолдан қалма. Айтшы, Перси.
Виктор. Әрине, Фредди.
Генри. Пойызға үлгер, Арчи! Уақыт аз, бол, бол. Келесі бір келгеніңде шыққан шығынды толық өтермін.
Дэвенпорт. Асығыс емеспін... Фредди! Демалыстағы адаммын.
Слейтон. Жерлеуіне қатысатын шығарсыз, иә?!
Дэвенпорт. (Қуанып) Кімді және қашан жерлемексіңдер, мырзалар?
Слейтон. А, сіз естімеген екенсіз ғой...
Дэвенпорт. Тарқатып ешкім айтқан жоқ. Жалпы жағдайға қанықпын.
Генри. Онда тыңда Арчи! Адам қуанатын жаңалық емес, білемен. Сіздің Генриыңыз... қайтыс болды!
Дэвенпорт. Мүмкін емес, мүмкін емес...
Виктор. Суға батырып өлтіріпті.
Слейтон. Иә. Бауырыңыздың денесін Темзадан тауыпты. Шүйдесінен екі рет атқан-ды. Сол себепті, миссис Перкинсты күтіп отырмын. Мәйітті тану керек.
Генри. Не болғанын естідің, Арчи. Енді қалатын шығарсың?
Дэвенпорт. Міндетті түрде Фредди. Кетсем кешірілмес күнә болар.
Генри. Түсінікті. Онда былай, жігіттер. Инспектор мен Джейнды мәйітханаға жіберейік те, Перси екеуің... жатқан жері жайлы болғыр Генри мұрасының қанша бөлігіне иелік ететіндеріңді ойлана отырыңдар.
Дэвенпорт. Табылған ақыл, солай емес пе Перси?
Виктор. Айтпа...
Дэвенпорт. Кеттік бауырым. Анық-қанығына жету керек. (Кетеді)
Генри. Енді, мәйітхана мәселесін шешейік. Джейн!
Джейн. (Кіреді. Масаңдау) Не?
Генри. Сабыр ет.
Джейн. Ұйықтаймын, барып.
Слейтон. Ұйықтаймысыз?
Генри. Доғар, бұны. Баруың керек... инспектормен...
Слейтон. Алдымен, киімін ауыстырып алсын.
Джейн. Түкіргенім бар! Ұйықтаймын... аспирин... ішіп... (Кетеді)
Бетти. Джейн! Олай істеме... полиция ғой... (Артынан барады) Генриге обал ғой.
Джейн. Маған бәрібір! (Кетеді)
Генри. Джейн, қойшы, енді.
Кетіп бара жатқанда телефон шырылдайды. Генри аппаратқа қарайды. Бірақ көтермейді.
Слейтон. Алсаңызшы.
Генри. Нөмірді шатастырыпты.
Слейтон. Оны қайдан білесіз?
Генри. Даусынан-ақ біліп тұрмын. Сенбейсіз бе? Тексеріп көріңіз!
Слейтон. Алло?.. Кім керек, еді? Сима Дансик? Жоқ, жоқ, бұл жер емес. (Тұтқаны орнына қояды) Рас екен.
Генри. Айттым ғой. Инспектор, миссис Перкинсты шақырып келейін, сыртта күте тұрыңыз!
Слейтон. Уақыт аз.
Генри. Инспектор, кешіріңіз. Бірақ, қазір ешнәрсеге зауқы жоқ... түсінесіз ғой.
Слейтон. Әрине! Дәрігер шақыртсақ қайтеді?
Генри. Қажеті жоқ. Онсыз да адам көп.
Слейтонды шығарып салған соң, Виктор кіреді.
Виктор. Генри!
Генри. Генри – моргта. Мен – Фреддимын.
Виктор. Ешкім естіген жоқ.
Генри. Жарайды, не болды?
Виктор. Генри, анаған жиырма мың қарыз болдың.
Генри. Жиырма?
Виктор. Иә. Он мың... Генри, Перси, Фредди мен Арчи туралы айтпас үшін.
Генри. Ұятсыз! Қалған оң мың ше?
Виктор. Бес-бес мыңнан әр қайсымыз үшін... ол екеуміздің жамылғы астындағы тірлігімізді жалпақ жұртқа жария етпеуге уәде берді.
Генри. Сен үшін неге төлеуім керек?
Бетти ашулы.
Бетти. Генри, ол дәретханаға кіріп ап, шықпай отыр.
