Woman
Балаға қолдау керек
Кішкентай Әли эмоцияға беріліп ашуланған кезде анасы: «Ашу - дұшпан, ақыл - дос, ақылыңа ақыл қос» деп, Әлиге өз эмоциясын басқаруды үйрететін еді.
Балаға өз эмоцияларын танып, оларды оңтайлы басқаруды үйрету ата-ананың басты міндеті десек болады. Бала кішкентайында сан түрлі эмоция көрсеткен кезде, ата-ананың өзі де қозып кететін жағдайлар болады. Сонымен, балаға өз эмоцияларын басқаруды қалай үйретеміз?
Ең алдымен, эмоция мен сезімнің екі түрлі түсінік екенін білуіміз керек. Эмоция – адамның бір жағдайға көрсеткен шұғыл реакциясы биоэлектрлік потенциал мен импульс түрінде миында пайда болып, содан кейін денеге көшеді. Мысалы, адам қатты қатты ашуға булыққанда, миында импульстер пайда болып, аяқ-қолы дірілдеп кетеді. Ал сезім деген сол эмоцияларды сөзбен жеткізу құралы. Эмоция физиологиялық құбылыс болса, сезімдер оны сөзбен көмкеретін вербалды құбылыс. Эмоция жүректің тілі, ол адам табиғатының бөлінбес бөлшегі. Біздің асыл мақсатымыз оны дұрыс түсініп, жақсы жолда қолдану.
Балалардың эмоционалды сау болып, тұлғалық кемелдікке қол жеткізуі үшін ата-ана үш нәрсені білуі керек (Дебора Макнамараның «Покой, игра, развитие» кітабынан алынды)
1. Бала өз сезімдерін қысылмай көрсете алуы керек. Алайда бала эмоциясын тек жақын адамына көрсете алады. Жақын адам дегеніміз - баланы риясыз жақсы көріп, қамқорлық көрсететін ересек. Сол кезде бала эмоциясын көрсетуден қысылмайтын болады. Неге еркін? Себебі эмоция қысылмай, еркін көрінген кезде ғана оны шынайы тануға болады. Егер анасы балаға үнемі «тыныштал, айқайлама, ызаланба» деп айта беретін болса, бала эмоциясын шығара алмайды. Ал дұрыс шықпаған эмоцияны қалайша сөзбен жеткізіп, түсінеміз? Кейбір ата-аналардың ойынша, балаға эмоциясын еркін шығаруға мүмкіндік берсе, олар ешқашан өздерін дұрыс ұстауды үйренбейді деп. Бұл қате түсінік.
2. Баланың эмоционалды хәлін сөзбен сипаттауға көмектесіп, олардың жағдайын түсінуге тырысу. Мен «ашулымын», «қорқып тұрмын», «ренжіп тұрмын» деген сияқты тіркестердің көмегімен, физиологиялық хәлдің сөзге айналдыруға көмектесіп, тіл байлығын дамытуға көмектесу керек.
Кішкентай балалар өте импульсивті әрі өзімшіл болғандықтан, олардың санасы болып жатқан нәрселерді бірден қорыта алмайды. Ең қиыны да сол, баланың эмоциясы қозған кезде, ересек те өзін ұстай алмай қалуы мүмкін. Сондықтан бұл жерде ересек адам салмақты мен сезімтал болғаны абзал.
Тәрбиедегі басты мақсат – ата-ана баласына жүректегі сезімдерін бөлісуді үйрету болғандықтан, бала үнемі жақынынан қолдау күтеді. Бала жүруді үйренген жерден жетпіс рет таяқ жейтін болса, эмоциясын басқаруды үйрену үшін сан рет қателесетін болады. Ал ата-анасы мен тәрбиешілері баланы сабырмен алдыға жетелейтін болса, ол әр қадамын сеніммен басатын болады.
3. Эмоционалды кемелдікке жетудің үшінші кезеңі өз-өзін бақылауда ұстау. Бұл қабілет 5-7 жас аралығында қалыптасады. Егер бала аса сезімтал болса, бұл процесс 7-9 жаста басталады. Баланың миы қарама-қайшы сигналды ұстап тұру үшін көп күш салуы керек. Егер кішкентай балаға зер салып қарасаңыз, ол бір уақытта бір түрлі ғана эмоцияны бастан өткізеді. Оның өз эмоцияларын басқаруды үйренуі баланың салауатты дамуындағы шешуші кезең. Сол себептен бұл процесті асықтыруға болмайды. Ата-аналар кейде баласының жасына жетпей салмақты болып, өз-өздерін бақылауда ұстауларын талап етеді. Алайда ересектер мұның бірден болмайтынын естен шығармауы керек.
Мәселен, 6-7 жасқа келген бала біреуге ренжіген кезде: «қолымдағы ойыншықпен ұрып жіберейін бе, әлде ренжігенімді сөзбен айтайын ба?» деген ой келеді. Егер бала ішінде пайда болған агрессияны қара күшпен көрсетудің орнына, сөзбен жеткізіп сезімдерін сыртқа шығара алса, ол өзін-өзі бақылаудың жаңа кезеңіне көтерілді деген сөз.
Эмоция бізді алға жетелейтін алапат күш болғанмен, біздің бойымызда оны тоқтата алатын қарама-қайшы эмоциялар да бар. Ашуланған кезде, ақылын дос етіп, өзін тоқтата білуі үшін ата-ананың түсіністігі мен риясыз махаббаты керек.
Бала ең алдымен өзінің кім екенін түсінуі қажет, ішіндегі қайнап жатқан эмоцияларды сөзбен жеткізуді үйрену керек. Өзін таныған кезде қоршаған ортасын тануға ұмтылады. Нәтижесінде, әрбір адамның өз эмоцияларын басқаларға дұрыс жеткізіп, оларды бақылауда ұстауы – тұлғалық кемелденудің көрінісі.