Weekend
Хамит Балшабеков
ҰЛЫЛАРДЫҢ АЖАЛЫ ЕРТЕ ЖЕТІП,
«Шығыстың Мұқағалиы» атанған Хамит Балшабековті өскелең ұрпақтың бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Хамит Балшабеков - 1939 жылы 20 желтоқсанда Қытай Халық Республикасы, Тарбағатай ауданы «Үшқарасу» деген жерде дүниеге келген. Әкесі Балшабек Қытай жерінде болыс болған, ел басқарған. Хамит әкесі мен анасының тәрбиесі мен өнегесін көріп өседі. Халқының көне ән мен жырларына терең үңіліп солар жайлы сыр толғап, жастайынан өлең жазуға – әуестенеді.
Алғашқы жыр жинағы 1969 жылы «Жазушы» баспасынан «Жылқышы әні» деген атпен жарық көреді. Хамит Балшабековтың ақындық пен бірге актерлік те таланты болған екен. Мәдениет саласында жұмыс істей жүріп, сахнаға өз режиссурасымен Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», Құдаш Мұқашевтің «Таң атып келеді» спектакльдерін қояды. «Таң атып келеді» спектаклінде І.Жансүгіровтің бейнесін сомдайды. 1993 жылы «Суырлының сұлу арқасында» атты жыр жинағы, Өскемен қаласынан «Өмір мен саған ғашықпын» атты кітабы, 2003 жылы «Қантамыр», 2007 жылы «Балтамыр» атты жыр жинақтары, 2008 жылы «Шұғыла көңіл» атты жаңа жыр жинағы жарық көрді. «Тарбағатай ақындары жырлайды» атты жинаққа өлеңдері еңгізілген. Жиырмадан астам өлеңдеріне ән жазылған. Атап айтқанда, «Мұзтаудың мұзбалағы», «Ұрпақ дауысы», «Әнші қыз», «Қосқарагөз», «Қос бұрым», «Жалши әні» өнер сүйер қауымның сүйіп тыңдайтын әндеріне айналды. 2006 жылы ақынға «Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Биыл 2019 жылы Хамит ақынның дүниеге келгеніне 80 жыл. Осы орайда айта кететін жайт Шығыс Қазақстан жұрты өз ақынын ұмытпай , дәріптеп ақын құрметіне арналған игі іс-шараларын өткізуде . Оның бір дәлелі «Таулар ұйқтамайды» атты ақын кітабының жарық көруі. Кітаптың тұсаукесері Өскемен қаласының А.Пушкин атындағы кітапханасында өтті.
Сөзімді қортындылай келе ақынның жырларын ұсынып отырмын.
Хамит Балшабековтың жырлары
***
- Ағай, Сіз шыныменен ақынсыз ба?
Немене, өлең жазып жатырсыз ба?
- деді келіп қасыма қаракөз қыз,
Өжет сұрақ бітпейді ақылсызға.
- Иә, қалқам, жазамын анда-санда,
Өзің біл қолдасаң да, қорласаң ла.
Хамит болып қалуға тиістімін,
Мұқағали Мақатаев болмасам да.
- Мұқағали... ол деген Ұлы есім,
Оқысаң ынтығасың... түңілесің...
Мұңайып қалды ару осыны айтып,
- Ойыңды жалға, неге кідіресің?
- Қалай айтам, өлді ол зорлық көріп,
Қойғаннан соң тағдыры мол жүк беріп.
Қалайша алып ақын жырларынсыз,
Кезінде толдық дедік, болдық дедік?
- Қалқам-ай, орынында жер, аспан әлі,
Сан құбылар сұмдықтың тас қамалы.
ҰЛЫЛАРДЫҢ АЖАЛЫ ЕРТЕ ЖЕТІП,
ҰЛЫЛЫҒЫ СОНАН СОҢ БАСТАЛАДЫ...
*****
Ей, бауырым зерттейсің бір күн сен мені,
Ойларымның өлгені қанша... өнгені.
Қара қылды қақ жарып сөйле сарапшым,
Есікке қарай сүйреме басты төрдегі.
Бағаңды бер артық айтпа, кем айтпа,
Құлдық ұрам періште жырды мұңайтпа.
Және де менің тағдырымды тапсырма,
Жылпос қуға, жымықа сұмға, суайтқа.
Не айтсаң да қа, қарасын сөйле өзің,
Басқаның маған кигізіп жүрме көйлегін.
Қанат жалғап ұшырмай-ақ қой аспанға,
Ақын қалмаса қалар дейсің жерде кім?!
Зерттейсің мені, кешікпей сен де келесің,
Тапсырдым саған ертеңімді, төрешім.
Жалғанда мынау жебейтін тәңірім сен ғана,
Жетім құлын ем, ембеген дұрыс енесін.
Қалың жүні басып тұрған денесін,
Тапсырдым саған болмысымды төрешім!
******
Поэзия - сезім нәрі сымбатты,
Басқан жерін, жүрген ізін гүл жапты.
Алпыс екі тамырыңды иітіп,
Сырлы сазын, сиқыр назын тыңдатты.
Әр жолынан шаттық күйі естіліп,
Әр жолында жан тербетер мұң жатты.
Табиғаттың тас емшегін жібітіп,
Ақ қайыңның жапырағын жырлатты.
Оның үнін ақын ғана түсінер,
Сондықтан ол адамзатқа қымбатты.
Поэзия - арман, ару, періште,
Айналасын лық толтырған жеміске.
Қажет етсең айналады өріске,
Айналады толқып жатқан егіске.
Уақыттың ұлылығын айтады,
Шындығыңды шығармайды теріске.
Сол арқылы түсінеді адамдар,
Әлемдегі тартылыс не, тебіс не?..
Қантамырын замананың бақылап,
Бастайды ылғи жақсылыққа, өр іске.
Оның тілін нақ түсінген шын ақын,
Мәңгілікке жетеді екен жеңіске...