Авторлық ертегі
Ай деп айға, күн деп күнге қонған көбелек
Күндердің бір күнінде жер бетін қараңғылық басыпты. Түнектен құтылатын амалды жер бетіндегі бірде-бір тіршілік иесі таба алмапты. Күн сәулесін жерге қайтарам деп кеткен небір білгірлер мен батырлар қайта оралмапты.
Сол қараңғы түнекте сүйкімді көбелек өмір сүрген екен. Ол өте мейірімді болыпты. Қараңғылықты пайдаланған тіршілік иелері бірін-бірі тонап, ұрып, небір бассыздықтарға барыпты. Сондай күндердің бірінде көбелек ұшып келіп бір мамықтың үстіне қоныпты. "Маған көмектесші" деген әлсіз дауыстан көбелек ыршып түсті. Сөйтсе, дауыс әлгі мамықтан шыққан екен.
- Маған айтып тұрсыз ба? – деді көбелек.
- Иә, мен әдемі аққудың мамығымын, мені көл бетіндегі сол аққуға жеткізсең, кез келген бір тілегің орындалады, - дейді.
Көбелек нәзік аяқтарымен мамықты әзер көтеріп, қараңғы түнек ішіне ұшып кете барды. Шаршаса да түсірмеуге бел буған көбелек күндердің бір күнінде әлгі аққуды тауып, мамығын табыстайды. Әл-дәрмені құрыған көбелек сөйлеуге шамасы келмей, көл үстіндегі қамысқа қона кетеді. Көзі ілініп, қанаттары салбырап отырған көбелекті бір жарық сәуле елең еткізді. Қараса, әлгі аққу көл бетінде әдемі ару қызға айналыпты.
- Қанша нәзік болсаң да, өзіңнен үлкен жүкті көтеріп әкеліп ерлік жасадың. Бір тілегіңді орындайын, – дейді аққу.
Көбелек қайырылған ұзын кірпіктерін тез-тез қағып, ару қыз кетіп қалатындай, тез-тез сөйлеуге тырысты.
- Менің тілегім аспандағы ай мен күнге бара алсам... - деді.
- Сол ма тілегің? Неге өзіңе мәңгілік ғұмыр тілемедің? - деді.
Көбелек үн қатпады.
- Тыңда, Ай десең айға, Күн деп айтсаң күнге барасың, тілегің орындалды, – деп аққу ғайып болды.
Көбелек сенер-сенбесін білмей дауысын қаттырақ шығарып:
- Күн! - деді.
Міне ғажап... шынымен де күнге келіп қонды. Ыстығы бет шарпыған Тәккапар Күн:
- Әй көбелек, жанып кетем деп қорықпай қалай келдің? – деді.
Сонда көбелек:
- Күн, сен болмасаң, жер бетінде өмір жоқ, сол үшін келдім, – деді.
Күн:
- Нәзік болсаң да батыл екенсің, жер бетіне нұрымды түсірейін, - депті.
Қуанған көбелек рахметін жаудыра берді. Дауыстап тұрып ай деп үн қатып, айға да өз тілегін айтқан еді. Ай да келісімін білдірген екен. Содан бері жер бетіне Ай мен Күн кезектесіп өз сәулелерін шашып тұрады екен. Ал көбелек болса, Ай деп айға, күн деп Күнге қонып жер бетінің амандығын тілеп жүреді екен.