Weekend
Бейімбет Майлыға – 125 жыл
Әлібек БАЙБОЛ,
жазушы-драматург,
әдебиеттанушы.
БЕЙІМБЕТ МАЙЛЫ ДРАМАТУРГИЯСЫНДАҒЫ КЕЙІПКЕРЛЕР ЖҮЙЕСІ
Өткен ғасырдың бас кезінде қатарлас-қанаттастары сықылды романшы, драмашы, сценарийшы, либреттошы, ақын, фельетоншы, очеркшы Бейімбет (Бимағамбет) Жармағамбетұлы Майлы да – бірнеше жанрда өнімді еңбек еткен суреткер. Қазақтың біршама қаламгерлері ұқсап ол да өлеңнен бастап, шабыт шақырып, Поэзиядан нәр алған. Кейін проза жанрына ойысып, қайталанбас қолтаңбасын қалыптастырып, биік суреткерлік дәрежеге жеткені бәріңізге белгілі.
2019 жылы «Егемен Қазақстан» гәзетіне бейімбеттанушы Серікқали Байменшенің «Бейімбетнама» атты мақаласы жарық көрді. Онда былай делінген: «Бейімбеттей біртуар жазушының шығармашылық тағдыры мен адами тағдыры теңдес емес. Ол айтарын айтып үлгермеген, жазарын жазып тауыспаған, жүректегі батпан шерді тұтастай тарқатып бере алмай кеткен боздақ. XX ғасырдың отызыншы жылдарындағы лаулаған отқа зар заманның құйын-желі ұшырып түсіргенде, ақ мақтадай лап етіп жанып, отты шеңгелдің орамынан шыға алмай қала берген есіл ер». Классиктің «Таңғы шық», «Бекеннің құбылысы», «Жеңеше», «Кəментоғай бұтақтары», «Күзгі бұралаң жол», «Алғашқы қар» сынды тілі жатық, қонымды да тартымды әңгімелері мен «Шұғаның белгісі», «Раушан коммунист», «Берен», «Асулардан асқанда», «Құсайын Құлбеков», «Əміржанның əңгімесі», «Он бес үй», «Қырманда» секілді жұртқа кең тараған повестері ‒ жазушылық қырын анық аңғартатын көркем дүниелер. Б.Майлының Мырқымбай, Түйебай, Айранбай, Раушан, Шұға, Жалбыр, Күлпәш, Таңсық, Мұқыш, Рахия, Берен секілді ірі-ірі бейнелері бар. Сол тұстағы қазақ жазба әдебиетінің енді-енді күш алып келе жатқанын есепке алсақ, ел кітаптағы тұрмыс-тіршіліктің көркем картиналарын сахнадан көргісі келгені бір қоспасы жоқ шындық. Сәйкесінше, болмысы бөлек, табиғаты тосын қалам иесі драма жанрына да дендеп еніп, драматургия қоржынын «Шаншар молда», «Ауыл мектебі», «Неке қияр», «Амангелді», «Көзілдірік», «Талтаңбайдың тәртібі», «Жасырын жиылыс», «Келін мен шешей», «Протокол», «Майдан», «Жалбыр», «Біздің жігіттер», т.б. сүбелі туындыларымен толықтырды-молықтырды. Иә, ол – қазақ «сөз өнерінің» қалыптануына зор үлес қосқан, шеберлігін жан-жақты танытқан жазушы. Шығармагердің басқы тақырыбы – өзі жетік білген, әр қырынан зерттеп-зерделеген ауыл адамдарының мінез-құлқы, басынан кешкендері, уайымы, қайғы-мұңы, наласы, өкінішке толы өмірі.