Виктор. Дұрыс айтыпсың, ақылдан айырылған.
Бетти. Радионы қосып қойған...
Генри. И-и-и, ол да бір! Алдымен, ана жемқордан құтылайық! (Дипломатты алып, есікті ашпақшы болады)
Слейтон. (Кіріп) Мистер Перкинс! Ой туды.
Генри. (Лезде дипломатты тығып) Қандай?
Слейтон. Ол үшін миссис Перкинстың қажеті жоқ.
Генри. Не... анау үшін бе?
Слейтон. Мәйітті тануға да. Заң бойынша, егер әйелінің мүмкіндігі болмаса, орнына туысы бара алады. Мәселен, сіз!
Генри. М-м-мен бе? Не деп тұрсыз, жүрегім әлсіз.
Слейтон. Онда басқа біреу...
Бәрі бір-біріне қарайды да, бар назар Викторға ауады.
Виктор. Жоқ, жоқ, жоқ... Қарамаңдар, маған!
Генри. Перси!
Виктор. Жоқ.
Генри. Неге?
Виктор. Бес минөттан соң Австралияға ұшамыз ғой.
Генри. Келесі рейске үлгересіңдер.
Виктор. Жоқ, жоқ. Мүрдені көріп... Генри деп... қой...
Бетти. Перси! Ақысын аласың ғой. Келісе салсай, нең кетеді?!
Слейтон. Ақысы? Ол үшін ақша төленбейтінін ескертіп қояйын.
Генри. Перси осы ерлігі үшін сыйақы алуы мүмкін. Кейін қарызынан қайтарып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ өмір сүрмек, инспектор.
Слейтон. Қайдағы қарыз, қайдағы ақша, ауруханаға шейін жетіп алса болды емес пе?!
Генри. Дұрыс айтасыз мырза. Алайда, Австралиядан. Осы мәселені оңашада отбасы талқысына салсақ деп ек, мистер.
Слейтон. Жақсы, бес минөт беремін. Содан кейін мистер Браун мәйітханаға барады. (Кетеді)
Генри. Виктор, өтінем!
Виктор. Жоқ дегенді түсінемісің, өзі?!
Бетти. Ақшасын төлеймін деп тұр ғой.
Генри. Қолма-қол. Қазір-ақ!
Бетти. Бар гәп қашан емес, қанша беретініңде боп тұр ғой.
Генри. Он.
Бетти. Отыз.
Генри. Жиырма.
Виктор. Жиырма екі мың бес жүз.
Генри. Келістік. (Дипломатты алады) Бетти, біз ақша санағанша, Джейнды тауып келші.
Бетти. Дәретханада дедім ғой.
Генри. Есікті сындыр.
Бетти. Рас па? Қуана-қуана... (Кетеді)
Дэвенпорт. Дайынсыз ба?
Генри. Иә, иә. Ортақ шешімге келе алмай жатырмыз! (Викторға) Жиырма мың дедің бе? (Санайды)
Виктор. Мен емес, анау айтты.
Дэвенпорт. Бәрібір.
Генри. Мінеки!
Дэвенпорт. Танысқаныма қуаныштымын, мистер Перкинс! (Санап)
Генри. Жалғанда менен бақытты жан жоқ шығар!
Дэвенпорт. Персиден естідім, Барселонаға бұйда түзепсіз!
Генри. Оған артын қысып жүргені абзал болар еді.
Дэвенпорт. Испания көңілден шығады деп ойлаймын. Себебі, өз өлкеңізден айырма аз.
Генри. Ағылшындар көп па?
Дэвенпорт. Жоқ, қаптаған алаяқ. Қош болыңыз, мырза! (Жымиып, кетіп қалады)
Генри. Анда алаяқ, мұнда полиция. Қайсысы қауыпты екені бір Құдайға аян!
Виктор. Маған ше?
Генри. А, иә-иә.
Виктор. Мәйітті тану үшін... жиырма екі мың бес жүз... көлікке жеті мың бес жүз! Бас-аяғы – отыз мың.
Генри. Досыңнан ақша алуға ұялмайсың ба?
Виктор. Енді дос емес, туыспыз!
Генри. (Ақшаны санап береді) Кілтті, алып кел! Ал, туысқан моргқа тарт.
Бетти Джейнды күштеп алып келеді. Әлгің қарсыласып әлек.
Джейн. Виктор, біліп қой. Қатының ваннаның есігін сындырды да, қолын жүгіртіп... мені әбден қорлады.
