Түркі әлемі

Асқар Мамин: Шетел мұрағаттарынан Алтын Орда жайлы деректер ізделетін болады

Ұлытау туристтік аймаққа айналады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Үкімет басшысы Асқар Мамин Жошы ханды ұлықтау ісіндегі жұмыстың бірнеше бағытын атады.

- Біріншіден, жақын арада өтетін Нұр-Сұлтан қалалық ономастикалық комиссиясының отырысында елорда көшелерінің біріне Жошы ханның атын беру және ескерткіш орнату мәселесі қаралады. Екіншіден, Қарағанды облысының әкімдігі 2020 жылы Қарағандыда Жошы ханға ескерткіш орнатуды ұсынып отыр. Сонымен қатар, аталмыш әкімдік келесі жылы Ұлытау ауданында Жошы ханға ескерткіш орнатпақ. Одан бөлек, Қазақстанның өңірлік деңгейдегі туристік картасы (ТОП-50) объектілерінің тізімін жасау көзделген. Аталған тізімде «Ұлытау» тарихи-мәдени кешені белгіленген, онда жылына шамамен 10 мың адамды қабылдай алатын көрнекі орындар, туристік бағыттар мен музей бойынша экскурсиялар туралы ақпаратты қамтитын туристік қызметтер ұсынылады, - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Асқар Маминнің хабарлауынша, Мәдениет және спорт министрлігі Жошы хан мен Алаша хан кесенесінің аумағын абаттандыру мәселесін пысықтап жатыр. Жоспар бойынша, Жошы хан кесенесіне жақын орналасқан Жошы ордасы қалашығы зерттеліп, Ұлытау өңірінің археологиялық картасы дайындалмақ. Сондай-ақ, ҚХР, Иран және Түркия архивтерінен алынған деректер негізінде Сарайшық қалашығына байланысты құжаттар жинағы шығарылады. Министрлік одан бөлек, Халықаралық Түркі академиясымен бірлесіп 2020-2022 жылдары қосымша бірқатар археологиялық, этнографиялық, антропологиялық, ғылыми-зерттеу және басқа да жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.

- Төртіншіден, Ұлытау өңірінің туристік әлеуетін дамыту үшін алдағы жылы «Алтын Орда» экспедициясын өткізу, Ұлытау өңірінде республикалық маңызы бар Алаша хан, Жошы хан, тарихи және мәдени ескерткіштерінің аумағында визит-орталығы мен этноауыл құру жоспарлануда. Туристік бағдарлар мен соқпақтар әзірленіп, кемпингтік тұрақтар, туристерге баратын жерлерде санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылады. Баспасөз турлары аясында Жошы ханның кесенесін шетел журналистері баратын объектілер қатарына енгізу көзделген. Барлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша шетелдік БАҚ-та, «The Astana Times» газетінде ағылшын тілінде, Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінің интернет-ресурстарында және мемлекеттік органдардың ресми порталдарында жарияланымдар шығады, - дейді Үкімет басшысы.

Асқар Мамин сондай-ақ, Қарағанды облысының әкімдігі Қызылорда, Жезқазған, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Арқалық қалалары мен Ұлытау ауданы арасындағы жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізетінін тілге тиек етті. Оның хабарлауынша, Алматы-Жезқазған, Шымкент-Жезқазған бағыттары бойынша авиарейстерді іске қосу мәселесі пысықталуда.

- Бесіншіден, биыл өңірлік деңгейде Тараз, Атырау және Қарағанды қалаларында ғылыми конференциялар өткізу жоспарланып отыр. Шаралар 2020 жылы Ақмола облысының Бурабай ауылында және Өскемен, Павлодар қалаларында жалғасады. Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігі Ұлытау өңірінің тарихи және мәдени кесенелерін ЮНЕСКО дүниежүзілік мұрасының тізіміне енгізу мәселесін пысықтауда, - деп хабарлайды Асқар Мамин.

ҚазАқпарат