Биылғы «Егемен Қазақстанның» 42-санына жазушы-сатирик Ғаббас Қабышұлының «Би-ағаның Тоқтары» делінген мақаласы жарияланған. Ол жерде автор қазақ әдебиетінің классигі жөнінде былай деп жазады: «Иә, Би-ағаның шығармалары ел ішіне ерте тараған. Кең даланы кезіп кеткен «сымсыз телефоны» мінсіз жұмыс істеген қазекем таңды таңға жалғаған айтыстарды, шешілместей шиеленісті жер дауы мен жесір дауын жіліктеген, ер құнын кесімдеген шымыр шешендік сөздерді, әлсізге жәбір жасаған әділетсіздерді әжуалаған усойқы өлеңдерді қосымша өткірлей түсіп таратып жатқанындай, адамның еңбегін қанауды тоқтатудың басталғаны деп келген жаңа заманның жыршысы Би-ағаның прозалық, поэзиялық, драматургиялық дүниелері 1938 жылға дейін барлық газет-жорналымызда жиі шығып, көзі қарақты қазақтың айызын қандырды». Ол жекелеген жандар тіршілігіндегі елеусіздеу нәрседен уақыттың үнін, тарихтың бүлк-бүлк еткен тамыр соғысын сездіреді, кішкене ғана уақиғадан үлкен мәселе тудырып, шешу жолдарын им-ишарамен білдіреді. Б.Майлы көптеген шығармасында өздері істің ретін жөнді білмесе де, атақ-даңқ, дабыра-мансапқа аса қызығып, айқай-ұйқайға, зорлық-зомбылыққа, қулық-сұмдыққа әуестенген сұмдар, нойыс басшылар, кінәсіз кісілерге залал келтірер залымдар, бұқараны дүрліктірген бұзықтар, дүңк-дүңк дүмшелер, қойнына шоқпар жасырған шолақ белсенділер, қашанда жала жабудан еш жалықпас жандайшап-жансыздар, көпшіл боп көрінгісі келгенімен де өз құлқынынан өзгені ойламас ойсыз-ақымақтар, аңғалдарды алдап соғар аяр-алаяқтар, арамза атқамінерлер, қараның табанақы, маңдай терімен тапқан-таянғанын табыс көрген паң-парақорлардың ұятсыз әрекетіне сын тағады. Тағы, автор аз жыл ішінде-ақ ірілі-ұсақты жиырмадан аса пьеса жазған екен. Сондай-ақ, Бейімбеттің Шаңқан, Қоңыраушы, Жолаушы, Б-т, М-тай, Б-ж, Жолшыбай, Көз, Гәзетші, Быж, Жасқаншақ, Алтай, Тілші, Жуас, Б-М, Алакөз, Қайдауыл, Егінші, т.б. жетпістен аса бүркеншек аты (псевдоним) болған-ды. Автор прозасына тән ажуа, мысқыл, әзіл-сықақ, күлкі, сарказм, гротеск пьесаларына да көшкенін байқау қиын емес. Оның қолданысындағы мұндай көркемдік әдіс-тәсіл саналы ғұмырында көрген-түйгенінен, бай өмірлік тәжірибеден жиналған деп есептейміз. Айталық, Би-ағаңның «Талтаңбайдың тәртібі» – айтар ойы айрықша, отызыншы жылдар ойранына арналған драма. Жанбол, Ақсүйрік, Қамза, Жұпар, Қайдарлар сол уақиғаның бел ортасында белсеніп жүреді. Куба жазушысы Алехо Карпентьер ‒ «саяси романдардың» ірі өкілі болса, ал «Талтаңбайдың тәртібі» ‒ саяси қатпары қалың комедия. Бейімбет – шығармасы мен әдеби қаһармандарына ат қойып, айдар тағудың нақ шебері. Себебі, қаламгер Талтаңбай Талтаңбаев сырқынды комитрагизмге негізделген образ арқылы жүгенсіз жүйеге, билікке соққы берген-ді. «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңда да, талтаң да» деген ауызекі сөз дәл соған қарата айтылғандай, тура. Есті азамат еліне бір табан жақын боп, ешкімді табаламай, бәріне жаны ашып тұрмайды емес пе, әркез?! Алайда, Талтаңбайымыз бұлардың сойынан болмай шықты. Ол – мұрнынан арғыны көрмейтін көрсоқыр, шалажансар, ауыш-есерсоқ, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен аянышты кейіптегі кейіпкер, алды-артын бақпайтын ақылсыз, жалпақ жұртты зәрезап қып, бақырбасты төбесіне әңгір-таяқ ойнататын әңгүдік, қолында бишіктей ғана билігі бар ессіз. Біртүрлі, Чехонте ‒ А.