Генри. Киіміңді ки! Барселонаға барамыз!
Джейн. Бра... се... бар... майм... Ай-та алмай да... қалыппын ғо...
Генри. Жақсы, онда былай істейік. Жолда, Виктордың көлігінде киінерсің.
Джейн. Неге?
Генри. Өйткені, отыз мың фунтты қалтаға басқан ол инспектормен кетті. Виктор, әлі осындамысың? Не істеп жүрсің, өзі?
Виктор. Алдап-соқпағаныңды тексеру үшін қаржыны қайыра санадым.
Джейн. Тамаша! Виктор – мүрдеханаға, Генри – Барселонаға... ал мен болсам, барып ұйықтаймын.
Генри. Джейн, алтыным, польтоңды кие қойшы.
Джейн. Неге мені ешкім естігісі жоқ?
Генри. Ұлы ойларыңды ұшақта айтарсың жаным!
Генри. Түсінемісің, Барселонада өмірбойы миссис Сима Дансик деген атпен тұрғым келмейді!
Генри. Жетер, жалғыз кетемін. Жал-ғыз! Ұқтың ба?
Джейн. Сол жақтан бір сеньораны табарсың да.
Генри. Кез келген келіншек мойын бұрып қарайды.
Джейн. Біреуінің болсын атын аташы, ал?
Генри. Мысал мынадан!
Джейн. Біреуін ғана?
Бетти. (Қолын көтеріп) Бетти Джонсон!
Бәрі таңырқап Беттиге қарайды.
Виктор. Немене? Бұ қалай болғаны?
Джейн. Бетти?
Бетти. Иә, солай! Егер, Генри Барселонаға алып барса, қарсы емеспін!
Джейн. Генри, айт оған, көзін құртсын, тез.
Генри. Сен кетесің... менімен... Барселонаға!
Бетти. Ұқтың ба, Виктор?
Виктор. Жоқ, әлі.
Джейн. Тоқтаңдар, мен ше?
Генри. Не сен? Ешқайда бармаймын деп ең ғой. Бар да ұйықта! Кеттік Бетти.
Джейн. Тоқта... Тоқ-таңдар! Мен... Мен... мұнда қала алмаймын... Өйткені... Ертең бұ жерге... ертең... әлгі қылмыскер келеді!
Генри. М-м-м... менімен қайта танысқың кеп тұр ма, қалай?
Бетти. Сен Виктормен бірге тұрасың... үйімізде. Күйеуімнің жанында жүрсең жаның жабырқамас.
Виктор. Есің ауысқан ба?
Генри. Данышпансың, Бетти! (Сүйеді) Саған алғысым шексіз.
Виктор. Оқасы жоқ.
Бетти. (Викторға) Сені инспектор күтіп тұр, ал Генри екеумізді... Барселона!
Генри. (Дипломатты алып, кетпекші болады) Бетти, төлқұжатың қалтаңда ма?
Бетти. Жоқ, үйде.
Генри. Жолай соғайық, онда.
Билл келеді.
Билл. Қалай, дайынбысыз?
Генри. Сізді кетіп қалды деп еді ғой?
Билл. Кетіп қалғам. Кейін, көрсеткішімді көрсем... отыз төрт фунт деп тұр. Әуежайға мистер және миссис Браунды жеткізем. Солай емес пе?!
Генри. Жоқ. Мені алып барасың.
Билл. Сізді ме?! Жарайды, кеттік, онда.
Генри. Жоқ, мен мистер Джонсонның көлігімен барамын. Ал, сіз миссис Перкинсты жеткізіп салыңыз.
Билл. Әуежайға ма?
Генри. Жоқ. Клапхем Роудқа. Миссис Джонсонның үйіне.
Билл. Сонда сіз әуежайға, жұбайыңыз...
Джейн. Иә, Билл. Осы күннен бастап сол үйде тұрамын. Пижамаң қайда екенін айта қойшы, құрбым.
Бетти. Пижамасыз ұйықтаймын.
Джейн. Рас па? Естідің ғой, Генри? Шығынға батпайсың, ескер. (Кетеді)
Билл. (Беттиге) Миссис Перкинс екеуіңізді үйге жеткізіп саламын.
Бетти. Жоқ. Біздің үйге миссис Перкинс... Ал, менің бағытым – Барселона!
Билл. Барселона?
Бетти. Иә!
Билл. А-а, түсіндім. (Викторға) Сіз де... Барселонаға?
Виктор. Жоқ, жолым мәйітханаға түсіп тұр.
Билл. Мәйітхана ма?!. (Генриге қарайды) Сіз ше?
Генри. Барселона!
Билл. Бөтен әйелмен?
Генри. Иә. (Сөмкені береді) Көлікке!
Билл. (Кетіп бара жатып) Бәрекелді. Ащыналар айқасын қалайша өткізіп алғанмын. (Кетеді)
Генри. Тарайық.
Бетти. Мен дайын!
Генри. Джейн, уақыт аз. Виктор, мүрдеханаға баратың болдың ба?
Бетти. Сол үшін де ақша алдың ғой.
Генри. Өте көп... өте!
Виктор. Барайын! Мәйітхана – әлемдегі әсем жердің бірі ғой.
Есік жақтан Слейтон көрінеді. Ашулы, қолында – дипломат.
Слейтон. Тыңдаңыз, мистер Браун! (Пауза) Мистер Браун...
Генри. (Викторға) Перси!
Виктор. Иә-иә.
Слейтон. Мен сізге бес-ақ минөт...
Виктор. Міне, міне!
Слейтон. Ұзақ жиналады екенсіз. Болды, жетер. Мистер Браун, сізді күтуге мұршам жоқ.
Виктор. Қазір...
Слейтон. Кешіктіңіз. Қайын...
Виктор. Розалинда? Ол Эдинбургта ғой... Не болды?
Бетти. Джейнды сұрап тұр.
Слейтон. Иә-иә, Джейн! Жесір-арақкеш... менімен мәйітті тануға барамын деп еді ғой!
Виктор. Қажеті жоқ, инспектор. Мен...
Генри. Бұған қоса, миссис Перкинс әлі дайын емес.
Слейтон. Онда шатағым жоқ. Барыңыз-дағы: «Инспектор күтіп тұр», – деңіз. Тездетсін!
Генри. Мына бір жерге отырыңызшы, мырза.
Слейтон. Отырмаймын!
Генри. Шай құйып берейін деп ем...
Слейтон. Өзіңіз ішіңіз. Моргқа миссис Перкинс қана барады. Егер, бес минөтта шықпаса, тұтқындаймын. Айтқаным айтқан.
Виктор. Ол аяқтан тұра алмай...
Слейтон. Жап, аузыңды! Австралияңа кет. Қойларыңа.
Инспектор шатастырып, басқа дипломат алып кетеді.
Бетти. Басында сыпайы сияқты еді.
Генри. Виктор, артынан жүгір... мәйітханаға бармасам, көліктен түспеймін де, тез. (Итеріп шығарып жібереді) Джейн, біз кеттік. (Беттиге) Төте жолмен тартамыз.
Джейн жолға дайын.
Генри. Тіркеуге шейін қырық бес минөт бар.
Джейн. Тоқтаңдар. Мұнымыз әділетсіздік.
Генри. А-а-а?
Джейн. Ақшаны теңдей бөлеміз.
Генри. Қалай?
Джейн. Оп-оңай. Жартысы – сендерге, жартысы – бізге. Елу де елу!
Бетти. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген.
Джейн. Басында, солай еді. Екеуміз бірге дегенде...
Бетти. Келіспеймін!
Генри. Бөліссек бөліселік...
Бетти. Қалауың сол болса, қарсылығым жоқ. Жылдамдатайық! Ұшақтан қалып қоймайық!
Генри дипломатты ашады да бір сәтке тұрып қалады.
Генри. Мама! (Қайта қарайды да айғайлайды) Мама!
Джейн. О, Жаратқан!
Бетти. Не болды, Генри?
Генри. Бутерброд жейтін кім бар?
Бетти. Қайдағы бутерброд?
Генри. Ірімшікпен.
Бетти. Не болды, айтсаңшы?
Генри. Айтайын ба? Онда, тыңда... Күйеуің... әлгі әпенде инспектормен бірге моргқа кетті... қолында дипломат... ал, оның ішінде... миллион жеті жүз елу мың фунт бар!
Бетти. Масқара.
Джейн. Соны ішім сезіп еді...
Билл кіреді.
Билл. Сөмкені әуежайға ма, әлде миссис Джонсонның үйіне ме? Әу бастағы ойдан айныған жоқсыз ба?
Джейн. Жоқ!
Билл. Соны анықтап алайын дегенім ғой.