П.Чехов суреттеуіндегі жиіркенішті де әпендешалыс шенеуніктерді еске салады. Біздіңше, Бейімбет Гоголь мен Чеховтан біршама нәрсе, нақтырақ айтсақ техника, күлкілі ситуациялар тудыру, сюжет құру, характерлерді қоюландыру, жинақтау, оны типаж деңгейіне жетелей-жеткізу жағын мастер-маэстролардан керемет үйренген-ді. Би-аға – психолог жазушы. Ол образдардың пішін-пошымын ғана емес, жан-дүниесін, ой-арманын да ашып тастап отырады. Талтаңбай жоғарыдан тапсырылған жоспарды аз мерзім ішінде жүзеге асыруын талап етіп, елдің есін шығарады. Бүйткен, Талтекең алды-артын шолмайтын есалаң емей немене?! Драмашы көркем бейнелер өне бойындағы қулығын, сұрқиялығын, надандығын, содырлығын, кеудемсоқтығын, көрсаналығын, нәпсіқұмарлығын ерекше сынға алады. Олар: «Қызғаншақтар жоғалса да, қызғаныш ешқашан да жойылмайды», – деп айтқан француздың ұлы комедиографы Жан-Батист Мольер қаламынан туған Барбулье, Тартюф, Сганарель, Гарпагон, Скапен, Арган сияқты сұмпайыларға келіңкірейді. Демек, жазушы әлем әдебиетін де бір кісідей білген, оқыған, соны әдеби-арсеналына алған. Талтаңбай Талтаңбаев ‒ сол кездегі халықтың берекесін кетіріп, сорын қайнатқан басшысымақтардың қырнап-жонылған жиынтық бейнесі, лит-карикатурасы. Және, айналасындағы өңге де персонаждар оның көркемдік жағынан сомдалуына мейлінше көмегін тигізгенін атап өтуге тиіспіз.
Қос бөлімнен бас құраған «Неке қияр» да ‒ автордың айтулы пьесасы. Мұндағы әр әдеби қаһарман ‒ бір-бірін қайталамайтын, өз функциясын толықтай атқарып тұрған дара, индивидуал. Қаламгер олардың лексиконын, синтаксисын дүниетанымына, көрген-түйгеніне қарай жұмсаған, барынша нанымды шығуын көздеген-ді. Бұл туынды – күні бүгінге шейін қазақ әдебиетіндегі сәтті шыққан озық үлгілердің бірі. Автор өз кейіпкерлерінің мінез-құлқын түзуде шеберлік танытып, соның арқасында манағылар мән-мазмұн тұрғысынан ірілене, өзгелерден өркештене түскені анық. Өйткені, драмада қазақтың сана тұрғысынан өсуіне кедергі келтірер түрлі сипаттағы факторлар, ұлт бойындағы жағымсыз мінездер алдыңғы планға шыққан. «Неке қиярда» бас еркіндігі үшін қоғамға, қалыптасқан жағдаятқа қарсы күрес ашқан Зəуредей қызғалдақ-қыздың образы сомдалған. Ал, сондағы антипод – Ылаңбай ‒ қу, арғы-бергіні сорпаша сапырып жүретін жағымсыз, сүйкімсіз, жұғымсыз жан. Задында, Бейімбет ‒ күлкі қаншалықты алапат күш екенін ерте ұғынған қаламгер. Ал, «Майдан» ‒ тек қарымды қаламгердің ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің қоржынын қампайтқан тарихи негізі бар драма. Оның алтын арқауы ‒ коллективизацияның алып келген зардабы, қайғы-қасіреті. Қолдан жасалған сайқал саясат кесірінен халықтан маза қашады, бей-берекетсіздік басталады, ретсіздік-хаос орнайды. Нәтижесінде, Карл Маркс айрықша айтқан «әлеуметтік класстарға» бөліну науқаны белең алып, ұлттың ұзақ уақыт бойы тарихи-эволюциялық жолмен қалыптанған пласты айтарлықтай күйреп, аса қажетті делінген көптеген құндылықтың жойылуына жол ашады. Бұл ‒ Алаш тауарихындағы ауыр да алмағайып-аласапыран кезеңдердің бірі. Өзекті өрттей өртеген өкініштің орны тола қоймас, әлбетте. «Жаптым жала, жақтым