Генри. Бәрібір.
Билл. Қалай, бәрібір? Екеуі қаланың екі басында емес пе?!
Генри. Маңызды емес...
Билл. Мені жынды қылып бітетін шығарсыздар. (Беттиге) Сонымен, Барселонаға... Генриді нұсқап)
Бетти. Шатағыңыз болмасын.
Генри. Менде дүниенің байлығы бар еді... Барселона, Бермуд аралы... енді... басқа қоңған бақыт құсы ұшты да кетті... бәрі бітті. Баз қалпыма қайта түстім... Дүйсенбі – жұмыс... қарғыс атқыр офиске тағы барамын, тағы, тағы, тағы...
Джейн. Сабыр етші, Генри.
Аяқастынан телефон шырылдайды, бірақ оған ешкім мән бермеді.
Билл. Телефон...
Генри. Керең емеспіз. (Жүгіріп барып, тұтқаны жұлқи алып, үнділік акцентпен сөйлей бастайды) Бұл үнді... үй... асүй... Тәж-Махал... Үйге тамақ жеткізу... үнді үйіне тамақ... әртүрлі тамақ. Пури, Виндалу, Чипати, Бхаджи. Рақмет... сіз, рақмет... Бхай-бхай. (Телефонды тастай салады да, орнына отырады)
Билл. Жынданып кетпесем жарар еді, Жаратқан.
Джейн. Манағы қылмыскер ме?
Генри басын изейді.
Билл. Алло? Кім? Қателестіңіз. Бұнда Сима деген кісі жоқ!
Джейн. О, Тәңірім.
Билл. Бұл үйде мистер Перкинс тұрады. Мекен-жайы қандай?
Бәрі. Айтпа, айтпа!
Билл. Элгар Авеню, №42.
Бетти тұтқаны қолынан жұлып алып, қоя салады.
Генри. Саудамыз бітті, ағайындар. Енді, осы жерге келеді.
Бетти. Не деп ақталасың?
Генри. Бар байлықтан айырылдық, ішіндегі миллион жеті жүз елу мың инспектор Слейтонда кетті деймін да.
Виктор кіреді.
Виктор. Генри!
Генри. Виктор?!
Бетти. Сені әлі кетпегенбісің?
Генри. Инспектор қайда?
Виктор. Далада.
Генри. Дипломат ше?
Виктор. Қандай дипломат?
Генри. Ақшасы бар дипломат ше?
Виктор. Міне. (Генридың дипломатын көрсетіп)
Генри. Менікі, бұл.
Виктор. Қайсысы сенікі? Ішінде бутерброды бар ма?
Генри. Иә. Ол шатастырып алып кетті.
Виктор. Тамаша! Енді, амалын тауып алмастыру керек.
Генри. Қайда ол?
Виктор. Кім? Шабадан ба?
Генри. Жоқ, инспектор да.
Виктор. «Жедел жәрдем» шақырды.
Джейн. «Жедел жәрдем»?
Бетти. Не болды?
Виктор. Соны айтайын деп келіп ем ғой, полицей көлігімен артқа жүремін деп машинаңызды соқты.
Билл. Немене?
Виктор. Машина орнынан қозғалып, қарсыдағы адамды қақты...
Билл. Бүгін сұмдық күн болды, сұмдық. (Жүгірген бойы шығып кетеді)
Генри. Амалдамасақ, бар ақшаны Слейтон басып, жиырма минөтқа жетпей осы жерге ана жендет кеп, бәріміз моргтан бір-ақ шығамыз!
Виктор. Ол адресты адаспай таба ала ма екен?
Бетти. Иә.
Виктор. Жептегені сол еді. Қашан?
Генри. Төрт минөт, үш секунд бұрын ғана. Қаймақ жеген құтылып, қазан жалаған тұтылды деген осы.
Слейтон кіріп келеді. Дипломатсыз. Сұсты.
Слейтон. «Жедел жәрдем» шақырдым, сондықтан күтуге мәжбүрмін. Миссис Перкинс үйде дәрі-дәрмек бар ма?
Джейн. Бар.
Слейтон. Жақсы болды. Алып келіңізші.
Генри Викторға дипломат көлікте, соны барып алып кел дегенді емеурінмен білдіреді.
Виктор. Аделаида, ойлан, мүмкін Австралияға қайтармыз?
Бетти. Иә, Перси, қой-қозы не боп жатыр екен, ал қош-сау тұрыңдар.