күйе» дегендей, бай-бағланның мал-мүлкі талан-таражға түсіп, өздері түрмеге қамалды, итжеккен, Ібір-Сібірге айдалды, азапталды, атылды, асылды, сөйтіп ұлт генофонды құртыла бастады. Өйткені, қазақ сүт бетіне шығар қаймағынан айырылды, соның әсерінен Майн Рид романындағы бассыз салтаттыға айналды, өз бет-бейнесін, идентификациясын жоғалтты, қамсыз қазақ жартысынан көп бөлігінен айырылды. Холокост, Освенцим, Голодомор, Пол Пот геноциды... Параллель. Қалған жұрт жан сақтау мақсатында жер ауды, жан-жаққа қашты, көшіп кетті. Екіжүзді Билік мұны жасырды, жалған ақпар берді, шынайы деректерді терістеді. Алайда, Бейімбеттей адал азамат аталған тарихи феноменды нағыз реалист есебінде суреттеп шықты. Біз, яғни кейінгі ұрпақ мұны нағыз ерлік есебінде бағалауға тиіспіз. Драманың бас кейіпкері ‒ Досан Қалабаев. Оның монологтарынан бай-кедей бөлінісі, тап тартысы, сол уақыттағы адамдардың бірімен-бірі аңдысқан айласы ап-анық көрініс береді. Б.Майлы ‒ осы сұмдықтарды көзбен көрген, көңілге түйіп, жан-жүрегімен сезінген, тұла бойынан өткізген өмірлік шындықты көркем шындыққа айналдыра алған суреткер. Пьесада жік-жікке бөлінген қазақ ортасы ойдағыдай ашылған-ды. Қайбір жерінде, автор позициясы да айқын. Ол жетім-жесір, жоқ-жітікті қолдайды, оларға жаны ашиды. Досаннан бөлек, Жұмағұл, Есен, Ержан, Дəурен, Зәуре, Орынбай, Бекболат, Мамық, Көдебай, Пүліштер арадағы тартысты күшейтіп, көркем шығармаға көріп беріп тұр. «Майдандағы» екі топтың арасындағы талас ‒ драманың қозғаушы күші. Мұнда қоп-қою конфликт-шиеленіс бар. Автор өз қаһармандарын өсу үстінде, мұратына жету үшін барлық құрбандыққа баратын күрескер ретінде суреттейді. Басқы уақиға Зəуре маңында өрбиді. «Майдан» ‒ жанды драма. Оқып отырғанда-ақ көз алдыңа сол тұстағы милләттің мүшкіл хал-ахуалы, елді дүрліктірген тұрақсыз да мазасыз дәуірдің сом-сом картиналары еріксіз елестейді. Тағы, бір қуанарлығы ‒ жазушының комедияда да, драма жанрында да алдына жан салмайтындығы. Себебі, бір-біріне мүлде кереғар жанрларда жазу өте қиын. Әзіл-оспақтың орнын қаратастай ап-ауыр қасірет басқанда, ақыл-ой-мидың өзі оған бірден бейімделе кетпейтіні рас. Бұл мәселені Выготский сияқты психолог терең зерттеген еді. Осы тұрғыдан келгенде, Бейімбет Майлы ‒ сегіз қырлы, бір сырлы универсал шығармагер, күлдіріп отырып жылататын, жылатып отырып күлдіретін жаратылысы бөлек жазушы. Ұзақ жыл бойына осы тақырыпты зерттеп-зерделеген бейімбеттанушы-ғалым Жұмабек Табын Би-аға драматургиясы туралы айта келе былай деген еді: «Тұңғыш қазақ көркем киносы «Амангелді» фильмінің сценарийін жазған да – Бейімбет Майлин еді. Жазушы жаңа бағыттағы туындыларымен қазақ әдебиетіне қарама-қайшылыққа толы қуатты дүниелер қосты». Автордың жалғыз актілі «Протокол» атты пьесасы – «Неке қиярмен» мазмұндас. Пьесаның орталық кейіпкері – Зүкен. Оның да басынан кешпегені, көрмегені жоқ. Драматург нәзік қыз арқылы қажыр-қайраттың, өршіл рухтың қандай екендігін елге паш етеді. Ең әуелгіде, оны бәрі кемсітеді, көзге ілмейді, адам санатына қоспайды. Алайда, ол шығарма финалында Анджела Дэвис сықылды бүкіл қиындықты жеңіп шығады, алға қойған мұратына жетеді. Б.Майлы ‒ диалог, шиеленіс пен шендестірудің шебері және онда синтенция жоқ.