Слейтон. Орындарыңнан қозғалмаңдар. Мистер Браун қылмыс жасалған жерден кетпейді. (Викторға) Ал сіз куәгер боласыз.
Виктор. Қалауыңыз білсін.
Генри. Қалайша қайтпаймыз? Ұшаққа үлгермей қалсаңдар ше?
Слейтон. Сіз неге күйіп-пісіп тұрсыз, мырза?
Генри. Қалай күйіп-піспейсің, инспектор? Сонау бір Австралиядағы қойлары төлдеп жатқанда... Айтшы, Перси.
Джейн. (Кіріп) Мінеки, ұстаңыз.
Слейтон. Рақмет, сізге. (Аптечканы алады да шығып кетеді)
Генри. Енді не істейміз?
Виктор. Жендет желкені үзбей тұрғанда таю керек.
Джейн. (Генриға) Екеуміз қайда қашамыз?!
Бетти. Виктор! Оларды алып алсақ қайтеді?!
Виктор. Есің дұрыс па, өзі?
Бетти. Кешкі асқа күркетауық, балмұздақ пен салат...
Виктор. Тоқта, тоқта. Барселонаға бармаймысың, сонда?
Слейтон кіреді. Қолында дипломат бар. Өңі өрт сөндіргендей.
Джейн. (Қуанып) Инспектор!.. Қалай, жаңалық бар ма?
Слейтон. Адам қаққаннан қиын нәрсе жоқ екен, жігіттер.
Генри. Айттым ғой, бүгін сіз үшін ауыр күн болды деп.
Слейтон оны көзімен ішіп-жеп барады.
Генри. Түсіндім. Негізі, сізге көм...
Слейтон. Жоқ, көмектесе алмайсыз.
Генри Викторға екінші дипломатты алып, инспектордың артынан айналып өтсін дегенді екеурінмен білдіріп әлек.
Виктор. Бүгін мәйітханаға жете алатыныңызға сенімдімісіз?
Слейтон. Сенімдімін. Миссис Перкинс, дәрігер әлгі кісіні толық тексеріп болған соң ғана шығамыз.
Джейн. Айтсаңыз болды, инспектор. Әлденіп алыңызшы. Бүгінгі күннің қарбаласы сізді қатты шаршатты.
Ол Слейтонға бір рөмке коньяк пен конфет ұсынады. Слейтон екіойлы. Джейн жымияды.
Джейн. Мистер Слейтон, отбасы қайғысына ортақтасып, ұстамды, әділ әрі қамқор бола алғаныңыз үшін алғысымыз шексіз...
Слейтон ұсынған стақанды алып, дипломатын жерге қояды да қағып салады. Виктор екі шабаданды алмастырып үлгереді.
Слейтон. Ұстамды боламын деп уақыттан ұмылғаным-ай.
Джейн. Отбасым бұл ерлігіңізді ешқашан ұмытпайды, инспектор.
Генри. Сізбен бірге барып, сол бейбаққа жәрдемдессем қалай болар екен?
Слейтон. Қажеті жоқ. Орындарыңнан қозғалмаңдар. (Дипломатын алып, шығып кетеді)
Генри. Құдайға шүкір! Қаржы қалтада қалды. (Дипломатты кеудесіне басады)
Виктор. Таппайтының жоқ, Джейн!
Джейн. Коньяк ішке түскен соң, бас та мықты істейтінге ұқсайды.
Бетти. Барселонаны көре алатыныма сене алмай тұрмын. (Генридың бетінен сүйеді)
Виктор. Бетти!
Генри. Арманың орындалатын болды, алтыным.
Джейн. Генри. Мен өзім үшін маңызды шешім қабылдадым.
Генри. Қандай?
Джейн. Мен де барамын!
Генри. Рас па? Қалайша? Қарсы емес шығарсың, Бетти?
Бетти. Өзі білсін...
Виктор. Тұра тұр! Мен қайтпекпін, сонда?
Генри. Саған инспектор Дэвенпорт... отбасылы адамның ойын бұзғаның үшін шара қолданады. Қалжың! Былай, онда. Джейн барады екен, сен де қосыл. Тездетсең жөн болар еді. Өйткені, Сима Данси келмей тұрып кетейік.
Есік қоңырауы шырылдайды. Бәрі қорқып тұрып қалады. Дэвенпорт кіреді.
Дэвенпорт. Кеш жарық!
Генри. О, Жаратқан!
Виктор. Сізді Манчестерде екен десек...
Бетти. Бәріміз сөйтіп ойладық.
Дэвенпорт. Пойыз түнгі он екіде бір-ақ жүреді екен. Оған шейін туыстармен тағы бір жолығып...
Генри. Рақмет, қиындықты қисынын тауып шешіп жатырмыз.
Дэвенпорт. Солай ма?! Жол апаты ше?
Бетти. Оған алаңдамаңыз.
Дэвенпорт. Кісіні қаққан сіз екенсіз ғой?
Виктор. Менің еш кінәм жоқ.
Дэвенпорт. Айыптының айтар сөзі – осы. Уайымдамаңыз. Әлгі адам аман-сау. Басын ұстаған күйі далада отыр.
Бетти. Оған да шүкір!
Генри. Бұл ақпардың еш маңызы жоқ. Мың фунт жете ме?
Дэвенпорт. Мистер Перкинс, одан да мені жұмысқа алсаңызшы.
Генри. Сонда, қалай?
Дэвенпорт. Барселонаға бірге барайық та.
Бетти. Жо-жоқ, болмайды!
Джейн. Ол жаққа кім ретінде бармақшысыз?
Дэвенпорт. Күзетші есебінде. Онда алаяқ пен ұры көп!
Генри. Иә, Лондоннан гөрі...
Виктор. Бастығыңыз жібере ме?
Дэвенпорт. Ол мені бір күн көрмесе қуанады. Күзет фирмасын сол жерден де ашуға болады ғой.
Джейн. Бұныңыз ақыл екен, Генри. Адамдар артыңыздан қуса ше?!
Генри. Жарайды, келістік. Төлқұжат өзіңізде ме?
Дэвенпорт. Оның бірнешеуі бар.
Генри. Тамаша. Слейтон Джейнды іздеп келмей тұрғанда артқы есіктен шығып кетейік!
Бетти. Кеттік, кеттік.
Дэвенпорт. Мистер Браунның көлігіне сиямыз ба, өзі?
Виктор. Сиямыз, сиямыз.
Генри. Айтпақшы, бұл енді мистер Браунның машинасы емес, менікі. Және бағасы да қымбат.
Билл кіріп келеді. Қолында – сөмке. Артынша есікті жабады.
Билл. Мистер Перкинс!
Джейн. Құдай-ау, бұл сұмдық қашан бітер екен?!
Бетти. Қазір тіркеуге үлгермей қаламыз!
Генри. Не болды, Бэн?
Барлығы. Оның аты – Билл!
Билл. Екеуміз ғана артқы есіктен шығайық!
Генри. Қалай екеуміз?
Билл. Сізбер бірге барамын деп шештім.
Виктор. Қайда?
Билл. Барселонаға да.
Бетти. Барселонаға бал жағып қойған ба, қалай? Ол жақта не бар?
Генри. Ақша да, баяғы.
Билл. Не бопты? Сыртқа сыр шашпасын деп бәрінің аузын жаптыңыз, тоқалдан тудым ба, сонда?!
Генри. Жақында ғана күзетші жалдап қойып ем.
Билл. Оған таксист пен бақташыны қосыңыз.
Джейн. Сізді бойдақ екен десем...
Билл. Үйленгенмін. Бірақ, ол мені Барселонадан ешқашанда таппас.
Дэвенпорт. Алтау болдық.
Билл. Керемет! Бір топ туристке жеңілдік бар шығар?!
Дэвенпорт. Айтпағым ол емес. Бір машинаға сыймаймыз ғой.
Генри. Расында да. Былай, істейік. (Биллға) Сізге елу фунт берейін. Таксимен жетіңіз.
Ол дипломаттың ішінен кірпіш алып шығады. Үнсіз сахна.
Билл. Қаққан қазықтай қақшидыңдар да қалдыңдар ғой. Жолға шығайық.
Виктор. Қайда?
Билл. Барселонаға!
Генри. Сіз әлі түсінген жоқпысыз, Билл. Ақшаны ана алаяқ – инспектор Слейтон үптеп кетті. Түксіз қалдық, түксіз.
Билл. Түсінбей тұрған мына сіз. Дипломаттағы қаржыны сөмкеге салып үлгердім.
Билл сөмкені ашып, ақшаны жерге төгеді. Пауза. Бәрі – дән риза.
ШЫМЫЛДЫҚ