Қаламгердің бұған трагедиялық сипат дарытуында үлкен мән, посыл жатыр. Автордың шағын пьесаларында тұтастық сақталғанымен де, көлемділерінде сюжет пен композиция жағынан жинақылық аздау екенін байқадық. Бейімбет басты күш-қуатын кейіпкерлеріне жұмсайды, оларды образ дәрежесіне көтеруді көздеген әрі тілдің бояуын керекті жерінде ғана қолдана біледі. Көбіне-көп, Би-аға драмаларындағы жағымсыз кейіпкерлер ‒ байлар, молдалар, қолында билігі бар адамдар. Және, әлгілер – әр алуан: бірі ‒ өткір, мықты, намысшыл, батыл келсе, енді бірі ‒ әлсіз, әлжуаз, көнбіс, ез. Совет дәуіріндегі әдебиеттің негізгі кемшілігі ‒ тұмсығы тесілген тайлақтай идеологияның жетегінде кеткендігі. Бірақ, Бейімбет секілді санаулы ғана қаламгер мұндайға көне қойған жоқ, тек шындықты ғана жазды. Сондықтан да, оның шығармалары ‒ қазақ әдебиетінің қазынасы қатарында...
Елімізде Гүлсина Мерғали, Дәурен Серғазы, Дина Жұмабай, Данияр Базарқұл, Ерлан Кәрібай, Есләм Нұртазин, Айдын Салбан, Фархадбек Қанафин, Рүстем Жаныаман, Фархат Молдағали, Әридаш Оспанбаева, Әділет Ақан сияқты талантты режиссерлер шоғыры қалыптасты. Қуанышты, әрине. Айтайын дегенім мынау еді, Би-аға бүгінгі көрермен талап-тілегін ескере келе жаңаша режиссерлық интерпритацияны қажет ететіні шындық. Мәселен, режиссер бай-дәулеттіні – банкирге, пысықайды – директорға, колхозды – фазендаға, көпесті – коммерсантқа айналдыра сахналаса шығарма әлдеқайда өтімді болар еді. Мұны Бейімбет драмаларын оқырманға оңаша формада берудің тетігі, оны құбылта-құлпырта ашу, түпкі мәніне терең үңілу, сол дәуір мен қазіргі заман арасын байланыстыру, алтынкөпір салу, параллель жүргізу, бүгінгі технократтық, информакраттық ой-санада, бағытта тәрбиеленген ұрпаққа жазушыны жаңаша қырынан көрсету, ұтымды ұсыну деп білген абзал. Тек болмашы бояу, реңк қана өзгереді, түпкі идея қалады. Алайда, Б.Майлыда өзгермейтін, мызғымайтын бір дүние бар, бұл – адам, яғни оның мінезі, табиғаты, өмірі, бітім-болмысы, жаратылысы, тағдыры, араласқан ортасы. Демек, классик драматургиясы мәңгілігінің сыры да – осында. АДАМ! Өз басым жазушы-драматург ретінде Би-аға прозасының инценировкасын жасау барысында минимализм, локонизм, қос дәуір арасындағы канон-конституцияларды, драма конструкциясын ескергім, ондағы құндылықтарды өзгеше қырынан алып шыққым бар. Мәселенки, Ринат Ташимов деген арғы тегі татар, бірақ Ресейде тұратын драматург Чехов юморескалары негізінде комедия жазды. Сәтті болды деуге негіз бар. Өйткені, қазіргі таңда жаһанның жалпы-саны жиырмадан аса театрында қойылып жүр. Мен де Бейімбеттің бір-бірімен мазмұндас, бір-бірімен рухтас әңгімелерінің басын қосып инценировка жасап шыққым келеді. Соны өз деңгейінде аудартып, шетелге шығарсақ, бұл да қазақ әдебиетіне қосылған үлкен олжа болар еді деп ойлаймын. Театрдың білгірі, теоретик Питер Брук «әр классика жаңаша жаңғыруы, жаңаша формада көрініс табуы керектігін» айтқан болатын.
P.S. Қорыта келе айтарым, классик туындыларынан, оның халық тұрмыс-тіршілігін, салт-санасын, əдет-ғұрпын, елге сіңген психологиялық дағдыларын терең білетіндігін аңғару аса қиын емес. Ол ‒ үнемі жұртқа жақын боп, тығыз байланыста жүрген жазушы. Жаңағы құбылыстардың оқырманға ой салып, нимфаларша өзіне тартып тұруының сыры да ‒ сонда!.. Бұның атауы – көркемдік!..